Театр • Бүгін, 08:12

Терең ойға жетелейтін қойылым

60 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазір белгілі орыс драматургі Александр Сухово-Кобылиннің «Кречинскийдің үйленуі», «Іс», «Тарелкиннің өлімі» атты трилогиясы театрларда жиі қойыла бермейді. Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театры осы бір танымал трилогияның ортаңғы бөлімін «Іс № 20/25» деген атау­мен сахналады.

Терең ойға жетелейтін қойылым

Патшалық Ресейдің бю­ро­кратиялық маши­­на­­сы­ның жұмысын аяу­­сыз әшкерелеп, мазақ ететін Александр Сухово-Кобылиннің пьесаларын еліміздің орыс театр­лары жиі сахналайды. Енді, міне, сол мүйіздей қатып қалған жүйенің келбетін әжуәлайтын автордың туындыларына қазақ теа­трлары да назар аудара бас­тады. Пьесаны ақын-драматург ­Әлия Дәулетбаева аударып, бел­гілі режиссер Барзу Абдураззаков қойды.

Режиссер Б.Абдураззаков бұған дейін Шекспир, Чехов, Гоголь, Шиллер, Мольер сынды әлемдік деңгейдегі классиктердің шығармаларын ұлттық бояу қосып, суреткерлік сезімталдықпен, көркемдік-символдық тілмен ұштастыра отырып жаңаша үлгіде сахналап келді. Бұл жолы да сол үдеден шығып, қоюшы режиссер мен театр ұжымы пьесаны көрерменге дәл сол қалпында ұсынуға тырысыпты. Пьеса мәтіні бүгінгі қазақ көрерменіне түсінікті болатындай етіп лайықталғаны байқалады. Режиссер: «Сахнаға қоятын қызықты материал жоқ деп зарлай беруге болмай­ды. Әлем әдебиетінде сан түрлі тақырыптағы шығармалар жетер­лік. Сонымен бірге әлемдік драматургияда таза күйінде оригинал пьеса мәтінін табу қиын. Мәселен, Шекспир, Мольер секілді классиктер өзіне дейінгі жазылған «Отелло», «Ромео мен Джульетта», «Гамлет», «Тартюф», «Сараң» шығармаларындағы оқиғалар мен сюжеттерді дамытып, қайтадан жазып көрерменге ұсынғаны белгілі. Демек режиссерлер әлем драматургтерінің үздік шығармаларын пайдалана білуіміз керек», дейді.

л

Режиссер Александр Сухово-Кобылиннің үздік шы­ғармасын сахналау арқылы жалпы пьеса­ның мазмұнындағы кейбір ек­пін­ді тұстарды қайта қарастырып, толықтырулар енгізгені – құп­тарлық жайт. Мысалы, режис­сер қойылым басталғанда оқы­латын хатты (Кречинскийдің) ше­неу­ніктердің квартетіне бөліп берген. Хатты шенеуніктер квартеті бөліп оқыған соң драматургиялық қақтығыстың мәні, оқиғаның дамуы, екпіні мен ырғағы айқындала түскен. Сонымен қатар ұлттық мәдени кодтар – киім, музыка, рәміздер кең қолданылғаны­мен, олар уақыт пен кеңістікке бағынбайды. Режиссер осылай пьесаны өзіндік трактовкамен сахналай отырып, дәстүрлі заманауи өмір көріністерін де батыл үйлестіріп береді. Орын­даушылардың заманымызға сай киім үлгілері, Парижді еске салатын сахнадағы музыкалық фрагменттер (вальс), оқиға орнын­дағы үй, кеңсе жиһаздары бүгінгі көрерменнің өмірін де суреттеп жатқандай көрінеді.

Спектакльде қақтығысқа түсетін екі тарап та тапталған адами-азаматтық құқығын қал­пына келтіруді көздейді. Әді­лет­ті сот шешімін талап ететін ин­теллигент Мұрат пен оның қызы Гулидің кейпі, мемлекеттің заңды қадағалаушы һәм жазалаушы билік органдарының жемқор басшысының бейнесі, тіпті кеңсенің ұсақ шенеуніктерімен болатын текетірестің бәрі бүгінгі қоғамда болып жатқанын іштей мойындайсыз. Шындық пен әділдік үшін күресте жанын салатын бірінші жақтың өзі «пара беру керек!» деген тоқтамға келіп, битіне дейін сығып беретін әрекеті залдағы көрерменге етене таныс жағдаят екенін мойындамасқа лаж жоқ. Жағымпаздық, бюрократия мен парақорлық жайлаған құқықтық жүйенің алдыға тартар сылтауы мен уәжіне қарап, әділдік, заң үстемдігі деген ұғым­дар қандай сәтте бос сөзге айналатынын, әділетсіздіктің туы желбірегенде қарапайым адал адамның абыройының қалай тапталатынын спектакльден анық көруге болады.

л

Режиссер заңы тек қағаз жү­зінде жазылған, ал іс жүзінде бюро­кратия, немқұрайдылық пен зұ­лымдық салтанат құрған, іріп-шіріген сот жүйесі бар ауру қоғамның аллегориялық бейнесін шынайы суреттеп, спектакльдің маңызды сахналарына қосал­қы кейіпкер енгізіп, көрерменге қа­ра­та түйінді тәмсіл ойларын айтып отырады. Гүлдана Көшер­баеваның орындауындағы Рух ата­латын кейіпкердің монологі сахнадағы ситуацияларды тұ­жы­рымдап бағалауға, көтерген та­қы­рыптың философиялық астарын тереңдете түсуге көмектесіп тұр. Режиссер Рухты спектакль­дің түйінін жасаушы, маңызды ой-тұжырымды хабардар етуші маңызды кейіпкер­ге айналдыр­ған. Оның монологі қоюшы ре­жис­сердің қойылым көтерген та­қы­рыпқа суреткерлік көзқарасын, өзіндік позициясын танытады және бұл сахнадан өзекті де өткір есті­ле­ді. Рухтың «Үй туралы», «Қуаң­шы­лық туралы», «Соқыр мен сы­зат туралы», «Тау шыңындағы адам ­туралы» тәмсілінің әрқайсысы адам­­затқа ескерту секілді, терең ойға жетелейді. Мәселен, ол: «Мен бір үйде болдым. Ол ғажап еді. Әр­бір бағана – дұға тәріздес, әрбір өрнек – бір жырдай… Үй бір сәтте шаң мен күлге айналды. Құрттар билеген ел осылай құриды. Ары – әлсіздік. Ұяты – күлкі. Ашкөздік – кәсіп болған жерде. Үй қирағанда ешкім «Апат болды» демейді» немесе: «…Халық бос шелекпен қалды. Сол күннен бастап олар «шаң» іше бастады. Теледидардың шаңын. Сөздің шаңын. Мансаптың шаңын. Адам шаңнан бірден өлмейді. Ол жанды баяу сарқып, іштен шірітеді. Сол кезде сен халықтың көзіне қарайсың – олар солған топырақтай жарылған, Сызаттарды көресің. Сусыз – тіршілік мәнсіз. Сусыз – үміт өшеді. Себебі су – Құдайдың нышаны», дейді.

Рухтың аузындағы осындай әрбір сөз адамзатқа түскен «Інжіл», «Құран» секілді қасиет­ті көне кітаптарды оқығандай әсер қалдырады. Режиссер адам пендешіліктен, ашкөздіктен, азғындықтан айылын жимаса, ар­ты орны толмас өкінішке алып ба­ра­тынын, оны қалпына кел­тіру қиынға түсетінін осындай тәмсіл­дері арқылы ескертеді.

Спектакль суретшісі Мұрат Мәм­бетов сахна кеңістігін көр­се­тетін декарацияны дра­ма­тург­тің түпнұсқа мәтіндегі ремарка­сына сай көркем шешкен. Негізгі оқиға өтетін орын басты кейіпкер Мұраттың келісті салынған үйі, сол үйдің әсем безендірген залы мен шенеуніктер кабинетіне қойыл­ған үстелдер бір-бірімен қабысып, ортақ декорациялық шешім тап­қан. Еңселі үйдің терезесіндегі темір тор түрменің атмосферасын да береді. Әр жерге ілінген суретші И.Репиннің «Волгадағы бурлактар» танымал полотносы, Мао Цзэдунның портреті және сөрелерге қойылған түрлі папкалардағы істер қойылымның ішкі мазмұнын ширата түскен. Еңселі үш есік және көк мауытпен көмкерілген ресми мекемелер­дегі кеңсе үстелдері оқиға барысын­дағы әрекетті рет-ретімен жылдам ауыс­тырып, спектакльді үзіліссіз жалғастыруға қолайлы жағдай туғызады.

Актерлік ансамбль мен әртіс­тердің ойын өрнегі бүгінгі өмір сүру дағдысына сай игерілген. Жекеленген жас әртістер тарапынан кейбір сахналық образдың астары толық ашылмай жатса да, ансамбльдік ойынның шы­­на­йылығы көрерменді қойылым­ға елітіп әкетеді. Режис­сер әртіс­тің ішкі жай-күйін көрерменге сезіндіру үшін болмашы іс-қи­мыл, ым-ишаратпен ішкі драматизм­ді ашып беруге әрекеттенген. Тіпті екінші планда өнер көрсеткен әртістердің өзі алдыңғы шептегі спектакльдің кейіпкерлеріне айна­латын тұстар да жоқ емес. Бұған мысал ретінде Әлихан Жұма­­ға­лиев орындаған Елубай Мың­бай­ұлының сусылдаған сынаптай сах­на­лық бейнесін атауға болады. Күт­пеген жерден сумаң етіп кіріп келетін, ашпайтын есігі жоқ, өзі­нің қара басының пайдасын ойлау­ды ұмытпайтын кішкентай дең­гейдегі, бірақ, намыссыз, жағым­паз шенеуніктің образына тәнті болдық.

Қойылымдағы жоғары шенді басшы Барақбай Қошқарұлын сомдаған Асқар Жангелдиев сырт келбетінің өзі сұсты, қол астында­ғы қызметкерлердің үрейін алып, құтын қашыратын, қажет болса бәрін төрт тағандатып етігін жалататын, алдына арыздана кел­ген пақырларды мысымен жасқайтын, күшпен басып-жаныштаудан таймайтын НКВД тергеу мекемесінің жаналғыш офицерін көз алдыңызға әкеледі. Бұл деңгейдегі басшылардан береке таппаған Мұраттың бұдан зор басшыға барып арызданамын деп шешім қабылдауы тамұқтың келесі есігін ашты. Жоғарыға шағымын жеткізбекке бел байлаған бейбақтың ісі өнбей, үлкен басшының қабылдауына кіргенімен, шаш ал десе бас алатын топтың тепкісіне түсіп, оның шала-жансар денесін сүйрелеп шығарып тастайтыны шенділердің халық үшін емес, керісінше жұмыс жасайтынын әшкерелейді. «Апарып қоқысқа лақтырыңдар!» деген бұйрықты сөзбе-сөз орындаған баскесерлер Мұратты залдың ортасына лақтырғанда, көременнің көкейінде «халықтың ортасы Үлкен шенеунікке қоқыс орны болғаны ма?» деген сұрақ тудырады. Қойылымнан халық үшін емес, қалтасы үшін билік құрған топтың бар байлықты иемденетінін, датын айтқандарды түрмеге, жындыханаға тоғытып жазалайтынын байқадық. Спек­такль финалындағы Рухтың ке­йінгі монологі де осы ойымызды қуаттайды. Қойылым соңын­да бірінен-бірі өткен сұмпайы, сұс­ты, асқан қатыгез, тек жаза­лау­ға пейілді, жебірлер мен жыл­пос­тардың әрекеті өткір әшкереле­ніп, соңғы нүктесі қойылады.

Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театры қоғамдағы кертартпа күштердің жымысқы әрекетін әшкере ететін өткір спектакльді сахналап отыр. Қойылым басын­дағы шенеуніктер квартетінің көрер­мен залына қарата: «Сен, сен, сен, барлықтарың қақпанға түстіңдер. Не істеу керек? Беру керек, Бер! Бер!», дейтін көрінісі ұзаққа дейін қайталанып естен кетпей қойды. Көрермен сахнадан өзіне етене таныс кейіпкерлерді көре отырып, күлкіге қарық қылатын әрі қанжылататын әртістердің өнерін мойындамауы әсте мүмкін емес. Осындай күлдіре отырып жылататын, жылата отырып терең ойға жетелейтін қойылымды арнайы іздеп барып көретін көрерменнің қатары көп боларына сенгіміз келеді.

 

Аманкелді МҰҚАН,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты 

Соңғы жаңалықтар

Алматыда 6 мың жұмыс орны құрылды

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Республика күні Әл-Фараби көзімен

Республика күні • Кеше