
Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Төрт кезеңнен тұрады
Экономист Жарас Ахметовтің айтуынша, елдегі банктердің несие беру тарихына қарасақ, оны төрт кезеңге бөлуге болады.
«Бірінші кезеңде трансформациялық реформалар мен экономикалық құлдырау қатар жүрді. Ол кезде несие көлемі ІЖӨ-нің бар болғаны 5%-ына дейін төмендеді. Екінші кезең 90-жылдардың соңындағы қайта қалпына келу уақыты болды. Экономикамен бірге банк несиесі де өсті, шарықтау шегінде 59%-ға жетті. Үшінші кезең жаһандық қаржы дағдарысынан кейін басталды. 2008 жылдан соң ел экономикасы бұрынғыдай жоғары қарқын көрсете алмады. Алдыңғы кезеңде банктер көптеген сапасыз қарыз беріп қойған еді, салдарынан бүкіл сектор ұзақ жыл бойы ауыр мәселелерді шешумен айналысты. Ақырында жеке секторға берілген несие ІЖӨ-нің 21%-ына дейін төмендеді. Төртінші кезең Жаңа Қазақстан бастамаларымен тұспа-тұс келді. Экономиканы жеделдету бағытында жаңа қадамдар жасалып-ақ жатыр, бірақ несиенің өсу қарқыны тым баяу. Қазіргі көрсеткіш – небәрі 25% шамасында», деп түсіндірді экономист.
Қалай мүдделі етеміз?
Экономист Бауыржан Ысқақтың сөзінше, бас банктің базалық мөлшерлемесі жоғары деңгейде (16,5%) тұрған кезде банктер үшін мемлекет шығарған бағалы қағаздарды сатып алу әлдеқайда тиімді. Өйткені тәуекелі аз, табысы тұрақты. Ал зауыттарға немесе өндірістік жобаларға несие берудің тәуекелі көп, қайтарымы да белгісіз.
Екіншіден, несие қайтпай қалу қаупі бар. Ресми деректерде ушыққан кредиттердің үлесі төмен көрінгенімен, іс жүзінде кешігіп жатқан, қайтарылмай жатқан қарыз аз емес. Үшіншіден, халыққа жедел несие беру банктерге ыңғайлы. Құжаты аз һәм кепілсіз, табысы тез. Ал кәсіпорынға несие берсе, оның бизнес-жоспарын зерттеп, кепілін бағалап, ұзақ келісімдер жүргізу қажет. Кәсіпорын алған қарызын қайтармаса, кепілді өндіріп алудың ұзаққа созылатыны тағы бар.
«Ең алдымен мемлекет тәуекелді бірге бөлісуі керек. «Даму» қоры арқылы кепілдік беру – соның бір жолы. Егер кәсіпорын несиесін қайтара алмаса, қарыздың бір бөлігін мемлекет өтейді. Бұл банкті батылырақ несие беруге итермелейді. Сосын ұзақмерзімді арзан қаржы беру де маңызды. Ұлттық банк немесе даму институттары арқылы ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласына жеңілдетілген несие желісі ашылуға тиіс. Құнды қағаздар нарығын дамытуды да естен шығармағанымыз абзал. Зауыттар мен компанияларға облигация шығарып, ірі инвесторлардан ақша тартуға мүмкіндік беру қажет. Тағы бір қадам – тұтынушылық несиеге шектеу қою. Халыққа кредит беруді азайтып, соның есебінен бизнеске несие беруді ынталандыруға болады. Сонымен қатар кепілді өндіріп алу мен банкроттық процедураларын жеңілдету маңызды. Егер заң неғұрлым тиімді болса, банктер тәуекелден қорықпайды. Тағы бір тетік – бәсекені арттыру. Елге шетелдік банктердің келуін жеңілдету қажет. Олар келгенде пайыздық мөлшерлеме түсіп, отандық банктер де бизнеске көбірек несие беруге мәжбүр болады», деді сарапшы.
Экономикадан тыс факторлар
Жарас Ахметовтің айтуынша, бұл түйткілдің экономикалық фактордан тыс, институционалдық кемшіліктері де бар. Солардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі – заң үстемдігі. «V-Dem» институты есептейтін заң үстемдігі индексі заңдардың қаншалықты әділ, ашық, болжамды, тәуелсіз әрі бірдей қолданылатынын көрсетеді. Егер заңдар әділ орындалмаса, мемлекеттік қызметшілердің әрекеті заңға сай болмаса, банктерге қосымша тәуекелдер пайда болады. Мұндай жағдайда банктер ұзақмерзімді несие беруге құлықты болмайды, себебі болашақтағы белгісіздіктің бағасы тым жоғары.
«Дүниежүзі бойынша заң үстемдігі индексі мен банктік кредит көлемінің арасында жоғары байланыс бар, корреляция коэффициенті 0,776-ға тең. Еліміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ғана әлемдік орташа деңгейге жақындай алды. Кейін заң үстемдігі әлсірей түсті. Бұл үрдіс 2018 жылға дейін жалғасты. Сосын қайтадан орташа көрсеткішке жақындай бастады. Тағы ірі фактор – жеке биліктің шоғырлануы. Қаншалықты билік тар шеңберде шоғырланса, соншалықты нарықтық институттар әлсірейді», дейді Ж.Ахметов.
Әлемдік статистикаға сүйенсек, жеке биліктің шоғырлануы мен банктік кредиттің арасындағы корреляция коэффициенті 0,803-ті құрайды. Ал бізде заң үстемдігі индексі мен жеке билік индексінің арасындағы байланыс тіпті күшті, коэффициент -0,96 деңгейінде. Бұл билік неғұрлым шоғырланған сайын, заң үстемдігі соғұрлым әлсірейтінін айқын көрсетеді.
Қажетті қаржы қоры жоқ па?
«2024 жылы ел бойынша негізгі капиталға 19,4 трлн теңге инвестиция салынған. Оның басым бөлігі, яғни 64%-ы – жеке инвесторлардың қаржысы. 21% шамасында қаражатты мемлекет бөлген. Ал қарызға алынған қаражаттың үлесі небәрі 10% болды. Соның ішінде банктердің бергені бар болғаны 3,8% ғана, яғни 741 млрд теңге», дейді Мәжіліс депутаты Дания Еспаева.
Экономист Айбар Олжай болса, банктердің балансында 2 млрд доллар шамасында қаражат бос жатыр деген болжамын айтады.
«Бұл қаражат банктердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп отыр. Бірақ олар көбіне тек азаматтарға тұтынушылық кредит беруге ғана қолданады. Яғни халық несие алып, тұтынуын арттырып жатыр, ал керісінше, экономика жобалар арқылы ақша таба алмай, бюджеттен қарыз алуға мәжбүр. Осындай жағдайда банктерде 1 трлн теңгеден астам қаржының бос жатуы экономикалық тұрғыдан алғанда орынсыз», дейді ол.