Аймақтар • 26 Желтоқсан, 2025

Жұмысшы еңбек адамдары ардақталды

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Білесіздер, 2025 жылды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы еңбек адамдарының жылы» деп жариялаған. Содан бері жыл көлемінде еңбек адамдарына деген ерекше ілтипат, құрмет көрсетіліп келе жатыр. Бұрын-соңды елене бермеген жұмысшы мамандарға көңіл бөлініп, көкке көтеріп жатырмыз. Бүгін Шығыста соның қорытындысы шығарылып, озат еңбеккерлер алғыс арқалады. 

Жұмысшы еңбек адамдары ардақталды

Жұмысшы мамандықтар жылын қорытындылауға арналған облыстық форумға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы еліміз үшін ерекше маңызға ие болды. Бүгінгі форум жыл қорытындысын шығаратын, нәтижелерді бағалайтын және өңір экономикасының дамуына үлес қосқан мамандардың еңбегін атап өтетін алаң. Жыл бойы осы бағытта айтарлықтай жұмыс жүргізілді. Жаңа мамандықтар ашылып, шеберханалар мен зертханалар кезең-кезеңімен жаңартылды. Биыл колледждерде оқуға 7 мыңнан астам орын бөлінді, – деді облыс әкімі айтулы іс-шарада.

Айта кетейік, жұмысшы кадрларды тиімді, сапалы даярлау үшін қажетті жағдайлар жасалып келеді. Оқу орындарына жаңа жабдықтар сатып алуға осы жылы 384 млн теңге және жөндеу жұмыстарын жүргізуге 180 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген.

Бүгінде 5 мыңнан астам студент дуалды оқыту жүйесі бойынша өндірістегі нағыз кәсіби мамандардың жанында білім алып жатыр. Бір жыл бұрын колледждерге қамқорлық қолдау көрсететін кәсіпорындар саны 30 болса, қазіргі таңда олардың қатары 200-ден асып отыр.

Шара шеңберінде білікті кадрларды даярлауда, дуалды оқытуды дамытуда және жұмысшы мамандықтарының оң имиджін қалыптастыруда жоғары нәтижелер көрсеткен өңірдің кәсіпорындары мен колледждері марапатталды.

Мәселен, «Жылдың үздік меценаты» номинациясы «Казцинк» ЖШС-ға, «Үздік әлеуметтік серіктес» номинациясы Өскемен титан-магний комбинатына, Үлбі металлургиялық зауытына, Өскемен жылу электр орталығына және тағы бірнеше кәсіпорынға берілді.

– Дуалды оқыту бойынша көрсеткіш көбейіп, 30-дан 200-ге дейін өндіріс мекемелері қолдау көрсетуге кірісті. Ол дегеніміз колледж үшін өте маңызды. Ертеңгі күні түлектер жұмыспен қамтылады. Әлемдік, республикалық байқауларда оқушыларымыз көзге түсіп, жүлдеге жетіп жатыр. Басталған жұмыстар жалғасын таба береді, – деді Өскемен жоғары политехникалық колледждің директоры Исатай Исин.

Ал «Үздіксіз білім беру серіктесі» номинациясы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне және Қазақстан-Американ еркін университетіне табысталды. Сондай-ақ WorldSkills, AgroSkills және Abilympics-2025 республикалық чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Шығыс Қазақстан облысының әкімі атынан бағалы сыйлықтар берілді.

Соңғы жаңалықтар