Табиғат • Бүгін, 00:22

Семейде орман тұқымбағы ашылды

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген бабаларымыз экожүйенің тепе-теңдігін терең түсінгендіктен айтса керек. Осы ретте еліміз үшін «Семей орманы» орны бөлек. Оны от пен отаудан қорғау өз алдына, оның генетикалық тұқым қорын сақтау да маңызды мәселе, деп хабарлайды Egemen.kz.

Семейде орман тұқымбағы ашылды

 

Былтырдан бері Экология және табиғи ресурстар министр­лігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Дүниежүзілік қормен бірлесіп еліміздегі ландшафттарды тұрақты қалпына келтіруді қолға алғаны белгілі.

Қазір әлемде өсімдіктердің биоалуан­түр­­лілігін сақтауға арналған ауыл шаруашылығы да­қыл­дарының, табиғи флора­ның, жеміс өсімдіктерінің және т.б. мың­нан аса тұ­қым қоры бар. Ал еліміз кейін­гі он­жыл­дықта ормандардың азаюы­ және орманның табиғи алуан түр­лілігінің жойылу проблема­сына тап келіп отыр. Алайда қа­зақ жерінде орманды қалпына кел­тіру және экожүйені сақтау­да маңызды ағаш, тал түрлері тұ­қымдарының ресурстары мол екенін айтады мамандар.

Осыған орай, «Бүкілқазақстандық көшет отырғызу күні» экологиялық акциясы аясында Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында орман тұқымбағы ашылды. Оған облыс әкімі Берік Уәли, «Семей орманы» мемлекеттік табиғи реверватының қызметкерлері, сала мамандары мен белсенді жастар қатысты.

Тұқымбақтың жалпы аумағы 100 гектарды құрайды. Құрылысы 2026 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Тұқымбақта қылқан жапырақты және жапырақты ағаштардың егістік алаңы, жабық тамыр жүйесіне арналған контейнерлік жылыжайлар, шеберханалар, қоймалар, кеңселер салынатын болады. Сондай-ақ 3 гектар аумақта инженерлік желілер мен қосалқы алаңдар орналасып, 5 гектар жер аналық плантациялар мен тұқымбағына арналады.

Ресми деректерге сүйенсек, биыл облыста 65 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды. «Семей орманы» аумағындағы өрттердің салдарын жою үшін жыл сайын 20 миллионнан астам қарағай егіледі. Бұл іс-шаралар орман қорын қалпына келтіруге және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталып отыр. Жаңа орман тұқымбағы облысты көгалдандыруға, өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға ықпалын тигізуге тиіс. Сондай-ақ, Семей қаласының сол жағалауында жасыл белдеу құру көзделген.

Аймақ басшысы жоба өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға және орман қорын қалпына келтіруге бағытталған маңызды бастама екенін айтты.

«Бүгін біз «Бүкілқазақстандық көшет отырғызу күнін» және орман тұқымбағының салтанатты ашылуы сынды ерекше маңызды екі іс-шараны атап өтуге арнайы жиналып отырмыз. Бұл бастама – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшет отырғызу және еліміздің орман қорын ұлғайту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында қолға алынған игі істердің жалғасы. Президентіміздің бұл игі бастамасы қазіргі әлемдік экологиялық жағдаймен қоса халқымыздың бай танымымен де астасып жатыр. Ұлтымыздың экологиялық мәдениеті талай ғасырлардың сынынан өтіп, ұрпақ тәрбиесінің маңызды бөлігіне айналғанын баршаңыз жақсы білесіздер. Сондықтан халқымызда «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген дана сөз бар. Тұқымбақ қолайлы жерде орналасқан. Жанынан Ертіс өзені ағып өтіп жатыр. Ағаш көшеттерін көбейтіп, жасыл аймаққа айналдыруға таптырмас орын. Сонымен қатар, бүгін біз орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өтудеміз. Табиғатты қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген сала мамандарын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында жасыл байлығымыз – орманымыз сақталып, ұлғайып келеді. Өңір экологиясын жақсартып, туған жерімізді көзіміздің қарашығындай қорғау – баршамыздың отан алдындағы қасиетті борышымыз. Табиғатты аялау ұлт болашағына қызмет ету екенін естен шығармауымыз керек», деді облыс әкімі.

Жиында орман саласының мамандары тұқымбақтың Семей қаласы үшін маңызы зор екенін айтты.

«Қазір зейнеткермін. Осындай игі шараларға үнемі атсалысып, қолдау көрсетуге тырысамын. Бүгін немерелерімді ертіп келдім. Тұқымбағымыз көркейіп, ағаштары жайқалып өсе берсін. Бұл – Семей қаласы үшін өте қажетті жоба. Осы тұқымбақ арқылы ағаштарды сатып алмай-ақ, өзіміз өсіре аламыз», – деді Құрмет Мұхамадиев.

Аймақ басшысы ашылу салтанатынан кейін орманшылармен және жастармен бірге ағаш көшеттерін отырғызуға қатысты. Іс-шара барысында тұқымбаққа он мыңға жуық қылқан жапырақты және жапырақты ағаштардың көшеті егілді.

«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Семей қаласында алғаш рет 75 мың ағашты толық түгендеуді қамтитын дендрологиялық жоспар әзірленді.

Абай облысы