Зерде • Бүгін, 08:35

Ахмет Байтұрсынұлының Қазандағы суреті

240 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Кіндік қаны қасиетті Торғай топырағында тамған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы өмір жолында Орынбор, Қостанай, Омбы, Қарқаралы, Уфа, Семей, Ташкент, Қызылорда, Баку, Архангельск, Алматы қалаларында болғаны мәлім. Көрнекті қайраткер өмір­баянын зерттеуші ғалымдар бұл дерек­ті нақтылаған. Осы ретте Алаш арысының 1902–1904 жыл­дары Омбы қаласында қыз­мет істегенін, Ақмола облысы Халық училищелерінің инспекторы А.Е.Алек­торовтың іс жүргізушісі бол­ға­нын Омбы облысы Тарихи архивіндегі құжаттардан көргенімізді оқырман есіне сала кеткіміз келеді. А.Байтұрсынұлының қолы қойылған бірнеше тарихи құжатты 1998–2000 жылдарда Омбы архивінен анықтадық (8-қор, 1-тізім, 1-іс). Кейінгі кезде көрнекті қайраткердің Омбы кезеңіне қатысты ақпарат толығып, өмірбаянының ақтаңдақ беттері біршама қалпына келтірілді.

Ахмет Байтұрсынұлының Қазандағы суреті

Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақ­стан Жазушылар одағының «ТМД елде­рінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы аясында 2025 жылдың 9–13 қыркүйек күндері Татарстан астанасы Қазан қаласының кітапхана, музей қорларында ізденіс жұмысын жүргіздік. Қазақтың арғы-бергі тарихында Қазан қаласының қазақ баласына тигізген шапағаты мен игілігі мол екенін зиялы қауым жақсы біледі. Тегінде, патшалық Ресей тарапынан отаршылдық езгіні қазақтан бұрын көрген татар ағайынның орыстың игілік әкелер оқуы мен мәдениетін де бойына бізден ерте сіңіргені рас. Оның ішінде отырықшы мәдениет жемісі саналатын университет пен кітапхана, театр мен бас­па ісі сынды адам баласы ойлап тапқан құндылықтарды алдымен айтуға болады.

Ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлы ХХ ғасырдың басында: «Ана қырда татар тұр, Басқалармен қатар тұр» деп тарихи шындықты көркем тілмен жеткізетіні қазақ баласына көп жайды аңғартты.

Қазан қаласының қорларынан қазақ қаламгерлеріне қатысы бар соны дерек, тың ақпарат іздедік. Осындай мақсатпен 2025 жылғы қыркүйектің тоғызыншы жұлдызында «Татар кітабы тарихының музейі» атты мәдени ошаққа баруды ұйғардық. Әлбетте, Қазан шаһарының орталық көшелерінде аяқ аттасаңыз, тарихи ескерткіш, ескі үйлерге ілінген мемориалдық тақта, немесе музей өте көп. Мәдениетті жұрт өткенін қастерлеп, құрметтеп, барлығын хаттап, кейінгі ұрпаққа аманаттап, соның бәрінен ақша көзін жасап, сақтап отыр екен деп қызығасыз. Картада «Татар кітабы тарихының музейі» деп көрсетілсе де, бұл мекеме ресми «Татар әдебиеті тарихының музейі Шариф Камал мемориалдық пәтерімен» деп аталады. Музей Татарстан Республикасы Мәдениет министрлігіне қарайтын Татарстан Республикасы Ұлттық музейі­нің филиалы саналады.

о

Татар әдебиетінің классигі Шариф Камал тұрған музейге ерте барып алдық. Ашылуына әлі жарты сағаттай бар екен. Бірде мұсылманша орамал таққан татар әйелі есіктің сыртында тұрған бізге туған тілінде амандасып, ғимарат ішіне кіруге шақырды. Музейге, осылайша, жиырма минөт ерте кірдік. Бұл кезде шағын музей қызметкерлері ішінде жиналып қалыпты. Мекеме директоры Айдар Рәсімұлымен танысып, келген мақсатымызды түсіндіріп, қорларыңызда қазақ қаламгерлеріне, қазақ кітабына қатысты құнды дүние табылар ма екен деп сапарымыздың мән-жайын жеткіздік. 

Бізді сырттан күтіп алған филология ғылымдарының кандидаты, музейдің ғылыми қызметкері Гүлназ Жиһангирова аса мәдениетті, сыпайы, кішіпейіл жан екен. Гүлназ бізге музейдің ішін аралатып, жеке экскурсия жүргізді. Сол экскурсия кезінде екінші қабатта шынының астында тұрған ескі суретке назарымыз ауды. «Араб жазуын реформалау конкурсына қатысушылар. Қазан, 1927» деген түсініктеме жазылған суреттің ортасында Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі көзімізге оттай басылды. Сурет ап-анық, бейнеленген адамдарын оп-оңай ажыратуға болады. Бұл суретті бұрын кездестірмеген секілдіміз. Көзімізге сенбейміз. Гүлназ ханымнан суретті телефонға түсіріп алуға рұқсат сұрадық. Ол «алдымен ресми хатыңыз болса, жақсы еді» деді. Кейін ишарамен келісімін берді. Ұлт ұстазының бейнесін көргеннен кейін, музейдің қалған экспонаты қызықсыз қалды. Ойымыздың барлығы жаңағы құнды жәдігерге, бейтаныс суретке ауды. Музей қызметкерінен суретте бейнеленген басқа адамдардың кім екенін сұрап едік, ол кісі нақты жауап бере алмады. Жалғыз Идрисов дегенді ғана айтты. Жалпы бұл жерде қате кеткен болар? Ахмет Байтұрсынұлы Қазан қаласына келді деген ақпаратты бұрын естімедік... «Келгені сөзсіз, мұны осы сурет растайды» деп ой түйдік. Бір есептен, мұрағат материалына мұқият татар ағайын суреттің қайда және қашан түсірілгені жайында олқылық жібере қоймас деп те ойладық.

Ресей жерінде қыркүйек айынан бас­тап телефон байланысы күрделеніп, керек адаммен тез тілдесе қою қиындап кеткен. Үйреншікті уатсап, телеграм желілері тілдесуден ажырап қалыпты. Дереу жаңалығымызды жас алаштанушы, докторант шәкіртіміз Данияр Ихсанға хабарлап, Ақаңның 1927 жылы Қазанға келгені туралы мәліметті көптомдығы мен монографиялардан нақтылап беруін сұрадық. Елдегі салыстыру дерегі келгенше музей маманы бізге интернеттен материал ұсынды. Алайда бұлардың ішінде де А.Байтұрсынұлының Татарстанға сапары туралы анық жазылған мәлімет ұшыраспады.

Іссапардың екінші күні Қазақстан Жазушылар одағына хабарласып, төраға Мереке Құлкенов атынан Татарстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Алиса Вяткинаға ресми хат жіберуді өтіндік. Елден шығарда төраға атынан мұндай ресми хаттың бірне­шеуін Қазандағы архив, кітапханаларға алған да едік. Алайда «Татар әдебиеті тарихы музейіне» деп жеке ескермедік. Жазушылар одағының хатшы-рефе­ренті Айжан Үкібаевадан ресми хат кешікпей түсетінін білдік. Сол үшін Мереке Әбдешұлына ризашылығымыз шексіз. Музей қызметкері Гүлназ Жиһангирова сөзімізге сеніп, енді бізге компьютерлік қорда сақталған ескі суреттерді көруге рұқсат етті. Қалтамызда алып жүретін флешка ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арнайы шығарылған. Сыртында көрнекті қайраткердің аты-жөні жазылған. Флешканы көргенде, Гүлназ ханы мның тарихи суретті көшіріп бермеуге лажы қалмады. Сөйтіп, құнды суреттің электрондық нұсқасы Ақаңның 150 жылдығына арнайы шығарылған флешкаға 2025 жылдың 10 қыркүйегінде жазып алдық. Сурет қорда былай деп сақталған: «НМРТ КППи-124639-51. Фотография групповая. Идрисов М.И. в 1-м ряду 1-й справа_1».

Татарстан Республикасы Ұлттық музейі қорындағы А.Байтұрсынұлы бейнеленген суреттің астында «М.Идрисов оң жағында бірінші отыр» деп көрсетіліпті. М.Идрисовтен басқасының аты-жөні жазылмаса, бұл адам татар жұрты үшін белгілі тұлға болған шығар деп ойладық. Гүлназ ханым бізге М.Идрисовтің еңбегін қысқаша баяндап берді. Хаматханов Сагит Загитовичтің «Ибрагимовтардың шежіресі және Насхи Мухаммад Идриси» атты татар және орыс тілдерінде жарық көрген альбом форматындағы қалың кітапты алып келді. Еңбек Орынбор қаласында жарық көріпті. Бірақ шыққан жылы, баспасы көрсетілмеген. Бұл кітаптан біз Мұхаммед Идрисов 1882 жылы 19 наурызда Қазан қаласында туғанын, полиграфист, каллиграф, график-суретші, унификацияланған араб алфавитін жасаушы, түрік және шығыс тілдерінің білгірі екенін білдік. Бізді қызықтыр­ған тарихи сурет Идрисов әулетінің шежіресіне арналған кітапқа да кірген екен. Суретке «М.Идрисов Қазан қаласында (орындықта сол жағында отыр)» деп анықтама берілген. Бірақ аталған кітапта да А.Байтұрсынұлының аты жазылмаған.

Келер күні «Татар кітабының тарихы музейінде» Нурия Мифтахутди­нова есімді ғалыммен таныстық. Нурия – филология ғылымдарының кандидаты, Қазандағы Қаюм Насыри музейінің қызметкері. Біз құрмет тұтатын татар ғалымы, профессор Хатип Миннегуловтың шәкірті екен. Қаюм Насыри музейі жөндеуден өтіп жатқандықтан, Нурия «Татар кітабы тарихының музейіне» уақытша қызмет істеуге келіпті. Біздің кеше Ахмет Байтұрсынұлы бейнесі сақталған суреттің сырын сұрағанымызды естіпті. Бұл сурет жайында мақаласы жарық көргенін айтты. Ол мақала 2022 жылы Уфа қаласында «Мухаммед Идрисов – мастер шрифта» атты кітапта басылған екен. Кітап 200 данамен жарық көріпті. Оның бір данасын Нурия сол жерде бізге көрсетті. Кітаптың 58-бетіне бізді қызықтырған тарихи сурет енген. Оған мынадай түсініктеме берілген: «Араб әліппесін реформалау бойынша конкурс қатысушылары мен жюриі. Қазан. 1927 жыл.

ож

Бірінші қатар. Солдан оңға қа­рай: ­2. В.Хангильдин, 3. А.Байтурсин, 4. М.Тиг­ров (кейін Нурия Тагиров деп түзетті), 7. М.Ид­рисов.

Екінші қатар. Сол­дан оңға қарай: А.Рахим, 4. И.Шнаси, 8. Г.Ал­па­­ров.

Үшін­ші қатар. Солдан оңға қарай: 1. Г.Ша­раф, С.Шарафетдинов, 4.Ф.Бурнаш».

Сол арада Нурия Мифтахутдинова­дан кітапты құрастырушының бірі Марс Ибрагимовтің телефонын алып, Уфадағы әріптесімізбен тілдестік. «Ахмет Байтұр­сын­ұлының бейнесі бар құнды суретті Уфада басып шығарған екенсіздер. Оныңызға зор алғыс айтамыз. Енді бізге бұл қымбат кітапты қайдан та­уып бере аласыз?» деп өтініш айттық. «Мағжан Жұмабай мен Сайфи Құдаш заманынан жалғасып келе жат­қан достығымыздың бір белгісі ретінде кітап­ты тауып берсеңіз» деп қолқа сал­дық. Башқұрт әріптесіміз кітаптың аз данамен шыққанын айтып, қазір қол­да қалмағанын жеткізді. Алайда элек­трондық нұсқасын жіберуге уәде етті.

Тарихи суреттің бірінші қатарында 7 адам отыр. Екінші қатарда 8, үшінші қатарда 7 адам тұр. Барлығы – 22 кісі. Сурет арнайы фотостудияда түсірілген. Оны жердегі кілем, қабырғадағы сурет, декорация байқатады. Бейнеленген адамның көбі фотоаппарат объективіне қараған. Яғни суретке түсірген адам – кәсіби маман, өз ісінің білгір шебері екені байқалады. Ахмет Байтұрсынұлы алдыңғы қатарда ортада отыр. Қазақ ғалымының көзінде ой, толғаныс бар. Бұл көзқарастан күдік пен келер күнге алаңдаушылықты да сезуге болады. Өзі реформа жасаған, Алаш баласының игілігіне айналған, қанша адамның көзін ашып, ұйқысынан оятқан, іл­гері дамыған халықтардың қатарынан табылуға себепші болған қадірлі төте жазудан, төл перзентінен туған жұрты жақын уақытта айырылатынын сезіп отырғандай. Көзі ашық оқыған азаматтар жазуды өзгертудің астарында үлкен саясат жатқанын түсінді. Ақаң да татар зиялыларымен бірлікте әліппе реформалау бойынша комиссияда тізе қосып, жұртқа пайда әкелетін игі жолды қарастыруды ойлап отырған сынды. Қасындағы кейбір азаматтың бет әлпетінен аздаған көтеріңкі күйді, беймарал қалыпты сезсек, Ақаңның жүзінен ондай алаңсыз жайды байқамаймыз. Қазақ данасы терең ой үстінде, тебі­реністе отырғандай. Пальтоға ұқсас пиджагі екі түймелі белдікпен жинақы қысылған. Көйлегі, галстугі, шашы, көзілдірігі – бәрі де ұқыпты, тиянақты. Біздің анықтауымыз бойынша, суреттегі 22 адам арасында Ахмет Байтұрсынұлы жалғыз қазақ. Татар ғалымы, оң жақ шетте отырған Мұхаммед Идрисов пен Ахмет Байтұрсынұлы алдында ғана қағаз бар. Бұл жайт та екі ғалымның қалғандарынан бәсі биік екенін білдіретіндей. Ортадағы шағын столға екі адам ғана сияды. Екі адамның бірі – Ахмет Байтұрсынұлы. Ақаңа үстел басынан, құрметті жерден орын берілген. Қазақ ғалымы аяғын да, қолын да айқастырып жинақы отыр. Жас мөлшері жағынан Ақаң барлығынан үлкен секілді. Сурет 1927 жылдың күз мезгілінде түсірілген деген мәліметті анықтадық. Н.Мифтахутдинова 1927 жылдың қазан, қараша айлары болу керек деп пайымдады. Ақаңның жасы бұл кезде 55 жастан асқан.

Ахмет Байтұрсынұлының 1926 жылы Баку қаласында өткен Бірінші түркі­танушылар сиезінде түскен суреті мен бейнежазбасы табылғанда, ардақты тұл­ғаның өмірі мен мұрасына ынтызар қауым зор қуаныш сезімде болды. Татарстан Республикасы Ұлттық музейі қорынан анықталған бұл тарихи суреттің де бізге берер тағылымы мол.

Біріншіден, бұл мұраны ұлт-азат­тық Алаш қозғалысы рухани көсемінің, ақын, журналист, көсемсөзші, аудар­машы, көрнекті ғалым Ахмет Бай­тұр­сынұлының қазақ қауымына беймә­лім суреті деп санауымызға негіз бар. «Кітап тарихы музейі» сөресіндегі суретке, сондай-ақ «самоиздат» үлгідегі жылы көрсетілмеген кітаптағы нұсқаға А.Байтұрсынұлының есімі жазылма­ған. Уфада 2022 жылы жарық көрген кітаптың таралымы аз (200 дана ғана). Ол кітапта Ақаңның аты «А.Байтурсин» деп қысқа ғана ұсынылған.

Екіншіден, бұл құнды мұрағат материалы бізге көрнекті ғалымның Қазан қаласына 1927 жылдың күзінде жаса­ған іссапары туралы тың мағлұмат ұсына­­ды. Осы уақытқа дейін А.Байтұрсын­ұлы­ның Татарстан астанасына барды деген деректі кездестірмедік. Бұл сапар кезінде қайраткер тағы кіммен кездес­ті? Ол жиын­ға Қазақ елінен жалғыз өзі ғана қатысты ма? Тарихи сурет осы секілді сұрақтардың жауабын нақтылауға ой салады.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Жантас Жақып 2016 жылы Ахмет Байтұрсынұлының «Ғалым­жан Ибраһимов түркi-татар ойшысы, түркi-татар бiлгiрі, түркi-татар жазушысы» атты татар тілінде жазылған мақа­ласын Қазаннан тауып, ғылыми қауымға ұсынды («Egemen Qazaqstan» газеті, 27.01.2016). Татарстанның «Біз­дин юл» (Біздің жол) журналының 1928 жылғы 2-санында жарық көрген А.Байтұрсынұлының бұл мақаласы татар халқының көрнекті тілші ғалымы, жазушысы, кейін қуғын-сүргін құр­баны болған қайраткер тұлғасы Ғалым­жан Ибрагимовке жолданған. Мақала соңынан «24.01.1928 – Қызылорда» деп көрсетілген. Яғни бұл мақаланы Ақаң 1927 жылдың күзінде, Қазаннан оралғаннан кейін жазды деуге толық негіз бар.

Тегінде, Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлтымыздың біртуар перзентінің әрбір жылы, айы, тіпті күні мұқият зертте­ліп, терең зерделенгені абзал. Ісі де, ғұмыры да ғибратты тұлғаның қазіргі қазақ қоғамына пайда берер игілік іздерін айқындай беру – зиялылар парызы.

 

Қайырбек КЕМЕҢГЕР,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының  қауымдастырылған профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты