
Маңғыстау облыстық туризм басқармасының мәліметінше, тараптар Маңғыстау облысының туристік әлеуетін ілгерілетуге, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ тұрақты және оқиғалы туризм саласында тәжірибе алмасуға бағытталған өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту туралы уағдаласты. Меморандумға қол қою Қазақстан мен Түркия арасындағы халықаралық әріптестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды.
Uluer Group компаниясы – Каппадокия мен Танзанияда әуешар ұшыру бағытында жетекші операторлардың бірі. Компания «Mangystau Balloon Festival» жобасын жүзеге асыруға қызығушылық білдірді. Бастама аясында 2026 жылдан бастап Бозжыра, Тұзбайыр, Шерқала және Айрақты секілді көрікті табиғи ландшафттар үстінде әуешарлар шеруін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Жоба компанияның өз қаражаты есебінен іске асырылатын болады.
Биыл жылдың соңына дейін Uluer Group компаниясының бас директорының Маңғыстау облысына сапары жоспарланған. Сапар барысында әлеуетті локацияларды зерделеу, маршруттарды техникалық бағалау және әуе шары туризмін іске асыруға қолайлы аймақтарды анықтау көзделіп отыр. Аталған жобаны жүзеге асыру Қазақстанның жаңа туристік брендіне айналып, шетелдік инвестиция тартуға, жұмыспен қамтуды арттыруға, сондай-ақ Маңғыстау облысының Орталық Азиядағы оқиғалы туризм орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтуға мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысы