
Осындай мұраның қатарында агроном И.В.Аристовтың «Құрғақшылық пен жұтқа қарсы» деп аталатын 1927 жылы қазақ тілінде жарық көрген кітабы бар (Аристов Иван Васильевич. «На борьбу с засухой и джутом». Петропавловск: Акмолинск. губ. зем. упр-ние, 1927). Мұны ана тілімізде сөйлеткен – біртуар Алаш қайраткері Хайретдин Болғанбайұлы. Кітапты Алматы қаласындағы Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар қорында жүргізген ғылыми зерттеу жұмысымыздың барысында ұшырастырдық.
Бір қызығы, 1887 жылы туған И.В.Аристов Қазақстанның Жер-су комиссариаты жүйесінде қызмет еткен. Жоғары білімді маман. 1931 жылы 20 сәуірде «Трудовая крестьянская партия» қатарында кеңес өкіметіне зиянын тигізді» деген айыппен 10 жыл мерзімге сотталған. 1963 жылы 16 наурызда ресми ақталған.
Ерекше назар аударатын жайт: бұл – қаламгер Хайретдиннің аударма ісіндегі елеулі ізденісі. Бұған дейінгі Х.Ә.Болғанбайдың екі жинағына да осы тәржімесі енбеген. Қайраткердің өмірі мен шығармашылығын зерттеген алаштанушы Дихан Қамзабекұлы: «Хайретдин Әбдірахманұлы Болғанбай – сан қырлы қайраткер тұлға» деп сипаттай келе, оның халықаралық деңгейдегі қайраткерлігін, көсемсөздегі шеберлігін, ағартушылық қызметін, туған жерді жаңғырту бастамаларын атап өткен еді. Біздіңше, енді Хайретдин шығармашылығының аударма бағытын да арнайы қарастыру қажеттегі туынайды.
Хайретдин Болғанбай аталған кітапты 1927 жылы Қызылжар қаласында оқытушылық қызметте жүргенде аударып, сол кездегі төте жазумен (А.Байтұрсынұлы әліпбиі) жариялаған. Адресаты – ауылшаруашылық мамандары мен осы салаға баулынып жүрген шәкірттер екені түсінікті.
Хайретдиннің осы кітапты қазақ тіліне аударуының басты себебі оның қоғамдық-саяси қызметінен туындаса керек. Астана қаласының мемлекеттік архивіндегі №112-қорда біз кездестірген архивтік құжаттарға қарағанда, Хайретдин Болғанбай 1922–1924 жылдары Ақмола өңірінде аштыққа ұшырағандарға көмек көрсету үшін арнайы құрылған уездік комиссияның құрамында жұмыс істеген. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің №2-қорынан 1924–1928 жылдар аралығында Хайретдиннің оқытушылық қызметінен дерек беретін құжаттарды таптық.
Хайретдиннің ағартушылық қызметпен қатар шығармашыл Алаш қайраткерлеріне тән аударма ісімен айналысқаны – елеулі факт. Өзі туған өңірде қызмет атқарып, сол аймақтың жері мен табиғатына бейжай қарамаған қайраткердің агроном И.В.Аристов еңбегін аударуы – туған елі мен жеріне, оның шаруасы мен тіршілігіне деген жанашырлығының белгісі.
Кітапша мұқабасына «Қазан төңкерісінің 10 жылдық тойына қарсы Ақмола губерниялық жер бөлімінің елдегі қара шаруа қазақ халқына тартқан сыйы» деп арнайы жазылыпты.
Тәжірибелік бағыт ұстанған еңбек «Құрғақшылық деген не?», «Құрғақшылықпен күресу туралы орталықтың тапсырған жұмыстары», «Қайта жасалатын шаруашылықтарды іріктеп алу», «Қайта жасалатын шаруашылықтардың осы күнгі күйі», «Шаруашылықтар қандай бағытпен қайта жасалуға тиісті?», «Мал өсіру мен егін кәсібін бірдей қолданатын шаруашылықтарды қайта жасау», «Көшпелі шаруашылықтарды қайта жасау», «Шаруашылықтарды қайта жасайтын поселка ауылдарды іріктеу», «Шаруашылықты қайта жасау алдында не істеуге тиісті», «Шаруашылықтары қайта жасалатын халыққа қарыз беру», «Қайта жасалатын шаруашылықтарды қоныстандыру, жер өңдеу жұмыстары», «Қайта жасалатын шаруашылықтарды көліктендіру, және саймандандыру», «Қайта жасалатын шаруашылықтарға мал тұқымы мен астық тұқымын алып беру», «Қайта жасалатын шаруашылықтарға қарыз беру реті», «Шаруашылықтарды қайта жасағанда кооперацияның маңызы» атты тақырыптарды қамтиды.
Кіріспесінде «көрсетілген жұмыстар дұрыс жүзеге асса, «жақын уақытта қазақ халқын ежелгі жауы болған жұт пен құрғақшылыққа бағынудан құтқарып, оның шаруашылығын төңкерістен бұрынғы мөлшерден әлденеше есе артық шамаға көтеріп тастар...» деген ой айтылады.
«Кітапшаның мақсаты – елдегі қалың қара шаруаға осы жұмыстардың маңызын бажайлап ұғындыру. Соның үшін Ақмоланың губерниялық жер бөлімі осы кітапшаны орыс және қазақ тілдерінде бастырып таратып отыр» деген жазба да біраз нәрсені аңғартады.
Алғы сөзде: «...Саны едәуір болса да, біздің қазақ халқы да бұрынғы уақытта осындай ұсақ ұлттардың қатарында жүретін еді. Ол уақытта қазақ халқының барлық саясаттық құқығы, шынын айтқанда, міндеті – патша өкіметінің атарман-шабарманы болған азулы байларға бас иіп, бағынумен бірге сол патша өкіметінің отаршылдық саясатына барлық оңды жерлерін беріп қарап отыру еді.
Бұл халықтың шаруашылық, мәдениет тұрмысын ол уақытта ешкім ойламайтын еді. Қайта, қазақ халқының қалың ортасынан бұл туралы шыққан әртүрлі талпынуларды патша өкіметі бас салып, тамырын қиып, өсірмей тастайтын еді», деген И.В. Аристов пікірінің тарихи шындығын аудармашы сәтті жеткізген.
Сондай-ақ кітапшада құрғақшылық пен жұтқа қарсы атқарылатын жұмыстардың маңызы, осы бағыттағы Ақмола губернелік жер бөлімінің бірсыпыра аудандарда бастаған істері, сала мамандарының ізденістері, жаңашыл ауыл халқының арман-тілегі, өзекті мәселелерді шешу жолдары баяндалады.
И.В.Аристов кеңес өкіметіндегі жүйесіздікті де сыпайы сынап өтеді. Оның пайымдауынша, құрғақшылық пен жұтқа қарсы жұмыстар туралы газеттер бірен-саран мағлұмат берген, агрономдар мен ауыл халқының уәжі, осы бағыттағы жұмыстардың маңызы жұртшылық арасында кеңінен талқыланбаған. Мамандардың тапшылығы, жауапты орындардың әлсіздігі, бастамашылдықтың жоқтығы ортақ істі шідерлеген.
Бірақ қажетті жұмыс бұл күйінде қалмайтыны, жергілікті жерлерде жүзеге асатын жоба-жоспарлар, оның үлгісі тәптіштеліп түсіндіріледі.
Хайретдин Болғанбайдың аударма тілі жатық, ұғынықты. Кей тұстарда қазақ тұрмысына сай деректермен толықтырғаны аңғарылады. Тәржіме стилінде ХХ ғасырдың 20-жылдары лексикалық, терминологиялық тәжірибелері көрініс тапқан. Бұйырса, аударманың тілдік жағын да кәсіби мамандар қарастырады деп үміттенеміз.
Сонымен бұл еңбек – Хайретдиннің жаңа бір қырын ашуға мүмкіндік беретін құнды дүние. Тарихи тұлғамызды тануда оның жүріп өткен жолымен бірге шығармашылық мұрасының орны ерекше. Біз қайраткерге қатысты библиографиялық анықтамалыққа енетін деректің табылғанына қуаныштымыз. Хайретдинтану алдағы уақытта толысып, тереңдей түсетініне сенеміз.
Нұрлыбек ЕЛКЕЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ PhD докторанты