Аймақтар • Кеше

Сенімнің зияткерлік қуаты

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысында Рухани келісім күніне орай өзара сыйластық пен бірлікті насихаттау мақсатындағы түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр.

Сенімнің зияткерлік қуаты

Облыстық дін істері басқар­масының ұйымдастыруы­мен өткен «Ойлан, тап!» интеллектуалды ойыны сол игі істер­дің бірі. Сайыс үш кезеңнен тұрды. Сұ­рақтар еліміздің және Түркістан облысының тарихы, әдебиет, ұлттық салт-дәстүрлер, дін саласындағы заңна­малар және спорт тақырыптарын қамтыды. Қатысушылардың білімі мен тапқырлығын кәсіби қазылар алқасы бағалады. Тартысқа толы өткен интеллектуалды сайыстың жеңімпазы – Отырар ауданының құрама командасы 500 000 теңгені иеленді. Жүлделі ІІ орынды Сайрам ауданы және «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ командалары алса, үшінші орын Ордабасы және Төлеби аудандарына бұйырды. Сонымен қатар командалар арасында ұлттық нақыштағы киім үлгілерімен ерекшеленген Жетісай, Сарыағаш, Созақ аудандарының және «Балаби қари» құран жаттау орталығының құрамалары «Көрер­мен көзайымы» аталымына қаржылай ­сый­лықтарға ие болды.

Жүлдегерлер мен жеңімпаздарды марапаттаған облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев интеллектуалды сайыс қатысушылардың зияткерлік әлеуетін арттырып, шығармашылық ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, олардың отансүйгіштік сезімін, ұжым­дық рухын арттыратынын атап өтті.

Сондай-ақ Түркістанда Рухани келісім күніне орай діни конфессиялар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайту, саламатты өмір сал­тын насихаттау мақсатында спартакиада өтті. «Астана» спорт кешеніндегі сайысқа облыс аумағындағы діни конфессия өкілдері және дін сала­сындағы мекеме қызметкерлерінен құралған 8 команда қатысты. Жарыс жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды.

 

Түркістан облысы