Қоғам • Бүгін, 08:10

«Тоқаев: көшбасшылардың бүгінгі шешімі болашақ ұрпақтың тағдырын анықтайды»

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзі халықаралық қауымдастыққа айтылған маңызды үндеулердің бірі. Қазақстан Президенті үлкен мінберден халықаралық институттарға сенім дағдарысы мен құқықтың бұзылуынан бастап, жаңа қарулану жарысы мен гуманитарлық апаттар және климаттың өзгеруіне дейін әлемнің басты қатерлерін атады. Президенттің негізгі ойы айқын: адамзаттың таңдауы ынтымақтастыққа, тепе-теңдікке және бейбітшілікке бағытталуы тиіс. Қазақстан үшін бұл сөз тек сыртқы саясаттағы белсенділіктің көрінісі ғана емес, сонымен бірге елдің ғаламдық үдерістерде жауапты қатысушысы ретіндегі рөлін бекіту. Енді өзіме маңызды көрінген Президенттің месседждеріне тоқталып кетсем.

«Тоқаев: көшбасшылардың бүгінгі шешімі болашақ ұрпақтың тағдырын анықтайды»

Халықаралық институттарға сенім дағдарысы

Президент БҰҰ-ның тиімділігі жиі сынға ұшырап отырғанын атап өтті. «Халықаралық құқықты өрескел бұзу жаңа қалыпқа айналды»,  деді ол. Қазақстан БҰҰ-ны реформалаудың, оның беделін күшейтудің және «орта деңгейдегі мемлекеттердің» дәнекер рөлін арттырудың қажеттігін алға тартты. Бұл жерде ескере кететін бір мәселе бар, БҰҰ-ны сынап жатқандар аз емес, бұл сынның күшейіп жатқанына әлемде болып жатқан дағдарыстар себеп болса керек, бірақ Қасым – Жомарт Тоқаевтың бұл ұйымның айрықша рөлін атап кетуі мен БҰҰ тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстары шын мәнінде бұл ұйымның әлем халықтарына алып келер пайдасын еселей түспек. Президент сенімнің неге азайып жатқанын да атап өтті.

Халықаралық құқықтың бұзылуы

Тоқаев БҰҰ Жарғысының негізгі қағидалары — егемендікті, аумақтық тұтастықты құрметтеу және дауларды бейбіт жолмен шешу — барлық елдер үшін бірдей қолданылуы тиіс екенін еске салды. «Әділетті әлемге апаратын жалғыз жол - қос стандарттардан бас тарту»,  деді ол. Әлемде белгілі бір мемлекеттерге халықаралық нормалар қатаң қолданылса, басқалар ол нормаларды орындауды міндет санамайды. Президент осы екі түрлі көзқарастың болмау керектігін алға тартады. Мұндай теңсіздік халықаралық құқыққа деген сенімді әлсіретеді. Сол үшін 80 жылдан бері бейбітшілікке үндеген БҰҰ жаңа тәсілдермен жұмыс істеу керектігін ұсынды.

Ядролық қатер және әскери шығындардың өсуі

Мемлекет басшысы қарусыздану мәселелеріне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, әскери бюджеттердің артуы мен стратегиялық тұрақсыздық жаңа қарулану жарысының қаупін күшейтуде. Қазақстан ядролық державалар арасында жаңа диалогты бастауға, Ядролық қаруды таратпау туралы шартты (ЯҚТШ) қолдауға және биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруға шақырды. Осы жерде Қазақстанның бастамалары символикалық ғана емес, тәжірибелік маңызға ие. Себебі, Қазақстан әлемде ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан санаулы мемлекеттердің бірі. Сондықтан Президенттің  мұндай ұсыныстарының астарында тарихи тәжірибе мен моральдық құқық бар.

Гуманитарлық дағдарыстар

Тоқаев Украина мен Газадағы қақтығыстарға тоқталып, бейбіт тұрғындардың зардап шегу ауқымын атап өтті. Ол гуманитарлық көмектің еркін жеткізілуін қамтамасыз етуге және дипломатиялық күш-жігерді арттыруға шақырды.
Қақтығыстардың түпкілікті шешімі қиын болғанымен, гуманитарлық салада нақты әрекеттер жасауға болады. Тоқаевтың ұсынысы Қазақстанның бейбітшілікке бағытталған сыртқы саясатының жалғасы болып табылады. Бұл тұста айта кетерлік жайт, Қазақстан өзін бейтарап делдал ретінде көрсетіп жатқаны түсінікті.

Экономикалық тұрақсыздық

Президент Қазақстанның тұрақты даму тәжірибесі туралы айтты. Алдағы уақытта ел экономикасының өсімі 6%-дан асады деп болжануда. Негізгі басымдықтар ретінде экономиканы әртараптандыру, энергетика саласын (мұнай, газ, уран, маңызды минералдар) дамыту және ауыл шаруашылығын экспорттық базаға айналдыру жоспарлары туралы да айтылды. Қазақстан әлемге өзін тұрақтылық үлгісі ретінде көрсетіп жатқаны әрине түсінікті. Әлемдік дағдарыстарға қарамастан, экономика өсімі — ішкі реформалардың тиімділігінің белгісі. Сонымен қатар, шикізаттық ресурстарға сүйенумен қатар, жаңа салаларға басымдық беру Қазақстанның ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. Тиісінше инвесторлардың қызығушылығы да артады. Инвестор тұрақты елге ғана келеді, өз қаражатын салса, тек сенімді, қауіпсіз елге салады. Ал біздің инвестицияға қаншалықты мұқтаж екенімізді барлығымыз жақсы түсінеміз.

Климаттың өзгеруі

Қазақстан алдағы 35 жылда толық декарбонизацияға қол жеткізу міндетін өз мойнына алады. Тоқаевтың айтуынша, «жасыл» энергетикаға көшу елдердің нақты қажеттіліктерін ескеріп жасалуы тиіс, ал баламалы энергия көздеріне инвестиция мен суды тиімді пайдалану стратегияның маңызды бөлігіне айналады. Мұндағы ескеретін жайт, дамушы елдер үшін жасыл энергетикаға көшу бір сәттік міндет емес. Бұл — ұзақ жол, үлкен шығынды қажет ететін үдеріс. Қазақстан осыған қарамастан нақты мерзім қойып отыр. Бұл елдің климаттық жауапкершілігін күшейтетін қадам.

Жаһандық қауіпсіздік қатерлері

Президент өз сөзінде бүгінгі халықаралық қауіпсіздік архитектурасының әлсірегенін ескертті. Жаңа қақтығыстардың алдын алу үшін әлемдік қауымдастық әскери риторикадан бас тартып, сенімді қайта орнатуы қажет. Бұл пікір халықаралық сахнада жиі көтерілгенімен, Тоқаевтың аузынан шығуы — Қазақстанның бейбітшілікке деген ұстанымының жалғасы. Елдің геосаяси орналасуы да осындай ұстанымды қажет етеді: еліміз үлкен державалардың ортасында тепе-теңдік орнатуға мүдделі.

Көшбасшылардың жауапкершілігі

Сөз соңында Тоқаев әлемдік көшбасшыларды болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінуге шақырды. «Біздің таңдауымыз — үстемдік емес, тепе-теңдік; қақтығыс емес, ынтымақтастық; соғыс емес, бейбітшілік»,  деді ол.

Меніңше бұл спичтің ең әсерлі, барлығына түсінікті аргументі болды. Бұл жерде әрине — уақыт факторы. Көшбасшылардың бүгінгі шешімдері болашақтағы бірнеше онжылдықтың тағдырын айқындайды. Сондықтан бұл үндеу тек саясаткерлерге ғана емес, бүкіл әлемге бағытталған кең ауқымды ескерту.

Бұл Қазақстан үшін нені білдіреді?

Әрине бұл сұрақты елімізде кез келген азамат қойып жатады. Халықаралық әрекеттер бізге не пайда алып келеді деген ойларды естіп жатамын. Сондықтан осы сұраққа да жауап бере кетейін. Президент Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясындағы сөзі Қазақстанның халықаралық саясаттағы орнын айқын көрсетіп берді. Қазақстан өзін тек аймақтық деңгейдегі емес, ғаламдық деңгейде бастама ұсына алатын мемлекет ретінде танытуда. Бұл елдің халықаралық беделін арттырумен қатар, сыртқы саясаттағы бейтараптық пен тепе-теңдік қағидаттарының шынайы іске асырылып жатқанын дәлелдейді.

Біріншіден, делдал рөлі. Қазақстан өз тарихында ядролық қарудан бас тарту арқылы әлемдік қауымдастықта бейбітшілікті ту ететін мемлекет ретінде танылған. Тоқаевтың сөзі осы дәстүрді жалғастырып, Қазақстанды жаңа геосаяси жағдайларда да «сенім көпірін салушы» ел ретінде бекітеді. Бұл Қазақстанды қақтығыстардың алдын алуда, гуманитарлық келіссөздерде және көпжақты диалог алаңдарын ұйымдастыруда маңызды ойыншыға айналдырады.

Екіншіден, экономикалық өлшем. Президенттің экономикалық өсім туралы мәлімдемесі тек сандарға сүйенген оптимизм емес. Бұл Қазақстанның ішкі реформаларының нәтижесі ретінде көрсетілді. Экономиканың 6%-дан артық өсуі елдің халықаралық әріптестері үшін сенімділік факторы болып табылады. Бұл – шетелдік инвесторларға «Қазақстан тұрақты әрі болжамды нарық» деген нақты сигнал.

Үшіншіден, «Әділетті Қазақстан» идеологиясы. Тоқаевтың әлемдік мінберден айтқан сөздері ел ішінде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік реформалармен үйлесіп тұр. Бұл ішкі реформалардың сыртқы саясатпен үндес екендігін көрсетеді: әділет, теңдік, тұрақтылық қағидаттары тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды құндылықтар.

Төртіншіден, климат пен тұрақты даму күн тәртібі. Қазақстан үшін бұл – қосарланған міндет. Бір жағынан, ел экономикасы энергия ресурстарына тәуелді, екінші жағынан, климаттық өзгерістерден зардап шегіп отырған мемлекет. Сондықтан декарбонизация туралы мәлімдеме Қазақстанның жаһандық климаттық саясаттағы жауапкершілігін арттырады. Бұл елдің болашақ ұрпақ алдындағы адалдығын көрсетеді.

Бесіншіден, геосаяси баланс. Қазақстан ірі державалардың мүдделері тоғысқан жерде орналасқан. Мұндай жағдайда бейтараптық пен тепе-теңдік саясаты тек ұстаным ғана емес, ұлттық қауіпсіздіктің басты кепілі. Тоқаевтың «бейбітшілік – біздің таңдауымыз» деуі – осы стратегиялық бағыттың ресми бекітілуі.

Қорытындылай келе, Тоқаевтың сөзі Қазақстанды тек аймақтық емес, ғаламдық деңгейдегі жауапты мемлекет ретінде көрсетеді. Бұл елдің халықаралық беделін күшейтіп, ішкі тұрақтылықты бекемдеп, «Әділетті Қазақстан» құру бағытын әлемдік құндылықтармен үндестіреді.

 

Максим РОЖИН, 

Мәжіліс депутаты

 

Соңғы жаңалықтар

2,4 миллиард несие берілген

Шаруашылық • Кеше