Аталған жарыста Дмитрий Панарин табысты өнер көрсетті. Қазақстан құрамасының ең үздік ойыншысы алғашқы айналымдарда Харшан Вамсиді (Үндістан), Прабхас Кумар Кусвахадты (Үндістан) және Виджаян Тамиларасукумарды (Малайзия) ойсырата ұтса, ширек финалда Конг Вэй Сянға (Малайзия) сан соқтырды. Жартылай финалда Конг Чжоу Суин (Малайзия) Панаринге жарытып қарсылық көрсете алмады. Ал финалда жерлесіміз аса шиеленісті бәсекеде малайзиялық Мохаммад Рушданнан 2:1 есебімен басым түсті. Сөйтіп, Дмитрий Панарин «Bangladesh International Series 2025» турнирінің жеңімпазы атанды.
Айта кетейік, Даккадағы додада Қазақстаннан бөлек, Бангладеш, Үндістан, Малайзия, Вьетнам, Аустралия, Таиланд, Иран, Непал, Сингапур, Англия, АҚШ, Оңтүстік Корея, Португалия, БАӘ, Индонезия және Канада құрамалары өнер көрсетті.