Мәдениет • Кеше

«Voice Beyond Horizon»: Димаш Құдайберген продюсерлік еткен жобасын таныстырды

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген продюсерлік дебюті  «Voice Beyond Horizon» халықаралық жобасын таныстырды. Еліміздің тарихи мекендері мен көз тартарлық табиғат құшағында түсірілген жоба Қытай Халық Республикасының Hunan Broadcasting System-мен бірлесе қолға алынған, деп жазады Egemen.kz.

«Voice Beyond Horizon»: Димаш Құдайберген продюсерлік еткен жобасын таныстырды

Таныстырылымға ҚР Президентінің кеңесшісі Әсел Жанасова, дүлдүл дарын  Димаш Құдайберген, Туризм және спорт вице-министрі Бауыржан Рапиков, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы, «Qazaqstan» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ернұр Бурахан, Hunan TV арнасының «Көкжиек дауысы» жобасының атқарушы продюсері Ван Чин және жобаның продюсері әрі бас режиссері Луо Синьсин қатысты.

Ауқымды жобаның түсірілімі еліміздің 6 өңірі Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстары, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларын қамтыған. «Voice Beyond Horizon-ның» түсірілім барысында 150 маман тер төккен. Ән додасында Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия өнерпаздары бақ сынайды.  Орындаушылар шығармашылық сапарды жүрдек пойызбен жасап, еліміздің туристік орындарымен кеңінен танысқан. Енді  «Voice Beyond Horizon» жобасының негізгі локациялары бойынша туристік маршрут құру жоспарланып отыр.

Ұлы Жібек жолының бойындағы Түркістаннан басталған жоба, Каспий теңізі жағасы мен табиғаттың тылсым сырын сақтаған Бозжырада жалғасын тауып, Алматы өңірінің інжу-маржандарын - Қайыңды көлін, Дүниежүзілік UNWTO туристік ұйымы әлемдегі үздік туристік ауылдардың бірі деп таныған Саты ауылын, Қапшағай су қоймасын, Ақмола облысындағы Көбейтұз көлі мен Щучинск-Бурабай курорттық аймағын паш етті.  Финалдық кезең елордада ұйымдастырылған.

Аа

«Осы жоба аясында көптеген құнды дүниелер мәдениет және туризмді дамыту тұрғысынан атқарылды деп ойлаймын. Байқауда қатысушылардың вокалдық мүмкіндіктеріне ғана ден қойылмай,  еліміздің көрнекті жерлерін көрсеттік. Туризм дамыса, экономикамызға үлкен септігін тигізеді деген ниет», Димаш Кұдайберген.

Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық тарихының жаңа парақшасын ашатын жоба түсірілімі бүгін мәресіне жеткен.

«Кейінгі 22 күн ішінде Қазақстанның әртүрлі мемлекеттік құрылымдарының жан-жақты қолдауының арқасында түсірілім тобымыз мыңдаған шақырымды артта қалдырып, бірегей қалаларға барды: көне Түркістанның тарихи үнін естідік, Каспий жағалауындағы Ақтаудың көркем көріністерінен шабыт алдық, «алма қаласы» атанған Алматының жылулығын сезіндік және футуристік Астананың қарқынды дамуын көрдік. Біз баға жетпес кадрларды таспалап, қонақжай жердің төрінен жүрекке жетер музыкалық із қалдырдық», деді Hunan TV арнасының «Voice Beyond Horizon» бағдарламасының продюсері және бас режиссері Луо Синьсин.

Ал табиғат аясындағы ән сайысын арнайы шақырылған халықаралық қазылар мен көрермендер бағалаған. Сондай-ақ екі дүркін «Грэмми» сыйлығының иегері Уолтер Афанасьев жоба аясында Түркістанда бой көрсеткен.

Мәдениет пен туризмді түлетуді көздейтін жоба аудиториясы 210 миллионнан астам көрерменге жететін Hunan TV телеарнасы мен Mango TV цифрлық платформасы мен «Qazaqstan» ұлттық арнасында қатар көрсетіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Voice Beyond Horizon» халықаралық жобасы жаңа жылдан кейін көрермен назарына ұсынылады.

 

 

Соңғы жаңалықтар