
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
«Ақ жол» партиясы 2017 жылы Конституцияға өзгерістер ұсынылғанда да Сенатты қысқарту, бір палаталы Парламентке көшу туралы ресми ұсыныс жасады. Ол кезде бұл ұсынысқа билік қарсы болды. Бірақ біз өз пікірімізде қалдық, оны үнемі көтеріп келдік. Сондықтан осы жолғы бастаманы қолдаймыз.
Басты себептердің бірі ретінде айтсақ, Сенат – федеративті мемлекеттерге тән жүйе. Ресей, Америка сияқты елдерде жергілікті федерация мүшелері өз заңдарын, тәртіптерін, азаматтарға көрсетілетін қызметтерді өздігінше реттеуге құқылы. Ал біз унитарлы мемлекет болғандықтан, заң мен тәртібіміз бірыңғай, азаматтардың қай өңірде тұрса да құқықтары мен жағдайлары бірдей болуға тиіс. Сол себептен екі палаталы Парламенттің қажеті жоқ. Бұрын Сенат көппартиялы Мәжіліс үстінен қадағалаушы орган ретінде жұмыс істеді. Мәжіліс қабылдаған заң жобаларында билікке ұнамайтын нормалар болған жағдайда шенеуніктер Сенаттың құзыретін пайдаланып, сол нормаларды заңнан алып тастауға немесе тоқтатуға мүмкіндік алатын. Мұндай мүмкіндік болмауға тиіс, көппартиялы Парламент өз сайлаушыларының пікіріне сай қандай шешімдерге келсе, сол нормалар тікелей Президенттің қарайластырылуына жетуге тиіс. Себебі заң тек Президент қол қойғаннан кейін қабылданды деп есептеледі.
Бір палаталы Парламентке көшу унитарлы мемлекет қағидасына сай келеді және көппартиялы Парламенттің шешімдеріне тосқауыл қоймайды. Ал депутаттарды тек партиялық тізім арқылы сайлау партиялардың рөлін күшейтіп, ықпалын арттырады.
Сонымен қатар бір мандатты сайлауда жеңіске жету үшін үміткер 50 пайыздан аса дауыс алуға тиіс. Демек көпшілікпен келіспейтін өзіндік пікірі бар адамдар, қаншалықты білімді, тәжірибиелі, мықты болса да мажоритарлы жүйеде парламентке өте алмайды. Демократия – тек көпшіліктің таңдауы емес, сонымен қатар өзіндік пікірі бар азаматтарға мемлекет дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік беру. Мұндай мүмкіндікті тек пропорционалды, яғни партиялық тізім бойынша сайлау жүйесі береді.
Бұл тек біздің пікіріміз емес, Еуропа кеңесінің Венециялық комиссиясының «Демократиялық парламенттегі оппозицияның рөлі туралы» баяндамасында да «пропорционалды жүйемен партиялық тізім арқылы өтетін жүйе қоғам мүддесін кеңірек қамтиды», деп көрсетілген.
Демек партиялық тізім демократияға көбірек мүмкіндік береді. Сондықтан «Ақ жол» партиясы Президенттің ұсыныстарын қолдайды. Бұл мәселенің түпкілікті шешімін халық референдум арқылы қабылдауға тиіс. Партиямыз референдумға дейінгі кезеңде осы жүйенің артықшылығын көрсетуге бар күшін салады. Сондықтан Қ.Тоқаевтың парламенттік реформасы – әсте косметикалық емес әрі кейбір жалаң «сарапшылар» асығыс атағандай «проблемалардан назарды бұру» үшін жасалған жоқ. Бұл – халықаралық құжаттар мен парламенттік оппозицияның ұзақ жылғы, кейде ауыр тәжірибесіне сүйенген тұтас конституциялық жүйенің шын мәнінде терең жаңартылуы. Соның нәтижесі ретінде Парламентте қоғамдық мүдденің кең ауқымы өкілдік етеді, күнделікті аса маңызды мәселелердің нәтижелі шешімі орын алады.
Әрине, оны өткізу үшін жүйенің өзге де элементтерін қайта жаңғырту керек, соның ішінде жүзеге асырылуына көп уақыт пен күш-жігер қажет болатын Парламент пен Үкімет өзара іс-әрекеті балансына қатысты. Президентке және оның командасына бұл маңызды жұмыста сәттілік тілейік.
Азат ПЕРУАШЕВ,
Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы