Спорт • Бүгін, 12:40

Спортты серік еткен лейтенант

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Спорт шекара ғана емес кәсіп, мамандық та таңдамайды. Бейбітшілік елшісі саналатын бекзада өнер саңлақтың ғана емес мемлекеттің де мерейін асырады. Біз сөз ететін кейіпкеріміз – әскери сала қызметкері. Түрлі деңгейдегі турнирлерде топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Спортты серік еткен лейтенант

Нұрсұлтан Хамзаұлы – Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы, Ақтау ауылынын тумасы. Қарапайым ауыл баласы ерте жастан тәртіпке дағдыланып, еңбекпен есейді. Орал қаласындағы № 4 жалпы білім беретін мектепті тәмамдап, жоғары білім алу үшін  Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетіне түсті. Әкесі мен анасы Нұрсұлтанды адалдыққа, отансүйгіштікке баулыды.

Жасөспірім кезінен спортқа ден қойып дзюдо күресімен айналыса бастады, Спорт оны тәртіп пен шыдамдылыққа баулып, батылдық пен жеңіске деген жігерін жаныды. Дзюдо күресінен қалалық, облыстық біріншіліктерде олжа салып топ жарды. Кейінірек Нұрсұлтанның қоян-қолтық ұрысына қызығушылығы оянып, шұғылданып көруге бет бұрды.  Бұл шешімі оның болашақ жауынгерлік өміріне айтарлықтай әсер етті.

Мерзімді әскери қызметін Қарағанды қаласындағы Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінде атқарып, «ефрейтор» әскери атағымен оралды. Әскери өмір оны тәртіп пен жауапкершілікке баулыды. 2019 жылы  Қазақстан қарулы күштері Шекара кызметінің 2029 әскери бөліміне келісімшарт негізінде қабылданды. Лауазымдық міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқарып, тәжірибесін шыңдай түсті.

Арада екі жыл еткенде Арнаулы мақсаттағы басқармаға ауысты. Әскери жаттығулар мен арнайы дайындықтарда үздік нәтиже көрсетті. Тек дене дайындығымен ғана емес, тактикалык ойлау қабілетімен де өзгелерден дараланды. Тындырымды еңбегі жеміссіз болған жоқ.  Талантты спортшы 2024 жылы алғашқы офицерлік шен «лейтенант» әскери атағын алды. Бұл офицерге зор жауапкершілік жүктеді. Әскери қызметпен қатар, спорттағы жетістіктерімен де танылды. Қоян-қолтық ұрыстан Орал мен Алматы қалаларының, облыстық, республикалық турнирлерде жеңіске жетті. Қазақстан кубогы мен ҰҚК Шекара қызметі директорының кубогын жеңіп алды.

Сонымен қатар, Арнаулы мақсаттағы басқарма мен 6505 әскери бөлімінің чемпионы атанды. Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарып жүрген Нұрсұлтан - ел қорғаны болудың жарқын үлгісі. Оның әскери қызметтегі жетістіктері, спорттағы жеңістері және өмір сынындағы табандылығы жастарға өнеге. Ерлік - елге қалтқысыз қызмет етуден басталады. Нұрсұлтан Мұратов осы жолда адал еңбек етіп келеді.