Ғылым • 08 Қаңтар, 2026

Ұстаздар қолданыстағы заңның түйткілді тұстарын атады

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясы фракциясының мүшесі Ислам Сұңқар өңірлерге жұмыс сапары аясында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетіне барды, деп жазады Egemen.kz.

Ұстаздар қолданыстағы заңның түйткілді тұстарын атады
Университеттің профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен ашық форматта өткен кездесуде жоғары білім беру мен ғылым саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, оқытушылардың мәртебесін көтеру, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ студенттердің білім сапасын арттыру, оқу процесін жаңғырту мәселелері сөз болды.

Сонымен қатар шәкіртақы мөлшері, әлеуметтік қолдау, жатақханамен қамту және білім гранттарын бөлу тәртібі де назарға алынды.

Жиында университет ұжымы мен білім алушылар Мәжіліс депутатына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жоғары білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстарын ортаға салды. Қолданыстағы заңнамадағы кейбір түйткілді тұстарға да ерекше көңіл бөлінді.

Өз кезегінде Ислам Сұңқар жиында көтерілген әрбір мәселе бойынша пікір білдіріп, оларды заңнамалық деңгейде қарастыру мүмкіндіктері мен нақты шешу жолдарына тоқталды. Депутат білім мен ғылымды дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Айтылған ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, Мәжіліс қабырғасында қарастырылатынын жеткізді.

Кездесу соңында тараптар ашық диалог алаңдарының маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта да өзара ынтымақтастық пен тығыз байланысты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.

Соңғы жаңалықтар