Әлем • Бүгін, 16:45

Эверест шыңы дрондар арқылы қоқыстан тазартылады

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жер шарындағы ең биік тау – Эверестте қоқыс мәселесін шешудің жаңа жолы қолға алынды. Непал билігі алғашқы рет жүк тасымалдаушы DJI FlyCart 30 дрондарын іске қосып, 2025 жылдың сәуір-маусым айлары аралығында 6065 метр биіктікте орналасқан лагерьден 300 келіден астам қалдықты төменге жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Popular science агенттігіне сілтеме жасап.

Эверест шыңы дрондар арқылы қоқыстан тазартылады

Фото: Ашық дереккөз

Айта кетейік, жылына шамамен 600 адам шыңға шығуға талпынып, әр альпинист орта есеппен 8 келі қоқыс қалдырады. Ол оттегі баллондары, газ баллоншалары, тағам қалдықтары мен биологиялық қоқыстар. Бұған дейін барлығы қолмен жиналса, енді жаңа технология қалдықтардың 70%-ын шығаруға мүмкіндік беріп отыр.

DJI FlyCart 30 бір рейсте 15 келіге дейін жүк тасымалдайды. Бағасы 20 мың долларға дейін жететін құрылғы -15,5 °C суыққа төтеп беріп, секундына 40 км-ге дейін жететін қатты желде де жұмыс істей алады. Бұдан бөлек, дәл осы дрондар Ама-Даблам тауында қолданысқа енгізіліп, 641 келі қоқыс төменге түсірілді.

2019 жылдан бастап Непал билігі альпинистерден 4 мың доллар көлемінде кепілдік талап ете бастады. Егер альпинист кем дегенде 8 келі қоқысты бірге алып түссе, ақша қайтарылады. Экспедиция санын азайту мәселесі қарастырылып жатқанымен, туризмнен түсетін кіріс ел экономикасы үшін маңызды болғандықтан, әзірге шектеу енгізілген жоқ.

Airlift Ventures компаниясы келесі кезеңде Манаслу тауында да дрондарды сынауды көздеп отыр. Алайда ол жақтағы қатты жел жұмысты қиындатып тұр.