Әлем • Кеше

Израиль Газаға шабуыл жасауы мүмкін

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Израильдің жоғары әскери өкілінің айтуынша, Газа қаласына жасалуы мүмкін шабуыл миллионға жуық палестиналықты көшуге мәжбүрлейді. Бұл қадам Израильдің жаңа «гуманитарлық аймақ» құру жоспарына байланысты болып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz  BBC-ге сілтеме жасап.

Израиль Газаға шабуыл жасауы мүмкін

Фото: bbc.com

БҰҰ бағалауы бойынша, Газа қаласы мен оның маңында шамамен бір миллион адам тұрады. Израиль ХАМАС-тың негізгі бекіністері осы аумақта орналасқанын айтып, қаланы толық бақылауға алуға дайындалып жатыр.

COGAT – Израиль Қорғаныс министрлігінің Палестина аумақтарындағы азаматтық істерді қадағалайтын құрылымының мәліметінше, соңғы күндері Газаның солтүстігінен оңтүстікке қарай тұрғындардың белсенді түрде көшіп жатқаны байқалған. Солтүстік аудандарды шамамен 70 мың адам тастап кеткен.

Халықаралық ұйымдар екі жылға созылған қақтығыс кезінде Газадағы тұрғындардың басым бөлігі, яғни 2 миллионнан астам адамның кемінде бір рет қоныс аударғанын еске салды.

Израиль қоныс аударушылар үшін қауіпсіз гуманитарлық аймақ жасақтауға уәде беріп отыр. Ресми жарияланым жақын күндері күтіледі. Бұл аймақ босқындар шоғырланған орталық лагерьлерден оңтүстіктегі Әл-Маваси ауданына дейін, әрі шығысқа қарай жалғасатыны айтылып отыр.

Алайда халықаралық сарапшылар Израиль соғыстың алғашқы кезеңінде Әл-Мавасиды гуманитарлық аймақ деп атағанымен, кейін ол жерге бірнеше рет соққы бергенін алға тартқан.

Халықаралық Қызыл Крест қақтығыс жүріп жатқан жағдайда тұрғындарды қауіпсіз көшіру мүмкін еместігін атап өтті.

Тамыз айының соңында Газа қаласында ашаршылық ресми түрде тіркелді. Бұл туралы БҰҰ агенттіктері, гуманитарлық ұйымдар мен бірқатар елдің үкіметтері бірігіп жүргізген жаһандық зерттеу IPC қорытындысы жариялады.

Осы тұста Израиль Газа қаласына операцияға дайындықты күшейтіп жатыр. Мыңдаған запас әскер шақырылған. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху ХАМАС толық жойылмайынша әскери қимыл жалғасатынын мәлімдеді.

Израиль армиясы қазірдің өзінде Газа қаласының шетіне жеткен. ЦАХАЛ дереккөздері шабуылдың қыркүйектің ортасына жоспарланғанын хабарлады.

Израильдің қауіпсіздік кабинеті бұл шешімді бір ай бұрын мақұлдаған. Әскердің басты мақсаты кепілде отырған 48 адамды босату. Олардың ішінде 20-сының тірі екені айтылған.