
Қазақстан Республикасының Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшілігі мен Алматы облысы әкімдігі ұйымдастырған шаралар көрген жанның көңілінен шыққаны сөзсіз. Мәскеудің 550 көрермен тамашалайтын «Геликон-Опера» музыкалық театрының фойесінде ұлтымыздың рухани құндылықтарын паш еткен көрме көздің жауын алды. Ұлы тұлға туып-өскен елдің тұрмыс-тіршілігін, мәдениеті мен өнерін осы жәдігерлер әйгілегендей.
Мұндағы қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаевтан бастап, кейінгі тарихи тұлғалар өмірінен, ұлттық өнер туындыларынан сыр шерткен бұйымдар қасында әйгілі қолөнер шебері Дәркембай Шоқпарұлының ұлы Дәулет өз шәкірттерімен қазақтың торсығының қалай дайындалып, тігілетінін сол жерде көрсетті. Алматы апортының көрмесі де тартымды көріністің бірі болды. Осындай әдемі әсерге бөлеген көрмеден кейін жұрт концерт залында ине шаншар жер қалдырмады.
Концертті елші Дәурен Абаев сөз сөйлеп ашты.
Алдымен Нұрғиса Тілендиевтің қызы Дінзухраның дирижерлігімен композитордың «Ата толғауы» күйін «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі тартып, оған мемлекеттік «Алтынай» халық биі ансамблі биледі.
Композитордың «Алатауын» шырқаған Фархат Кубиев, «Куә болды» шалқытқан Нұрғиса немересі Даяна Тілендиева, «Ақсақ құланды» шерткен Сырым Шонбаев,«Қайран менің жүрегімді» салған Рухия Байдүкенова, «Көш керуен» күйіне билеген «Алтынай» ансамблі, «Дубосеково зиратында» әнімен толқытқан Төлеген Рахымбаев, «Көңіл толқынын» шерткен Секен Тұрысбек, «Сарыжайлауды» шарықтатқан Медет Орынбаев, Мұса Сапарәлі, Әділ Ахметжанов, «Аққу» күйіне билеген биші Әсел Ержанова, «Әжемені» әуелеткен Бибігүл Қилымхан, «Әлқиссаны» нақышына келтіре тартқан күйші Нұркен Әшіров, «Құстар әнімен» тербеген Фархат Кубиев пен Медет Орынбаев өнеріне көрермен қауым ықыласпен қол соқты. Ал Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбетін» тыңдағанда театрды асқақ рух кернеді.
Осы шығармаларды сүйемелдеген «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестріне дирижерлік жасаған Дінзухра Тілендиеваның да, Нұркен Әшіровтің де өнеріне халық разылық білдірді.
Бір жарым сағат әп-сәтте біте қалар деп кім ойлаған? Концерттің шымылдығы композитордың Қадыр Мырза Әлі өлеңіне жазылған «Өз елім» әнімен жабыла бастағанда, көрермен ілтипатында шек болмады.
Сахна Мәскеу қаласының әкімдігінен, Қазақстан елшілігінен, басқа да ресми орындардан келген құрмет-қошемет гүлдеріне толып кетті.
Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ