
Суреттерді түсірген – автор
Ат-көлік аман-есен елге жеткен соң үш-төрт күндегі көрген-түйгенімді бірден қағазға түсіре қоймадым. Ең әуелі ғалым ағамыз Рахметқажы Берсімбай мен шежіреші ақсақал Пионер Мұхтасыровтың танымдық, тарихи кітаптарын шолып шыққам. Қос кітап та Таулы Алтай өлкесінде қалып кеткен ағайындардың тарихын түгендейді, шежіреден сыр шертеді...
Қарап отырсақ, төрт мемлекеттің шекарасында жатқан қарт Алтайдың төрт жағын да өзіміздің ағайындар иен жайлапты. Біз бара жатқан Қосағаш ауданында 9 мыңға жуық қазақ тұрады десек, ауданның 90 пайызға жуығы қазақ ұлты. Қалғаны Алтайлықтар... Тарихта төлеңгіттер деп те атайды оларды. Әйгілі «Үкөк ханшайымы» табылған Үкөк жазығы да осы өңірде. Әйтеуір тарихты қозғадық, әрісіне үңілсек, араласып-құраласып отырған ел өткен ғасырдың 30-жылдары үшке бөлінген. Бай өлке Моңғолияға қараса, Қосағаш пен Жазатыр Ресейдің Таулы Алтайына қосылды. Біздің білуімізше, «Катонқарағай мен Жазатыр арасындағы жолдың қиындығы жұртты әуреге салды» деген сылтаумен Шыңғыстай болыстығынан бөліп әкеткен. Күні кеше ат суарып жүрген Қатын өзені де арғы бетте қалды. Байқасақ, бұл өңірдегі жер-су атаулары түгелдей дерлік түркілерден тамыр алады. Тіл икеміне қарай азды-көпті өзгеріске ұшыратқаны болмаса, расымен түп-төркіні өзімізден өрбіген.
Тамыздың соңына қарай жолға қамдандық. Ғалымдардан жасақталған сапарды Берел қорық-музейінің директоры Алмас Сарбасов бастады. Олардың көздегені таңба іздестіру екен. Кәнігі қарапайым таңба. Осы күнге дейін сақталған ру-тайпалардың таңбаларынан бастап малға басатын табро таңбаға дейін зерттеп, зерделеп қағазға түсірмек. Үзеңгілес болған PhD, археолог Самат Самашев таңбаның ғылыми ғана емес, басқа да маңызы барын тілге тиек қылған.
– Әр халықтың өзіне тән таңба-белгілері болған. Уақыт өте формасы өзгерген шығар. Бірақ қоғамдағы функциясы сол қалпы. Ертеде жолаушы жолында ешкімді жолықтырмаса да кімнің елінде жүргенін жартас бетіндегі, құдығындағы суреттерге, малының ен-таңбасына қарап білген. Қазіргі заманда да осы қағидат сақталған. Әр елдің шекарасында өзіне тән таңбасы бар. Бұрын шебер өзі жасаған бұйымына қол таңбасын қойса, бүгін кез келген тауарда кәсіпорынның логотипі болады, – деп Самат Самашев қаладан шығар-шықпастан сапардың тақырыбын тарқатқан.
Әр әңгіменің басын шала отырып, Қазақстан-Ресей шекарасына дейінгі оғыр-шоғыр жолды да артқа тастаппыз. Шекара бекетіндегі ұзын-сонар кезектен сәтімен өтсек, одан кейінгі жол теп-тегіс. Змеиногорск, Барнауылды басып өтеміз. Змеиногорск десе, жазушы Дидахмет Әшімханның «Катонқарағайдың тарихы Змеиногорскіде жатыр» деген сөзі әлі құлағымда. Алаңсыз архивін ақтаруға мүмкіндік болса шіркін, қаншама қазына жатыр? Катонқарағай мен Қосағаштың бөлінуі туралы құжаттар да сол жақтың мұрағатында қатталған десетін үлкендер.
Зулағаннан зулап, Алтай аймағының орталығы Барнауылға қас қарая іліндік. Қаланы қақ жарып, Объ өзені жылыстайды. Сәулетті қалада құрылыс қарқынды. Бір шетінен зәулім үй соғып жатса, орталығында техникалар асыр-гүсір жол салып жүр. Дамылсыз дамып жатқандай көрінді. Арагідік кездесетін көнелеу ғимараттар Барнауылдың қазығы ерте, тым ерте қағылғанын аңғартады. Тап-тұйнақтай қалаға табанымыз тиер-тиместен Таулы Алтайға асықтық. Жан-жағымызды қызықтап отырған біздер көлікті жол-жөнекей тоқтата берген соң ба, жүргізуші түн аумай жетіп алайық деп дауыстаған. Әйтпесе, Қатын өзенін жағалай жатқан орыстың әйгілі жазушысы Василий Шукшиннің ауылын көрсек деп едік. Көргендер «құдай салмасын, керемет жасалған» деп ауыздарының суы құрып айтып отыратын. Үйі ғана емес, бүтін бір ауыл жазушыларына арналған. Өзіміздің Оралхан Бөкейдің ауылы Шыңғыстайды да рухани бір ортаға айналдырып жіберер ме еді. Ауыл ішіндегі жазушының кейіпкерлері тұрған үйлердің қабырғасына «Бес тиын» әңгімесіндегі Зәкеңнің үйі», «Мынау аппақ дүниедегі» Қожақтың үйі» деп тұрып жазып тастаса, келген қонақ ауылды аралап кете бармай ма? Біздікі айту ғой, ойдым-ойдым орталық көшеден «Оралханның музей-үйі» деген бір бағдар белгісін қоя алмай отырып, кейіпкерлерін түгендейді дейсіз бе? Әбдікерім болыс салғызған қос корпусты қарағай мектепті де талан-тараж еткенбіз. Сақтап қалсақ, рухани орта болар еді? Ұзақ жолда терезеге телміріп отырып, әр нәрсені осылай армандай береді екенсің.
Таулы Алтайдың іргесіндегі Манжерок ауылына түн ортасы жетіп, ат суыттық. Этимологияға салсақ, Мыңжүрек. Дұрысы да сол секілді. Бұдан әрі қарайғы ауыл атауларының да түбірі түркі тілінен тараған. Ол туралы қабырғалы қаламгеріміз Қалихан Ысқақ зерттеп, дәлелдеп жазғаны бар. Мыңжүректе бізді қарсы алып, қонақ қылған ағайынымыз Ақжол Қаршыға тамақтанған соң, орман арасындағы қарағайдан қиылған үйге алып барды. Қыс ұзақ деген Катонқарағай тамызда тамылжып тұрса, Таулы Алтайда күздің лебі анық сезіледі. Онымен қоймай, жаңбыр толассыз себелеген. Шың басына қырбақ қар түсіпті. Қарағай үйдің ортасындағы темір пешке қарағай жаңқаны үсті-үстіне салып, әзер жылыттық.
– Негізі ше, комфорт үйлер де бар. Ішкі жақтан келетін туристердің көбі осындай қарапайым үйге тоқтайды. Таудың мінезін сездіретін үйлер керек деп жатады. Шын ғой, бәрі қаладағыдай заманауи болса, несі қызық, – деп Ақжол ақталғандай болды.
Не десе де, қанағат қылмасқа болмайды. Жаздың күні жантая кететін бос қонақүй табу қиын мұнда. Туристер тіпті, келер жылдың сәуіріне дейін брондап қойыпты. Шүйдің бойы ала жаздай шүпірлеген халықтан босамайды. Қыс түссе, тау шаңғысы шырқап тұр. Өзіміздің Өр Алтайда да жаз соңы туристік маусымды жауып тастамай, шаңғы тебу, сырғанау сынды қысқы демалыс түрлерін ұйымдастырып қояр ма еді. Жол соқты ма, шытырлаған отқа қарап жатып, тұяқ серіппей қалғып кеткенбіз.
Ертесі ертемен қайта жолға шыққанбыз. Шүйдің су төгілмес тақтайдай жолы. Қатын өзенін жағалай отырып, Қосағашқа дейінгі 420 шақырымды қалай артқа тастағанымызды сезбедік. Жол бойы ерсілі-қарсылы ағылған көлік пен өзенді жағалай салынған саяхатшылардың үйлерінде есеп жоқ. Маңайы құжынаған халық. Басынан бор езгендей ағара ағып жатқан Қатын өзені біздің көзге ерекше ыстық көрінді. Жат жерде жатқанымен бастауы бізден, Мұзтаудың бауырындағы мұздықтардан сыздықтай шығып, асау өзенге айналады. Әйгілі шыңнан екі өзен шықса, бірі – Ақбұлқақ. Ол Берел ауылын қақ жара өтіп, Бұқтырмаға құяды. Екіншісі Алтайды аралай жылжып, Объқа қосылатын Қатын өзені.
Алтайдың қос қапталын тел емген елдің тіршілігі де ұқсас. Негізгі кәсіп көзі – мал мен туризм. Қосағаш ауылының іргесіндегі Төбелер ауылында тұратын ағайын Оразай Карановтың үйіне түсіп едік, жанталаса шөп үйіп жүр. Біз жақта шөп науқаны қызғанда елдің бір-біріне сәлем беруге мұршасы болмайды.
– Күні бұрын айтып қойғандарың жақсы болды-ей, әйтпесе түннің бір уағына дейін шөпте жүреміз, – дей келе құшағын жайды. Сыртта жүрген соң сағынатын сияқты. Ертедегі емін-еркін барыс-келіс болмаған соң біздің келе жатқанымызды естіп, күйіп тұрған тіршілігін ысыра тұрды. Әңгімесін айта жүріп, қазан көтерді, самауыр тұтатты. Ағайыннан алыстап кеткенімізбен, ата дәстүрді ұмытпай отырғанына риза болдық.
– Біздер ғой, салттан аттамадық, тілді сақтап келдік. Ендігі ұрпақ тілді ұмытып барады. Қазақ тіліндегі мектептер де жабылды. Ертең тарихын ұмытса, білмеймін, – дей берген Оразай Алтайұлы.
– Біздің де ойымыз сол ғой, – деп Самат Самашев әңгімені қостай жөнелді.
– Цифрлануға қарай малға басылатын таңба дәстүрі де жоғалып барады. Қазір ірі қараға чип қоя салады. Ал таңба деп отырғаным, біздің тарих. Жердің белгісі. Ертең заман қалай болады, кім білсін? Бірақ біз көпшілік мән бере бермейтін таңба, белгілер туралы мәліметті қағазға түсіріп, тарихқа басып қоюымыз керек, – деді нығарлай сөйлеп.
– Дұрыс-дұрыс, – деп дастарқан басындағылар да қолдап отырды.
Ас қайырылған соң ғылыми қызметкерлер Төбелер ауылының таңбасын іздеуге кіріскен. Ә дегенде қожайынның қорасында қыстырылып тұрған табро темірін суретке түсірді. Қос темірдің бірі «А» яғни Алтайұлы деген белгі болса, екінші «Т». Яғни Төбелер ауылының жылқысына басатын таңба. Аймақ азаматтары әлі күнге осы белгіге қарап, қай ауылдың малы екенін ажыратып отырады. Ғалымдар ауылдың бұрынғы белгісі де табыла ма деген оймен көне мазарларды да сұрастыра отырған. Сөйтсек, Жазатырдың жолында саманнан құйылған төрт құлақты бейіттер бар десті. Алайда айналшақтап жүріп бірде-бір белгі байқамады. Есесіне, Шыңғыстайда болыс болған Әбдікерім Ережепұлының жиен немересі Боштайдың басына тізе бүгіп, қол жайдық. Бала күннен естіп өскеніміз, 1911 жылы Семейде оқып жүрген Сұлтанмахмұт Торайғыров осы біз тұрған Қосағаш арқылы Шыңғыстайға барып, сабақ берген. Сонда ғой, Әбдікерім болыстың 17 жастағы Бағила есімді қызына ғашық болып, сөз салған. Ақынның сол тұстағы өлеңдерінің дені Бағилаға арналған деседі. Өкініштісі, болыс бұған қарсы болып, қызын атастырып қойған Шүй бойындағы ірі саудагердің баласы Ақсолтанға қырық түйе жасауымен ұзатқан. Ол туралы Рахметқажы Берсімбайдың «Жерұйығым – Жазатыр» кітабында да жазылыпты. Бағиланың көзін көрген үлкендер ай десе аузы, күн десе көзі бар, сұлудың сұлуы, отырыстың гүлі болған деп айтады екен. Ақындық өнері де көпшілікті тамсантыпты. Қол жайып, бет сипағанымыз міне, сол кісінің ұлының мазары. Оразай Алтайұлының айтуынша, Бағиланың бейіті де осы маңайда көрінеді.
Әр тасы тарихқа тұнған мекеннен аттанбас бұрын Жаңа ауылдағы «Алтай қазақтарының» музейіне де бұрылдық. Қосағаш ауданының өткені мен кеткені осынау өлкетану музейінде топтастырылыпты. Қаймағы бұзыла қоймаған ауданға енді қашан жол түсер, кім білсін? Қош, Қосағаш деп Бай өлкеге, байырғы бабам мекен еткен Бес Боғданың бөктеріне бет алдық.
Баян Өлгейде тарихшылар аймақ әкімінің қабылдауында болып, азды-көпті сұхбат құрдық. Аймақ басшысы Заңғар Есентайұлы екі ел арасын жақындату үшін Қытай арқылы қатынасудың тиімді жолдарын қарастырып жатқанын айтып қалды. Одан да өзге жоспарларын жайып салған. Жайып салғанымен, біз жазып сала алмаймыз. Ел үшін атқарылатын жұмыс нәтижесін уақыт көрсетеді.
Өскемен – Қосағаш – Өскемен