Жұмыс сапары барысында аграрлық білім мен ғылымды дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Университет өкілдері ірі шаруа қожалықтармен тығыз байланыс орнату қажеттігін атап өтті. Бұл қадам студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алатын студенттердің шәкіртақы мөлшерін ұлғайту мәселесі де көтерілді. Аграрлық колледждердің басшылары оқу орындарына жер телімдерін бөлу және оқу-өндірістік процесті ұйымдастыру үшін ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз ету туралы ұсыныстарын ортаға салды.
Жигули Дайрабаев кездесуде көтерілген бастамаларды жүзеге асыру аграрлық салада білікті мамандарды даярлауға және ауылдық жерлердің тұрақты дамуына ықпал ететінін атап өтті. Ол барлық ұсыныс алдағы депутаттық қызметі барысында ескеріліп, жан-жақты қаралатынын жеткізді.