Спорт • Бүгін, 17:50

Темірлан Анарбеков үздік қақпашылардың үштігіне енді

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматының «Қайрат» командасының қақпашысы Темірлан Анарбеков UEFA Чемпиондар лигасында тамаша өнер көрсетіп, Sofascore статистикалық порталының ең жоғары 10 балдық бағасын алған санаулы қақпашылардың бірі атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Темірлан Анарбеков үздік қақпашылардың үштігіне енді

Фото: Instagram/f.c.kairat

22 жастағы Темірлан Анарбеков «Қайраттың» сапында Чемпиондар лигасындағы алғашқы ойынында-ақ жанкүйерлердің сенімін толық ақтады. Кипрдің «Пафос» клубына қарсы өткен кездесуде ол қарсыластардың бес қауіпті соққысын сәтті тойтарып, қақпасын сақтап қалды. Нәтижесінде матч 0:0 есебімен аяқталып, Анарбеков команданың үздік ойыншысы атанды.

Sofascore платформасы қазақстандық қақпашының бұл жетістігін ерекше атап өтті. Ресми жазбада оның жарақаттан кейін алаңға алғаш рет шыққаны және бірден тарихи нәтижеге қол жеткізгені айтылған. Осылайша, Темірлан Чемпиондар лигасының тарихында ең жоғары – 10 балл алған бар болғаны үшінші қақпашы ретінде тіркелді.

Айта кетейік, халықаралық деңгейдегі спорттық бағалау жүйесі саналатын Sofascore футболшылардың көрсеткіштерін нақты деректер негізінде есептейді.