ЖОЛДАУ • Бүгін, 08:23

Бастама – оң, бағыт – айқын

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Президент Жолдауында көтерілген мәселелер өте ауқымды. Алдағы жылдары еліміз дамудың жаңа сатысына көтерілуге тиіс. Ол үшін бес негізгі бағыт айқындалды.

Бастама – оң, бағыт – айқын

Сурет: primeminister.kz

Біріншіден, жаңа инвестиция­лық кезең басталады. Яғни елге мил­лиард­таған доллар қаржы тартып, оны нақты өндірістерге салуы­мыз керек. Инвестиция болмаса, жаңа зауыттар да, жаңа жұмыс орындары да ашылмайды. Екінші­ден, «Alatau City» жобасы қолға алынады. Бұл – жай ғана құрылыс емес, тұтас экономикалық аймақ, инновациялық қала. Мұнда жаңа технологиялар, цифрлық ше­шімдер, өндірістер шоғырланады. Демек бұл жоба елдің технологиялық болашағы үшін маңызды. Үшіншіден, инфляциямен күрес күшейеді. Халық үшін ең өзекті мәселенің бірі осы. Бағаның тұрақсыздығы тұрмыс сапасына әсер етеді. Сондықтан мемлекет негізгі әлеуметтік тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына жол бермеу үшін кешенді шараларды қолға алмақ. Төртінші­ден, импортқа тәуелділікті азайту маңызды болып тұр. Қазір біз тұтынатын тауардың басым бөлігі шетелден келеді. Ал оны өзімізде өндіретін болсақ, ақша елімізде қалады, жұмыс орындары ашылады. Бұл – кез келген мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігі үшін бас­ты шарт. Бесіншіден, экономиканы ырықтандыру және кәсіпкерлікті дамыту өзекті мәселеге айналып тұр. Яғни бизнеске кедергі келтіретін артық құжаттар мен рұқсаттарды қысқартып, кәсіпкерлерге еркіндік беру маңызды дер едім. Шағын және орта бизнес күшеймей, ел экономикасы алға жылжымайды.

Президент атап өткендей, бас­ты мақсат – 2029 жылға қарай ішкі жал­пы өнімді екі есе арттыру. Бұ­ған қолжеткізу үшін жоғары инвести­циялық белсенділік қажет. Мемлекет осыны қамтамасыз етуге белсене кіріседі. Басым бағыттар да айқындалып отыр. Мәселен, автомобиль жасау, теміржол машиналарын шығару, химия және мұнай-химия өнеркәсібі, сирек металдарды игеру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытына тың серпін беруіміз керек. Бұл салалардың бар­лығы еңбек өнімділігі жоғары және әлемдік бәсекеге төтеп бере алады. Егер біз осы салаларды жүйелі түрде да­мытсақ, ел экономикасының тұрақ­тылығы артып қана қоймай, жаңа сапаға көтеріледі.

Қазір ел алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – инвестиция тарту ісін жаңа деңгейге шығару. Бұл бағытта нақты қадамдар жасалып жатыр. Ең алдымен, салалық министрліктер әкімдіктермен бірге жұмыс істеп, қай өңірде қандай жобаға сұраныс бар, қай салаға қанша инвестиция қажет, соның бәрін ескеріп, жобалардың нақты тізімін жасайды. Мұны жай жоспар емес, нақты «инвестицияға тапсырыс» деп атауға болады. Оның жалпы көлемі 5 трлн теңгеден асады деп болжанып отыр. Бұл жобаларды талдау, құрылымдау және инвесторларды тарту ісін «Бәйтерек» холдингі үйлестіреді. Сонымен қатар Ұлттық банкпен бірлесіп жаңа бағдарлама әзірленбек. Оның аясында жоғары технологиялық салаларға 1 млрд дол­лар­ға дейін инвестиция тарту көз­деліп отыр. Мұнда Ұлттық қор мен екінші деңгейлі банктердің қара­жаты бағытталады. Бұдан бөлек, «Банктер туралы» жаңа заң жобасы дайындалады. Ол финтехтің да­муы­­на, цифрлық активтердің айналы­мына жол ашып қана қоймай, банк­­тердің бос қаражатын нақты сек­торға бағыттауға мүмкіндік береді. Мем­лекет басшысы 10 күннің ішінде инвестициялық саясатты қайта қарау бойынша шараларды әзірлеуді тапсырды. Кейіннен осы негізде сапалы инвестиция тартуға басымдық беретін түбегейлі жаңартылған іс-қимыл жоспары дайындалмақ. Ал іскер­лік белсенділікті арттыру үшін жақын күндері Алатау қа­ласына ерекше мәртебе беру тура­лы Жарлық жобасы Президент Әкімшілігіне ұсынылады. Бұл шешім қаланы инновациялар мен инвестициялар орталығына ай­нал­дыруға бағытталған. Алатау қа­ла­сы ерекше мәртебеге ие болған соң, оның қалай жұмыс істей­тіні нақ­ты ережелер арқылы айқын­дала­ды. Арнайы Жарлық қабыл­данған­нан кейін, жеке заң күшіне енгенге дейін қалаға уақытша басқа­ру тетігі енгізіледі. Бұл құжатта қаржы­лық модель, басқарудың ерекше режімі, криптовалюта қолдану мүмкіндігі, «Smart City» технологияларын енгізу, сондай-ақ халықаралық стандарттар бойынша жобалау мен құрылыс жүргізу қарастырылады. Мұның бәрі Алатау қаласын инновациялар орталығына айналдырып қана қоймай, экологиялық тұрақтылықты арттыруға, жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.

Инфляция мәселесі – ел үшін ең өзекті тақырыптың бірі. Тарифтік саясатпен қатар іске асырылып жатқан инфляцияны ба­қылау шаралары қай­та қаралады. Мақсат – ішкі    нарықтық теңгерімді ұстау, өнім ағынын дұрыс реттеу және тапшылыққа жол бермеу. Осы тұрғыдан алғанда, инвес­тицияларға «тапсырыс беру» тетігі ерекше маңызға ие. Ол ел ішінде көптеген шағын өндірістің ашылуына жағдай жасап, нарықты отандық өнімдермен толықтыруға ықпал етеді. Экономиканың тұрақты өсуі де басты міндет болып отыр. Биылғы қаңтар-шілде айларында өсім 6,3%-ға жетті. Енді жыл соңына дейін осы қарқыннан таймау – негіз­гі мақсат. Бұл жолда Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп жұмыс істейді. Жақын арадағы ортақ міндет – инфля­цияны 5–6% деңгейіне дейін түсіру.

Сонымен қатар ішкі нарықта тапшылық туындамас үшін тарифтік емес реттеу шаралары қолданылады. Бұл отандық компанияларды шикі­затпен қамтамасыз етіп, қайта өңдеу көлемін арттыруға бағытталған. Азық-түлік өндірушілерге сауда орын­дарындағы сөрелердің 30%-ы деңгейінде басымдық берілді. Ал мемлекеттік қолдау алатын сауда орындары үшін талап қатаңырақ: азық-түлік сөрелерінің кемінде 50%-ы, азық-түлік емес тауар сөре­лерінің 20%-ы отандық өндіруші­лерге арналуға тиіс.

Елімізде өндірілген тауарлар­дың өтімділігін арттыру үшін дүкен­дерде «Қазақстанда жасалған» деген арнайы маңдайшалар қойылады. Олар көрнекі жерге орналастырылады, сатып алушыға бірден көзге тү­сетіндей болуға тиіс. Бұл қадам жергілікті өнімге деген сенімді кү­шейтіп, отандық өнді­руші­лерді қолдауға бағыттал­ған. Эко­номи­ка­ны ырықтандыру жұмыс­та­ры да жалғасады. Бұл деге­німіз – кәсіпкер­лік жолындағы артық кедергілерді жою. Заңнаманы жеңілдетіп, әкім­шілік тосқауылдарды қысқарту арқы­лы бизнестің тынысы ашылады. Осы мақсатта арнайы жаңа құрылым – «Реттеушілік интеллект орталығы» құрылады. Ол жасанды интеллект технологияларын қолданып, заңнаманы тексеріп, қажетсіз талаптарды қысқартып, нақты әрі тиімді етіп қайта құрады. Бұл орталық реттеудің заманауи алаңына айналады. Мемлекеттік мүлік туралы заң да қайта қаралады. Негізгі мақсат – экономикадағы мемлекеттің үлесін азайту. Яғни мемлекет бизнеске артық араласпауы керек, жаңа кәсіпорын құруға тек ерекше жағдайда ғана қаты­суға тиіс. Бұл бәсекенің әділ жүруі­не мүмкіндік береді. Әлеуметтік-кә­сіп­керлік корпорациялар да өңірлік дамудың катализаторы болып, жергілікті жерлерде жаңа өндірістердің ашылуына, жұмыс орындарының көбеюіне жағдай жа­сауға тиіс.

Салық саласында да өзгерістер бар. «Салық төлеушіні сүйемелдеу» деген жаңа жүйе заң жүзінде бекітіл­ді. Енді салық төлеушілер үшін ың­ғайлы электрондық сервис іске қо­сы­лады. Мысалы, жасанды интел­лект арқылы тексерістер жүргі­зіліп, әр­түрлі анық­таманы алу жеңіл­дейді. Бұл кә­сіпкерлер мен қара­пайым азамат­тардың уақытын үнем­деп, ашықтықты арттырады. Үкі­мет осының бәрін жүзеге асыру үшін нақты мерзімдер мен тетік­тер­ді айқындап қойды. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшы­сының Жолдауда айтылған тапсыр­мала­ры жүйелі түрде орындалып, әлеумет­тік-экономикалық тұрақ­тылықты қамта­масыз ету жұмыстары жалғаса береді.

 

Ерлан САҒЫНАЕВ,

Ұлттық экономика вице-министрі