Ауыл балаларының көзайымына айналған ғажайып мүсіндердің авторы – жергілікті шарушылықтың темір жонушысы Серік Қошқарбаев деген азамат.
Серік алдымен металдан мүсіннің қаңқасын жасап алады. Одан кейін дайын қаңқаның ішіне қар толтырып, артығын жонып, сыртын сылап шығады.
«Бала кезімде пластилиннен бүркіт, қаз, үйрек тәрізді неше түрлі құстардың мүсіншелерін жасауды жақсы көретінмін. Содан қалған әдет қой. 2021 жылы аудан орталығындағы алаңға жылқының, қыран бүркіт ұстаған аңшының, мультфильм кейіпкерлерінің мүсінін жасап бердім. Ол кезде ешбір сызбасыз мүсін жасай беретінмін. Қазір ғаламтордан кез келген жануардың сызбасын тауып алуға болады. Кейінгі жылдары үйдің ауласына мүсін жасап қоятын болдым. Ауыл балалары келіп тамашалап, суретке түсіп кетеді. Биыл корсикалық иттің мүсінін жасадым. Жұрттың көбі шын ит екен деп ойлап қалады. Өткенде осы мүсінді көрген бір танысым қорыққанынан жалма-жан көлігіне қайта кіріп кетті», дейді Серік.
Қар мүсінге жарататын шикізат әзірлеу әдісі де қызық. Шебер аяқ ізі түспеген ақ қардың бетін аршып ұлпасын үлкен астауға үйеді де, үстінен жабысқақ күйге жеткенше аздап су қосады.
«Біріншіден, мұндай қармен жасалған фигура өте мықты келеді, көпке дейін тұрады. Екіншіден, қар саз сияқты жабысқақ болғандықтан, бірден үсті-үстіне жабыстырып мүсін жасай беруге болады. Тек кейбір кедір-бұдыр тұстарын балтамен жонып отырамын. Қардан мүсін жасауға ауа райы да қолайлы болу керек. Мен әдетте 15–20 градус аязда жұмысқа кірісемін. Бұдан жылы болса, мүсін еріп, құлай береді. Ал қатты аязда жарылып кетеді. Ауладағы жұмысым негізгі жұмысымнан кейін, кешке жақын басталады. Кейде ай жарықта түн жарымға дейін созылып кетеді. Бұл уақытта күн суытып, аяз күшейе түседі. Алайда мұндайда аязды ұмытып кетесің. Ойыңдағы дүниенің әрбір бөлшегі көз алдыңда туып, мүсіннің сұлбасы сәт сайын айқындала түскен сайын арқаң терге малшынып, жұмыстың қызығына беріле түсесің», дейді қолөнер шебері.
Қостанай облысы