Руханият • Бүгін, 08:43

Мөңке би және қырғыз ақындары

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ пен қырғыз халқының мәдени, рухани, әдеби байланы­сының тамыры тереңде жатыр. Біз осы асыл арқауымызды жаңа заманмен байланыста салмақтай білуіміз қажет. Былтыр сәуірде Қырғыз Республикасы Президенті Садыр Жапаров бастаған делегация Астанада болып, қырғыз-қазақ зиялылар фору­мына қатысып, Манастың ескерткішін ашып, тарихи және бүгін­гі ынтымақтастығымызды жүйелі саралаған едік. Биыл тамыз
айында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Бішкекке келіп, М.Әуезов пен Ш.Айтматов сынды даналардың ескерткішін ашу салтанатына қатысып, бауырластықты биік деңгейге көтерді. Бұйырса, осы күндері Манас елінде қазақ-қырғыз зиялыларының форумы өтпек. Біз бұған бек қуаныштымыз.
«Манас» эпосында: «Ақ бөкеннің қылындай суырылысқан, ақ бидайдың ұнындай жұғысқан егіз ел» деп, қырғыз бен қазақты сипаттайды. Бүгін біз соның бір тарауы Орталық Азияға танымал Мөңке би жөнінде ой қозғамақпыз.

Мөңке би және қырғыз ақындары

Мөңке би Тілеуұлы – қазақ халқының атақты тұлғасы. Әйгілі Әбілқайыр ханның кеңесшілерінің бірі Мөңке би өз заманының дана хәкімі, сондықтан болашақты болжай білетін көрегендігімен   танылған. Поэтикалық қалыптағы асыл сөздерімен ұлт, халық, ел, әлем тағдырын саралап жеткізетін деңгейге көтерілген. Артына мықты философиялық ойлар қалдырған шешендік өнердің де хас шебері болды. Оның келешек оқиғаларға толы өсиеті, тіпті үш ғасыр өтсе де, өзектілігін жоғалтпағанына бүгінде қырғыз, қазақ халқы куә. Болашақты көре білген дананың бір шумағын ғана алып қарасақ, мәселен, «Адам ақысыз жұмыс істемейді» деуі – бүгінгі нарық заманының көрінісі. Немесе, «Ішкенің сары су болады, берсең итің ішпейді, Ит пен мысықтай ырылдасқан еркек пен қатын болады». Не деген көрегендік!

Мөңке бидің орынды сөзі қалың бұқараға тез таралып, халық сөзіне айналды. Қара қылды қақ жарып, шын­дықты ай­татын оның батыл да өткір сөзі халыққа ұнады. Тағы бір мысал келтірейік:

Ақыр заман келгенде:

Жер тақыр болар,

Халық пақыр болар,

Бала жетім қалар,

Әйел жесір қалар.

Қырғыздың заманын жыр­лаған атақты ақыны Арыс­тан­бектің шығар­машылығы Мөң­ке бидің дана сөздеріне өте жақын және ұқсас екенін көреміз. Тіпті екі тұлға туындыларында жолма-жол ұқсас­тықтар да кез­деседі:

Мөңке би:

Екі басын қасқайтып

Қайық шығар деп еді,

десе

Арыстанбекте:

Екі басын қайқайтып,

Қайық шығар деуші еді, –

деп айтылады.

Қырғыз еліне атағы жайыл­ған қазақ ақынының шығарма­шылығын қырғыз ақындарының жырларымен салыстыру өте қызықты әрі қажет.

Қырғыз халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, өмірге деген философия­лық көзқарасы, психологиясы бауырлас қазақ халқынан еш айыр­машылығы жоқ. Демек халықтың басынан өткерген заман­ның ауырлығы мен қиын­дығы, халқына, жеріне деген сүйіс­пеншілігі, табиғаттың кел­беті, болашаққа ұмтылысы, тілегі, мақсат-мүдделері – осы­ның барлығы екі халық ақын­дарының жақындығын көр­сетеді. Ақындар дана, ойлы болған. Олар өткенді немесе өз уақытын жырлап қана қойған жоқ, сонымен бірге болашақты көре, сезіне және келешек туралы ой түйе білген.

Заманын жырлаған қырғыз ақын­дары Қалығұл, Арыстанбек, Молда Қылыштардың шығар­маларына үңілсек, ұқсастық­тардың көп екенін аңғарамыз. Бұл ұқсастық, біріншіден, сол кездегі оқиғаларға қатысты болса, екіншіден, шығармалары ұр­пақтан-ұрпаққа ауызша беріліп, араласып кеткеннен болса керек. Расында, мұндай жағдайда олардың шығармашылығына мәтіндік талдау жасап, қай жол­дың кімдікі, кімнің әуелі жыр­лағанын нақты айту қиын.

Мысалы, қырғыз ақыны Қалығұл Байұлы халыққа мынадай жолдар қал­дырып кеткен:

Өңі сары, көзі көк орыс келер,

Ұзын шөптің барлығын орып келер,

Қысқа шөптің барлығын қорып келер.

Бұл – патшалық империяның жақын­дап келе жатқан бас­қыншылық істерін айшықты суреттейтін жолдар. Қалығұл Бай­­ұлы орыстардың қырғыз жеріне келуін жай ғана бол­жамай­ды, ол өзі естіген, жақсы білетін мәлі­меттерге сүйене отырып қоры­тынды жасайды:

Омбыға орыс толды дейд,

Бізді жылатар кезі болды дейд,

Алматыға орыстан

Әскер келіп қонды дейд.

Қазақты бүтін қаратып,

Бізді қақсатар кезі болды дейд.

Белгілі ғалым Бауыржан Омар­ұлы докторлық диссертациясында және одан кейінгі «Зар заман поэзиясы» атты ең­бегінде екі халықтың замана дүлдүлдері – Мөңке би, Бұқар жырау, Дулат Ба­батайұлы, Шортанбай Қанай­ұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Шо­қанұлы (Кердері), Қалығұл Байұлы, Арыстанбек Бұйлашұлы, Молда Қылыш шы­ғармаларын салыстыра отырып, көптеген ортақ дү­ниелерді тапқан, мә­тіндік талдау жүргізген. Ол былай дейді: «Қырғыз зар заман әдебиетінің көшбастаушысы Қалығұл Бай­ұлының «Ақыр­заман» толғауы – Мөңке бидің мұрасымен өте мазмұндас шығарма. Жердің тақыр болуы, ағайынның тас­бауырлығы, әйелдің ерге теңелуі хақындағы тұжы­рым­дар екеуіне де ортақ. Мөңке бидің айтқандары әр жерде, әр нұсқада жарияланып жүрсе, Қалығұлдың «Ақырзаманы» – ел ақындарының антологиялық жинағына енген тұтас дүние» (Омарұлы Б. Зар заман поэзиясы. –Алматы: «Атамұра», 2024. 73-74 бб.).

Қалығұл ақын халық күші мен билігінен айырылып, жер-су, мал-мүлік түгілі, ақыл-санасы тұтқынға түсіп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі өзгерсе ақыр­­заман дәуірінің белгісі ретінде көрсетеді. Ақынның дана­лығы былай дейді:

Туғаның қас болар,

Қораң бос болар.

Мінгенің ағаш ат болар,

Ығы жоққа жан беріп,

Иманына жат болар.

Тау тоғай болар,

Тоқал бәйбіше болар.

Сиыр пұл болар,

Құл би болар.

Осындай жолдар Мөңке би жырында да кездеседі. Мезгіл өзгермепті, қырғыз бен қазақ халқының өмірі тағдырлас болыпты. Патшалық Ресей жүр­гізген саясат екі халыққа бірдей әсер еткен екен.

Мөңке би былай дейді:

Еркегің қазаншы болады,

Әйелің базаршы болады...

Әйел ерге теңеледі,

Көл теңізге теңеледі,

Сиыр өгізге теңеледі.

 

Емшектері салпылдап,

Ұят жағы кем болар...

Міне осы ой Қалығұлдың шы­ғар­ма­шы­лығында төмен­дегіше берілген:

Тақиясын қолға алып,

Қыз жігітті қуалар...

 

Ері менен айтысса

Елде еркек көп деген

Қатын шығар.

Қырғыздың ел ақыны Арыс­тан­бектің шығар­машылығы Қалы­ғұл мен Мөңке би­дің мұрасына жақын. Оның «Тар заманында» да Ресей импе­риясының қырғыз же­ріне келуі туралы айтылады.

Бүгінгі күні Қалығұлды да, Мөңкені де сәуегейлігін бағалап, «қыр­ғыз­дың Нос­тра­­дамусы», «қазақтың Нострадамусы» деп атайды.

Қалығұлдың айтқандары:

Тегіс жерден диірмен шығар,

Тексіз жерден би шығар.

Қызыл шақа тиын шығар,

Шолақ етек шапан шығар.

Атасынан баласы қиын шығар.

 

От арбамен, тыңдаушым,

Жол қысқарар.

Етек-жеңі шолтиып,

Тоң қысқарар.

 

Қылса жұмыс бітпеген

Күн қысқарған замана

 

Мөңке бидің айтқандары:

Дүниенің жүзіне

Өре мен темірден жол тартылады...

Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,

Ай сайын бас қосқан жиын болады...

Бетіңнен алып түсер інің болады,

Ертеңіне сенбейтін күнің болады.

Қалығұл: «Күнде кеңес-жиын шығар» десе, Мөңке би: «Ай сайын жиын болар» дейді. Қалығұл «Тексіз жерден би шы­­ғар» десе, Мөңке би: «Жас баладан биің бо­лар» дейді.

Қорыта айтқанда, Мөң­ке бидің мұра­сы Арыс­танбек, Алдаш Молда, Сол­тобай, Молда Қылыш шы­ғар­ма­ла­ры­мен үн­дес. Бұл үн­дестік екі елдің рухтас­ты­ғы­нан туын­­дайды.

 

Абдылдажан АКМАТАЛИЕВ,

Қырғыз ғылым академиясының академигі, әдебиеттанушы

 

Бішкек