Руханият • Кеше

Тұлға туралы тың дерек

490 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Абай Құнанбайұлы өмір жолындағы бір тарихи сәтке, нақтырақ айтсақ, 1896 жылдың 5 қыркүйегіне үңілмекпін. Бұл талай ғалымның назарынан тыс қалған, бірақ Абайдың рухани болмысын тереңірек тануға мүмкіндік беретін жаңа тарихи дерек.

Тұлға туралы тың дерек

XIX ғасырдың орта шенінен бастап қазақ сахарасын толық бағындырғаны аздай, енді империя қазақтың санасына ауыз салды. Бұл отарлық саясаттың ең сұмдық кезеңі еді. Жерді тартып алу – тәнді тұсаса, сананы жаулау – рухты тұншықтырады. Шоқындыру ­саясаты 1860 жылдардан кейін тіпті қарқынды жүрді. Бұл жерде Н.И.Ильминскийдің де «зор үлесін» атап кету керек. Оның хрис­тиандық-миссионерлік қызметке қатысты көзқарасы мен «түземдіктер» арасында жүр­гізілген үгіт-насихат әдістемесі патша билігінің идеология негізіне айналды. Ол ұсынған кең көлемді миссионерлік практика бағдарламасы империя саясатымен тығыз байланыста жүзеге асып, қазақ халқын христиандандыру үдерісінде тиімді құрал ретінде қолданылды. Бұл ретте православиеге үгіттейтін миссионерлік қызмет пен патшалықтың орыстандыру бағыты өзара ажырамас бірлікте болғанын атап өткен жөн.

Қазақ оқырманы үшін шығарылған миссионерлік басылымның жалпы саны жүзге жуық, оның ішінде қайта басылғаны да бар. Бұл «шабуылдар» әсіресе шекаралас аймақта қатты сезіліп жатты. Аласапыран заман Абайдың уақытына дәл келген.

Хакім Абайдың ұстанған көзқарасы өлеңдері мен қара сөзінде толық келтірі­леді. Профессор Тұрсын Жұртбайдың «Күйе­сің, жүрек... Сүйесің» атты еңбегінде барын­ша талданған. Сондықтан ­бұл мәселеге тоқталудың қажеті жоқ. Ал өмір­де, ел арасында, оның ішінде Көкбай­дың естелігі негізінде Сергей деген миссио­нермен кездесіп, сөзден жеңгені туралы әңгіме көп тараған. Ол туралы жазба жеткілікті болған соң тоқталмаймыз. Қара сөздерін айтып отырған себебім, Абай­дың діни ойлары сол еңбегінде толық жазыл­ған, ал архимендрит Сергей хакіммен кез­десіп, сөз таластырған.

Қазақ халқын христиан дініне өткізуге бағытталған миссионерлік әрекеттер туралы деректерді зерделей отырып, назар аударарлық тарихи құжатқа тап болдым. Бұл дерек бұрын-соңды абайтану­шылардың назарынан тыс қалып келсе керек. Сондықтан мақалада Абай туралы жазылған деректі қазақ тіліне аударып, түп­нұсқада беріп отырмыз.

1897 жылы жарық көрген «Православ­ный Благовестник» журналының №8-9 сандарында орыс миссионері, дін қызмет­кері Леонид Покровскийдің «1896 жылғы қыр­ғыз миссионерінің жазбалары» («Записки киргизского миссионера священ­ника Леонида Покровского за 1896 год») атты естелігі жарияланған. Аталған журнал Мәскеуде 1893 жылдан бастап православ миссионерлік қоғамының бастамасымен айына екі рет басылып отырған.

Покровскийдің жазбаларында Семей өңіріндегі молдалармен кездесулері сипатталады. Оған қоса Л.Покровский Ибра­хим Колымбаев деген қазақпен кездескені туралы егжей-тегжейлі жазады. Әрине, «Колымбаев» деп жазғаны күмән тудыруы мүмкін. Бірақ орыстар қазақтардың аты-жөнін бұрмалағанда түпнұсқасын таппай қалатын жағдай көп болғанын бәріміз білеміз, сондықтан «Колымбаев» дегені «Кунанбаевтың» бұрмаланған нұс­қасы болса керек. Осы дерекке сүйене отырып, Абай Құнанбайұлының ислам дінінің қорғаушысы ретінде айрықша рөл атқарғанын байқаймыз. Ол тек молдалар үшін ғана емес, миссионерлер­­мен пікірталаста да беделді тұлға ретінде кө­рінеді. Абайдың діни білімінің тереңдігін, рухани ұстанымының беріктігін және ­исламды қорғаудағы ұстанымын миссионерлер де мойындаған.

Леонид Покровский өзінің естелігін былай бастайды: «Қырғыз миссиясында, Алтай миссиясының үлгісімен, жыл сайын қаңтар айында барлық миссионерлердің съезі өткізіледі. Биыл бұл жиынға жеті миссионер қатысты. Олардың көпшілігі үшін, мен үшін де, бұл алғашқы съезд болды. Миссия басшысы архимандрит Сергий тұратын Шүлбі атты шағын казак ауылында біз бір апта бойы күн сайын таңертең және кешке архимандриттің үйінде жиналып отырдық.

Жиындарымыз миссионерлік жазбаларды оқып, қырғыздар арасында христиан дінін неғұрлым тиімді таратуға көмекте­сетін түрлі шараларды талқылаудан тұр­ды. Съезд барысында мен қызмет ететін орта жағдайларымен жақсы танысып, алдағы қызметімде кездесуі мүмкін қиындықтарға іштей дайындала бастадым.

Съезден оралған соң, мен қырғыз тілін үйренумен айналыстым және Құдай сөзін жеткізуге дайындалдым. Кейде маған кел­ген қырғыздармен сұқбат жүргіздім. Сирек болса да, жақын маңдағы ауылдарға шығып, сол жерде де уағыз айттым», дейді. Миссионер өз жұмысын адал атқару мақ­сатында жер-жерді аралай бастайды. Сөйтіп, Аққұм, Бесқарағай, Айғыржал, Кеңтүбек, Жетітау (Семитавская), Шаған, Бұғылы, Шыңғыс болыстарын аралайды. Жолда уағызын айтып, қазақтарды хрис­тиан дініне шақырумен қатар, осы дінді қабылдаған қазақтарың жай-жапсарын біліп, молдалармен діни диспутқа түсіп отырады. Естелікте: «Бесқарағай және Ақ­құм болыстарын аралап жүргенімде, ауыл­дарда миссионерді көбіне салқын қарсы ­алатынын байқадым. Олар оны тезірек келесі ауылға жөнелтуге тырысады. Ал Бесқарағай болысынан тікелей қорлау естуге тура келді. Ол мені өз ауылына кіргіз­гісі келмеді. Маған «сенің еш қатысың ­жоқ, маған келудің қажеті жоқ» деп, тіпті менің атқосшымды түнде түрмеге қамағысы келді.

Әрең дегенде байғұс атқосшыны қорғап қалдым, амалсыз келесі ауылға аттануға тура келді. Мені барлық жерде салқын, тіпті жауласқандай кейіпте қарсы алды, сондықтан әңгімеміз де солғын әрі қызықсыз болды. Бұған қоса, осы екі болыстағы ауылдың көбінде татар молдасы бар. Бұл молдалар миссионер келгенде қалай әрекет ету керектігі жөнінде Семейден арнайы нұсқау алғандай әсер қалдырады. Молда әдетте миссионер отырған жерден барлық қазақты таратып жібереді, тек өзі сенетін екі-үш адам ғана қалады. Содан кейін ол өте сыпайы сөйлесуді бастайды, бірақ әңгіме дін тақырыбына ауысқан сәтте, мазасызданып, ондай әңгімені тоқтатуға немесе басқа тақырыпқа бұруға тырысады», деп жазыпты. Молдалармен сұқбат құрып, оларды сұрақтармен барынша жеңуді мақсат еткен миссионердің алғашқы Абай туралы ауыл молдасынан естігені жайында былай сипатталады: «Басқа бір ауылда молда менімен дін туралы сөйлескісі келмей, маған былай деді: «Сен біз сияқты сауаты төмен молдалармен оңай сөйлесесің, ал егер Семейдегі білімді молдалармен сөйлессең, исламның ақиқаттығына өзің де көз жеткізер едің». Өз сөзінің дәлелі ретінде ол миссионер әкей Иоанн Никольскийдің де бұрын оларға уағыз айтуға келгенін, бірақ Семейде молда Ибрагим Колымбаевпен сөйлескеннен кейін, ұялып, мүлде ел аралауға шықпай кеткенін айтты», дейді. Бұдан кейін де ауыл молдаларынан, ел арасынан Ибрагиммен кездессең, барлық сұрағыңа жауап аласың деген сияқты сөздерді жиі ести бастайды. Миссионер: «21 тамызда Семей арқылы сахараға шықтым. Жолда Жетітау (Семитавской), Шаған, Бұғылы, Шыңғыс және Көккөл болыстарын араладым. Барлығы 30 ауылда болдым. Осы ауылдардың көбінде әңгіме жүргіздім. Мен кездескен адамдардың көбі Ибрагим Колымбаевқа жолыққаның дұрыс деп кеңес берді». Ешқандай молданың білімі мен айтқан сөзін жақтырмай, тек сынаумен келе жатқан миссионер үшін есімі аңызға айнала бастаған Ибрагиммен кездесу қызық бола бастағаны көрінеді. Ендігі ойы – Абаймен жолығу. Осылайша, «5 сентября приехал наконец и к знаменитому среди киргиз Ибрагиму Колымбаеву» дейді. Сонымен миссионер Леонид Покровскидің естелігін сол күйінде берейік:

«5 қыркүйек күні мен қырғыздар арасында танымал Ибрагим Колымбаевқа ақыры жеттім. Ибрагим менімен алғашқы сөзден-ақ дін туралы пікірталасқа кірісті. Ол былай деді: әлем жаратылғаннан бері адамдар арасында сенім туралы дау-дамай тоқтаған емес, әркім өз сенімінің ғана шынайы екенін айтады, бірақ ешкім ешкімге нақты дәлел келтіре алмаған, сондықтан әр адамды өз сенімінде қалдырған дұрыс емес пе?

Мен оған қарсы пікір білдірдім: сенім әртүрлі – кейбіреуі ғылымды менсінбейді, басқа дін өкілдеріне өшпенділікті насихаттайды, әйелге жабайы, айуандық қатынасты уағыздайды, адамды қажетсіз, ұсақ-түйек рәсімдердің құлына айналдырады, тіпті өзге сенімдегілерге қарсы қасиетті соғыс жүргізуді де насихаттайды. Мұндай дін адамзат үшін зұлымдық шығар, онымен күресу керек. Сондықтан әркімді өз сенімінде қалдыруға болмайды, керісінше, жалған сенімге ергендерді оны тастауға сендіру қажет.

Ибрагим бұған толыққанды дайын жауабы бар екенін айтты, бірақ алдымен басқа бір ойды жеткізгісі келді. Ол былай деді: Адам өмірі ұйқыға ұқсайды. Мысалы, ұйқы кезінде адам байқаусызда баланы басып кетсе – бұл оның кінәсі емес. Ол оянады, ар-ұжданы таза, бұл қателік үшін Құдай да жазаламайды. Жер бетінде өмір сүріп жүрген адам да ұйқыдағыдай бейсана күйде болады, ол өледі, кейін қатты қателескенін түсінеді, бірақ бұл қателігі білместіктен болғандықтан, ар-ұжданы мазаламайды, Құдай да жазаламайды. Сондықтан адамның жалған дінге сенуі маңызды емес – ол үшін жазаланбайды.

Мен молдаға қарсы шығып: адам өмірін ұйқыдағы адамның бейсаналық күйімен салыстыруға болмайды. Адам өмірінің мәні – оның саналы және еркін болуында. Адам туа біткен ар-ұят сезімі арқылы жақсылық пен жамандықты ажырата алады, әрбір әрекеті үшін алдымен ар-ұжданы алдында жауап береді. Жаман әрекеттің себебі – білместік емес, адамның бұзылған табиғаты. Адам – бейсана машина емес, ақыл-ойы бар, еркін тіршілік иесі, өз әрекеті үшін жауапты. Адам өмірін ұйқымен, оның әрекетін ұйқыдағы қозғалыспен салыстыру – адамды адамдық қадір-қасиетінен айыру, оны машина деңгейіне түсіру.

Мүмкін бұл көзқарас исламдағы Құдай туралы түсінікпен — әлемдегі жалғыз әрекет етуші күш, жақсылық пен жамандықтың жалғыз себепкері, адамның әрбір әрекеті мен ақыреттегі тағдыры Құдай тарапынан алдын ала белгіленген деген ұғыммен сәйкес келетін шығар. Бірақ христиан діні адамның моральдық әрекеті туралы мүлде басқаша үйретеді. Мен оған жердегі өміріміз – болашақ өмірге дайындық екенін, ақыреттегі тағдырымыз осы өмірге байланысты екенін егжей-тегжейлі түсіндірдім. Сондықтан әрбір әрекетіміз мұқият ойлас­тырылуы керек, адамның ұстанатын діні де терең зерттелуге тиіс. Егер оның айтқанындай ойласақ, онда адам жасаған кез келген жаман әрекет, қылмыс пен зорлық – ешқандай айыптауға немесе жазаға лайық болмайды.

Ибрагим менің айтқанымды жақсы түсінді, бірақ өз теориясынан бас тартқысы келмеді. Мен христиандық көзқарасты түсіндіре отырып, ислам ілімінің адам­гер­шілік сезім мен ақылға қайшы келетін тұстарын атап өттім. Сонда Ибрагим исламды қорғағысы келмейтінін айтты. Ол былай деді: Мен – шынайы мұсылманмын, бірақ сіз ойлағандай емеспін. Ислам үйрететін көп нәрсені мойындамаймын. Құран қатты бұрмаланған, онда шындық пен жалған­ды ажырату қиын. Мұхаммед пайғамбар ешқашан қасиетті соғыс туралы үйреткен емес, ол әрдайым ғылыммен айналысуды қолдаған, барлық адамға махаббатпен қарауды насихаттаған.

Діни төзімсіздік – кейінгі молдалардың, әсіресе түріктердің, өз билігін сақтау үшін ойлап тапқан нәрсесі және татарлар – орыс билігіне бодан болып, одан құтылу арманынан туған. Қазан медреселері – мұсылман еместерге деген өшпенділікті насихаттайтын басты орталық. Түркияда, Арабияда, Парсыда — Қазандағыдай фанатизмді насихаттамайды. Қазіргі кезде ислам ілімі ең қатты бұрмаланып жатқан жер – Қазан.

Орыстар исламды жеткілікті білмейді, оның тереңдігін түсінбеген. Көпшілігі исламды аудармалар арқылы оқиды, ал барлық аударма, соның ішінде Г.Саблуковтікі – өте қате. Мен, – дейді Ибрагим, – Мұхаммед пайғамбар қалдырған ислам дінінің шынайы нұсқасын қалпына келтірумен айналысып жүрмін. Мен өлгеннен кейін мұсылмандар еңбектерімді оқиды, мүмкін менің ісімді жалғастыратындар табылар.

Мен Ибрагимнің үйінде түнедім. Көп­теген мәселені талқыладық. Ол өте көп оқыған, тіпті философтарды да оқыған, бұл білімін де жасырған жоқ. Мысалы, граф Лев Толстой туралы үлкен мақтау­мен айтты, оны ислам туралы көзқарасты бөлісетін адам деп санайды. Әкей Иоанн Кронштадтский туралы «біздің әкей Иоанн» деп атайды. Христиан діні туралы өте ұстамды сөйлейді. Ал исламда көп нәр­сені сынға алады. Семейлік молдаларды – білімсіздік пен фанатизм үшін айыптайды.

Келесі күні Ибрагимнің үйінен шығып, тағы бес ауылға бардым. 12 қыркүйекте аман-есен үйге оралдым.

Миссионер, священник Леонид Покровский».

Абай Құнанбайұлының бізге белгілі өмір жолын сараласақ, 1896 жылы ақын өмірінде маңызды бетбұрыс болғанын көреміз. Бұл кезеңде ол болыстық қызметін аяқтап, қоғамдық-саяси істерден бойын аулақ ұстай бастайды. Сол уақыттан бас­тап Абайдың рухани және философиялық ізденісі тереңдей түседі. «Ғақлия» аяқ­талып қалған. Миссионер Леонидпен де әңгімесінде «Мен, Мұхаммед пайғамбар қалдырған ислам дінінің шынайы нұсқа­сын қалпына келтірумен айналысып жүр­мін. Мен өлгеннен кейін мұсылмандар еңбектерімді оқиды, мүмкін менің ісімді жалғастыратындар табылар», дегенінен үлкен толғаныста жүргенін байқау қиын емес. 1896 жылдан кейін дін мәселесіне толыққанды отырғанын байқауға болады. Профессор Асан Омаровтың «Абай: ашылмай келген қырлары» монографиясында айтылғандай: «Сенім – ақыл-ойдың, танымның өнімі. Егер таным таяз болса, иман да әлсіз. Сондықтан өзінің квинтэссенциялық күрделі еңбегі – 38-қара сөзін Абай «Ықыласпен оқып, ұғып алыңыздар, оның үшін махаббатың толады» деп бастап, Алла Тағаланың болмысын зерттеуді қолға алады. Әлемдік теология саласына қомақты үлесін қосады», дейді. Ғалымның пікірінше «Ғақлия-тастидиқат» немесе 38-қара сөз 1899–1902 жылдар аралығында жазылған. Яғни христиандандыру үдерісі, мұсылмандардың ислам дінін ұстауы, кем-кетігі барлығы ұлы Абайды ойландырмай қоймаған. Осы толғаныс нәтижесінде 38-қара сөзі дүниеге келген. Хакім Абай дүр жауһар сөздерімен ғана емес, сонымен қатар дін Ислам үшін күрескен жан ретінде де тарих бетінде қалады. Миссионерлермен кездесіп (архимандрит Сергей, Иоанн Никольский, Леонид Покровский), олармен терең пікірталасқа түсіп, әр уақытта абыроймен шығып отырғаны Абай бейнесін одан әрі асқақтата түскендей.

 

Саят БАЙМҰРАТҰЛЫ,

Астана халықаралық университеті Өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы