Дін • Бүгін, 08:43

Адамзатты ізгілікке үндейтін жиын

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада кезекті VIII Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өз жұмысын сәтті аяқтады. Әлемдік өркениеттер тоғысатын бұл шаһар дәстүрлі түрде рухани үн қосатын алаңға айналды. Жыл өткен сайын жиын жаңа мазмұнмен толығып, өзектілігі артып келеді.

Адамзатты ізгілікке үндейтін жиын

Съезд аясында дін көшбасшылары жаһандық сын-қатерлерді бірлесіп талқылап, қоғамдағы рөлін күшейту жолдарын қарастырды. Сонымен қатар бұл басқосу мәдениетаралық және өркениеттік кикілжіңдерді еңсеруде, сондай-ақ жаһандық татулықты нығайтуда дін қайраткерлерінің белсенді әрекет етуіне серпін берді.

Статистикаға сүйенсек, жер шарындағы халықтың шамамен 80 пайызы өзін бір дінмен байланыстырады. Демек діннің сөзі мен үндеуінің күші өте зор. Діни көшбасшылардың әр айтқан ойы, үндеуі, тіпті қарапайым әрекеті миллиондаған, миллиардтаған адамның өміріне ықпал ете алады. Сондықтан басты міндет – өз жамағаттарымыздың санасын ояту, адамдарға дұрыс бағыт-бағдар беру. Қазір қоғамда жеккөрушілікке, төзімсіздікке, алауыздыққа итермелейтін факторлар аз емес. Осы орайда дін көшбасшылары теріс құбылыстарға қарсы тұруға мейлінше әсер ете алады. Олар адамзатты ізгілікке, бейбітшілікке шақырып қана қоймай, жас буынға, әсіресе балаларға жол көрсетеді.

Бұл съезд – жай ғана жиын емес, бүкіл әлемнің дін жетекшілері бас қосатын халықаралық платформа. Бір жағынан мұндай жиын әр делегаттың ортақ мақсат жолында нақты қадамдарға дайын екенін аңғартады. Байқасақ, әлемдегі жағдайлар бір діннің шеңберіндегі мәселе емес. Сондықтан мұндай басқосулар өткір де өзекті жаһандық түйткілдерді ашық талқылап, ортақ шешім табуға жол ашады. Осылай ғана бейбітшілікті ұлттық деңгейде ғана емес, бүкіл әлемде нығайтуға мүмкіндік бар.

Қазіргі палестиналықтардың тағдырына саясат айрықша ықпал етті. Осы мәселе төңірегінде біз БҰҰ-ға жүгінеміз. Еске салсақ, өткен ғасырда екі дүниежүзілік соғыс миллиондаған адамның өмірін жалмаған соң, БҰҰ дәл осындай қасіреттерді болдырмау үшін құрылған еді. Халықаралық қауымдастықтар да бейбітшілікке қарсы бағытталған оқиғаларға үнсіз қалмай, батыл әрі нақты позиция танытуы қажет.

Мұндай кезеңдерде дін көшбасшылары да бейтарап қала алмайды. Олар діннің атымен жасалған озбырлықтар мен қылмыстардың шынайы сенім мен рухани құндылықтарға еш қатысы жоқ екенін ашық мәлімдеуге тиіс. Себебі дін көшбасшыларының миллиондаған ізбасарлары бар, олардың сөзі мен ұстанымы қоғамның моральдық бағдарын айқындайды. Жақсылық пен жамандықты ажыратып, әділет пен зұлымдықтың шекарасын нақтылау – дін қайраткерлерінің басты миссиясы.

Тарих көрсеткендей, саяси және діни күш-жігер біріккенде нақты шешімдерге қол жеткізуге болады. Әрине, дүниежүзінде көптеген конференция өтеді, түрлі мінберлерден әдемі сөздер айтылады. Бірақ бастысы – нақты нәтиже. Сол тұрғыдан қарағанда, Астанада өткен съезд сөзден гөрі іске басымдық беру қажеттігін көрсетіп отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде осыған назар аударды: дін көшбасшылары бейбітшілік пен келісімді ілгерілету үшін прагматикалық көзқарас танытып, шынайы нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылуға тиіс деді.

 

Шейх Мұхаммед бен Абдулкарим әл-Иса,

Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас хатшысы

Соңғы жаңалықтар

Оралу: рух күші

Руханият • Кеше

«Алисаның» қазақша нұсқасы

Ғалам ғажаптары • Кеше