
Ақтөбелік экспедиция XVIII–XIX ғасырлардағы жалпы қазақ елінің және Ақтөбе өлкесінің тарихына қатысты едәуір деректі анықтады. Маңызды құжаттар іріктеліп, көшірмелері алынды. Сұрыпталған құжаттар баспаханадан шығарылып, тігіліп, істер жасақталып, №1248 арнайы қор құрылды. Сараптамадан өткен деректер ғылыми айналымға енгізілді.
Ақтөбе облысы мемлекеттік архивінің қорларына сақтауға алынған құжаттар арасында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы секілді Алаш арыстарына қатысты тың мәліметтер кездеседі. Атап айтқанда, Орынбор губернаторына Орынбор губерниялық жандарм басқармасы бастығының 1916 жылы 12 тамызда жазған №8680 құпия хатында мынадай жолдар бар: «Орал облысы губернаторының жеделхатында баяндалған газет редакторы Байтұрсынов пен қызметкерлер Бөкейханов пен Дулатовтың үкіметке қарсы әрекеттері туралы мәліметтерді талқылау барысында анықталғаны:
Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы, 42 жаста, бұрынғы мұғалім, Торғай облысы Тосын болысы №5 аулының қазағы, «Қазақ» газетінің редакторы. Байтұрсынов 1909 жылы Семей облысы Қарқаралы қаласында тұтқындалған және қазақтар арасында үкіметке қарсы насихаттары үшін есепке алынған. Ішкі істер министрінің нұсқауына сәйкес 1910 жылғы 10 наурыздан бастап 2 жыл мерзімге Далалық өлкеде, Жетісу және Торғай облыстарында тұруға тыйым салынған. Бұл нұсқау тергеумен анықталғандай, 1905 жылдан бастап әртүрлі уақытта үкіметке қарсы әрекеттерін ескере отырып жасалды...
Дулатов Міржақып, Торғай уезі Сарықопа болысының қазағы, 31 жаста, «Қазақ» газетінің тұрақты қызметкері және хатшысы, Байтұрсынов бір жаққа шыққан уақытында аталған газеттің уақытша редакторы болған. Дулатовтың өткен әрекеттері туралы келесідей деректер бар: Петропавл уезінің алқаптық соты №2 учаскесінің хат жазушысы болып қызмет істей жүріп, өзінің «Оян, Қазақ!» брошюрасын таратуға келгенде, 1911 жылдың маусым айында Семей қаласында тұтқындалған.
Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы, І Мемлекеттік Думаның мүшесі, ғалым-орманшы, «Қазақ» газетінің қызметкері және Самара қаласында тұрады. Қолда бар деректерге сәйкес Бөкейханов Кадет партиясы Самара комитетінің мүшесі; 1912–1913 жылдарда Самара социалист-революционерлер партиясының мүшелерімен байланыс орнатқаны белгілі болды» деп хабарланған (Ақтөбе облысының мемлекеттік архиві, 1248-қор. 1-тізімдеме. 112-іс. бет 5-8 парақ).
Орынбор губерниясы бас басшысының 1915 жылы 13 наурыздағы №1481 қаулысында: «Орынбор қаласында қазақ тілінде шығатын «Қазақ» газетінің 1914 жылғы №91 санында «Бұл нені білдіреді?» деген тақырыппен мына мазмұндағы мақала жарияланған. Осы мақалада: «Өтірік, дәлелденбеген қауесеттерді тарату арқылы қазақтар арасында Үкіметке өшпенділік тудыруға деген айқын ниетті көрсетеді» және «Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, мен, бас басшы, «Қазақ» газетінің редакторы Байтұрсыновты жоғарыдағы заң бұзушылығы үшін екі аптаға қамауға алу немесе 50 сом айыппұл салу туралы шешім қабылдадым», делінген.
Алайда Ахмет Байтұрсынұлы бұл қаулымен келіспей, Орынбор губерниясының бас басшысына 1915 жылы 10 сәуірде: «Жоғары мәртебелі, Сізден ағымдағы жылдың 13 наурызындағы №1481 қаулысының көшірмесін беруден бас тартпауыңызды өтінемін. 1915 жылғы 10 сәуір, Орынбор қаласы. Өтініш мемлекеттік баж салығымен төленді. «Қазақ» газетінің редакторы (қолы) А.Байтұрсынов», деп өз қолымен өтініш жазып түсірген.
А.Байтұрсынұлының осы өтініші қайта қаралып, оның қорытындысымен 1917 жылы 16 қаңтарда Басқарушы Сенаттан Орынбор губернаторына «Қазақ» газетінің 1914 жылғы №91 санында жарияланған «Бұл нені білдіреді?» деген мақаланың мазмұнында да, ұсынуында да жоғарыда аталған міндетті қаулыны бұзудың белгілері жоқ. Қаулының күші жойылсын, ол туралы орындау үшін өтініш берушіге хабарландыру және Орынбор губернаторына 1915 жылғы 16 мамырдағы №2908 баяндауына жауап ретінде жарлық жіберілсін» деген Жарлық жіберілген (АОМА. 1248-қор. 1-тізімдеме. 113-іс. 10–14
парақ).
Табылған архив құжаттары тарихтың талай сырын ашады деп үміттенеміз.
Жасұлан Сүлейменов,
Ақтөбе облысы мемлекеттік архивінің ғылыми қызметкері