Фото: gov.kz
17 желтоқсан күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылып, инвестициялық омбудсмен функциялары Бас Прокурорға жүктелген еді.
Жаңа комитет инвестициялар және инвестициялық қызмет саласында қадағалау жасап, инвесторлардың құқығын қорғау, олардың бұзылуының алдын алу және жолын кесу, құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою сынды маңызды міндеттерді жүзеге асырады.
Кеңесте сөз алған Бас прокурор Берік Асылов комитет заң бұзушылықтар болғаннан кейін жазалау ісімен емес олардың алдын алу бағытында қызмет етуге тиіс екенін баса айтты.
«Қадағалау шаралары нысаналы әрі алдын алу сипатында болуы тиіс. Біздің міндетіміз жазалау емес, заңсыз шешімдердің алдын алып, әділеттілікті уақтылы қалпына келтіру», деді Бас прокурор.

Осы бағыттағы жұмыстарды тиімді атқару үшін «Прокурорлық сүзгі» тетігі енгізіліп отыр. Аталған тетік енгізілген сәттен бастап прокурорлар 1100 шешімге қарсылық танытып, 400 тексеру, 480 әкімшілік іс жүргізу және 210 өзге де шектеу шараларының алдын алды. Нәтижесінде азаматтық даулардың саны – 32%-ға, ал инвесторлардың сотқа жүгінуі – 33%-ға қысқарған.
Қазір Бас прокуратура мен Сыртқы істер министрлігі бірлесіп ірі халықаралық және жоғары технологиялық инвесторларды қолдауға бағытталған «Жасыл дәліз» тетігін іске асырып жатыр. Бұл тетікке 137 инвестициялық жоба енгізіліп, олар бойынша 16 мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 5 жұмыс күніне дейін қысқартылған.
Бүгінде прокурорлар жалпы құны 76 трлн теңгені құрайтын 1 790 инвестициялық жобаны сүйемелдеуде. Жалпы сомасы 23 трлн теңге болатын жобаларды іске асырып жатқан шамамен 2 мың инвесторға нақты құқықтық көмек көрсетілген. Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде кәсіпкерлердің әкімшілік кедергілер мен негізсіз созбалаңға тап болуына қатысты 145 проблемалық мәселе шешілген. Инвесторлардың өтініштерін қарау кезінде уақытты созып кедергі келтірген 326 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған.