
Жыл сайын тамыздың екінші жексенбісіне тұспа-тұс келетін кәсіби мерекені қостанайлық құрылысшылар биыл ертерек атап өтті. Салтанатты жиынның шымылдығын облыстық филармонияның симфониялық оркестрі ашты. Іле сахнаға көтерілген облыс әкімінің орынбасары құрылысшыларды атаулы күндерімен құттықтап, өңірде құрылыс саласының қарқыны жоғары екенін айтты.
«Облыста кейінгі екі жыл ішінде құрылыс көлемі екі есе ұлғайды. Жыл басынан бергі өсім көлемі 56%-ға жетті. Бүгінде бүкіл ел игілігін көріп отырған зәулім үйлер, заманауи мектептер, ірі зауыттар, теп-тегіс кең жолдар – осының бәрі сіздердің ерен еңбектеріңіздің айғағы. Сіздер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қолжетімді баспана қарапайым халықтың арманына емес, өмір шындығына айналуға тиіс» деген тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға үлкен үлес қосып келесіздер. Өңірде кейінгі екі жылдың ішінде ғана 2 млн шаршы метрден астам баспана бой көтерді. 2025 жылы тағы 500 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарда бар. Оның 262 шаршы метрі салынып бітіп, халық игілігіне беріліп жатыр», деді әкім орынбасары.
Берік Таңжарықов өңірде құрылыс материалдарын шығаратын жергілікті кәсіпорындардың өндіріс көлемі өскенін тілге тиек етті. Айтуынша, құрылыс компаниялары ең алдымен, өз өнімдерімізді пайдалануға тырысады. Осының нәтижесінде, жыл басынан бері құрылыс материалдары өндірісінің көлемі 23 млрд теңгеден асқан.
Облыс әкімінің орынбасары құттықтау сөзінен кейін тас қалаушы, сылақшы, әрлеуші, конструктор, монтаж жасаушы, дәнекерлеуші, экскаватор, кран басқарушы, жүк көлігін жүргізуші, ардагер құрылысшылар, Қостанайдағы құрылыс колледжінің ұстаздарына «Ерен еңбегі үшін» медалін, «Құрметті құрылысшы» төсбелгісін, облыс әкімінің алғысхаттарын табыс етті.
Кәсіби мереке қарсаңында марапатқа ие болғандардың дені – қатардағы құрылысшылар. Соның бірі – «Құрметті құрылысшы» төсбелгісін алған «БК Строй» құрылыс компаниясының маманы Марал Ешмұхаметов. Ширек ғасырға жуық уақыт құрылыс саласында еңбек етіп жүрген тәжірибелі тас қалаушы бүгінде компанияның бір бригадасына жетекшілік етеді.
«Біз келгенде дәл осы тұрған жер ештеңесі жоқ, тақыр дала болып жататын еді. Қазір бұл жерлерді «Алтын арман», «Юбилейный», «Береке» деп аталатын сәулеті мен сәні жарасқан, тіршілігі қайнаған үлкен шағын аудандар басты. Қазір бригадамызда 20 шақты адам бар. Бір жылда бір үй тұрғызамыз. Кейінгі жылдары құрылысшының жағдайы едәуір жақсарды. Айлығымыз жоғары, сыйақы, еңбек демалысы беріледі. Үш балам бар. Мынау әсем үйлерді біздің әкеміз тұрғызды деп олар да мені әжептәуір мақтан тұтады», дейді тас қалаушы.
Марапаттау рәсімінен кейін көпшілік Құрылысшылар күніне арналған мерекелік концертті тамашалады.
Қостанай облысы