Шымкент • 08 Қаңтар, 2026

Шымкентте жағымсыз иіс қайта сезілді

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында жағымсыз иіс мәселесі қайта ушықты. Соңғы үш күннен бері қаланы басқан тұманмен байланысты түрлі болжамдар айтылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкентте жағымсыз иіс қайта сезілді

Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде жазба жариялап, ықтимал себептер мен жауапты тараптарды талқылауда. Көпшілігі ауаның ауырлап кеткенін, кейбір адамдарға тыныс алу қиындағанын айтып шағымданған.

Бұл жағдай эколог-белсенділердің де алаңдаушылығын туғызды. Қоршаған ортаны қорғау мәселесін жиі көтеріп жүрген экоактивист Сергей Ефремов оқиғаның артында адам факторы тұруы мүмкін екенін атап өтті.

– Терезе ашу мүмкін емес, бірден жөтел қысады, балалар көзіміз ашиды деп шағымданады. Дем алу қиын, мұрын қышиды. Қалада тұман тұрған сәттерде кейбір кәсіпорындар газды әдейі шығарып жіберуі мүмкін деп ойлаймын, – деді ол.

Қала тұрғындарының шағымынан кейін экологтар кезекті тексеру жүргізді. Сараптама қорытындысы ауа құрамында қауіпті қоспалардың жоқ екенін, барлық көрсеткіш белгіленген шекті мөлшерден аспағанын көрсетті.

Шымкент қалалық экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаевтың айтуынша, иіс сезілуі мүмкін, алайда ол адам денсаулығына зиян келтіретін деңгейден аспауы ықтимал.

– Иіс болуы мүмкін, бірақ ол шекті рұқсат етілген концентрациядан аспауы мүмкін. Егер норма бұзылмаса, денсаулыққа зиян жоқ деп есептеледі. Бүгін департамент мамандары да шығып, ауа құрамын тексерді. Қазіргі уақытта ешқандай асып кету тіркелген жоқ, – деді ол.

Сонымен қатар BAITAQ партиясының өкілдері қаладағы ауа сапасын уәкілетті органдармен бірге талқылады. Партия мүшелерінің пікірінше, мамандардың кәсіпорындарды жедел тексеруге өкілеттігі жеткіліксіз.

– Заңнамаға өзгеріс енгізіп, уәкілетті органдардың рөлін күшейту қажет. Қоршаған ортаны қорғау мәселесі басымдыққа ие болуы тиіс. Жауапты құрылымдарда полиция сияқты жедел әрекет етіп, бірден тексеру жүргізуге мүмкіндік болуы керек, – деді партияның Шымкент қалалық филиалының төрағасы Алтай Ордабеков.

Өткен жылы экология департаменті 30-дан астам кәсіпорынды тексерген. Анықталған заңбұзушылықтар үшін жалпы сомасы 40 миллион теңгеден асатын айыппұл салынды. Сегіз ұйымның қызметі уақытша тоқтатылған. Алайда жағымсыз иістің нақты себебі мен оны шешу жолы әлі де белгісіз болып отыр.

Соңғы жаңалықтар