
А.Гитовичтің «Орыс аударма өнерінің шыңы – Лермонтов» дегеніне күмән келтіріп жатқан кісіні көрген емеспіз. Сол сияқты қазақта да аудармада Абайдың алдына түсер адам жоғы анық. Лермонтов аудармашылығының нөмірі біріншісі Гетеден жасаған «Горные вершины», Абай аудармашылығының нөмірі біріншісі Лермонтовтан жасаған «Қараңғы түнде тау қалғып» десек, көп талас туа қоймас. Енді осы ойды таратуға көшейік.
Гете «Жолаушының түнгі әні» (немісшесінде «Wanderers Nachtlied») деп атаған бұл өлең 1780 жылы жазылған. Өлеңнің қалай туғаны жайында сан қилы пікір бар. Олардың дені сол тұста Веймарда қызметте (герцогтың кеңесшісі) жүрген Гетенің сарай өмірінің сананы сансыратып жіберетін сергелдеңінен қажыған сәтте мүлгіген түнгі табиғаттан тыншу тапқанын қағазға түсіргені дегенге саяды.
Мариэтта Шагинян былай жазған екен: «Гете «Жолаушының түнгі әнін», бәлкім, содан алты жыл бұрын қайтыс болған қарындасы Корнелияны ойлай отырып жазған болар. Ұйқы құшағына беріле бастаған табиғаттың суретіне көз жібере тұрып, ол өзі де тұңғиыққа батырып, келмеске кетіріп жіберетін түннің құшағына көмілмей қалмайтынын кенет сезінген сияқты. Алайда өмірді еңбектің, қайраттың толастамас ерлігіндей санайтын адам үшін өлім табиғаттағы сияқты құшырлана «тыныс алудан» кейін өзінен өзі келетін «тыныс шығару» сияқты тыншудай, тыншығудай көрінген». Шәкірхан Әзмұхамбетов біз интернет иірімдерінен кездестірген «Гёте, Лермонтов и Абай» атты мақаласында Айбек Кәрімовтің кеңінен тараған көзқарастарды негізінен құптай отырып, өлеңнің сарынында діни желі бар деген ойын келтіреді. Гете «Поэзия мен шындық» атты еңбегінде мұсылман әлемінің пайғамбары Мұхаммедке бөлекше құрметпен қарайтынын, ерекше сенетінін жазғаны, Құранды «ең Ұлы Кітап» деп танығаны белгілі. Гете Құранның бірнеше сүресінен жекелеген аяттарды аударғаны да, «Мұхаммед туралы жыр» атты өлең жазғаны да мәлім. Айбек Кәрімов Гетенің пайғамбарымыздың осынау мәңгілік, шексіз әлемді жаратқан субстанцияны іздеп, түндер бойы көз ілмейтін сәттері жайында пьеса жазбақ болғанын да еске салады. Оның ойынша, өлең ақынның түнгі табиғаттан, тау шыңдарынан алған әсері мен сол әсерді одан сайын күшейте түскен Құранның «Духа» сүресіндегі «Тым-тырыс түнге ант!» деген аяттың астасуынан туған. Бұл да бір назар саларлық көзқарас.
Табиғат аясында туып, табиғат аясында өскен, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп білген Абайдың мұндай ойларға берілуі де әбден мүмкін. Айналдырған екі шумақтан Құранды, өлімді іздеп кету артық та көрінуі мүмкін. Классиканың бара-бара жаңа бояулар ашып, тың тыныс қосып жататыны болады.
Гетеден жолма-жол аударма жасағанда өлең былай болып шығады:
Барлық шыңдар басында тыныштық,
Ағаштардың басында
Болар болмас
Леп байқалады;
Ормандағы құстардың үні өшкен,
Тек сабыр ет, сәлден кейін
Сен де тыныс табарсың.
Енді М.Лермонтов нұсқасын еске түсірелік:
Горные вершины
Спят во тьме ночной,
Тихие долины
Полны свежей мглой.
Не пылит дорога,
Не дрожат листы,
Подожди немного,
Отдохнешь и ты.
Бұл өлең – жазылғалы бері-ақ орыс әдебиетінің ұлы шығармасы.
Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт дел-сал ғып
Түн басады салбырап.
Шаң шығармас жол-дағы,
Сілкіне алмас жапырақ.
Тыншығарсың сен-дағы
Сабыр қылсаң азырақ.
«Қараңғы түнде тау қалғып» – аудармадағы көркемдіктің, бейнеліліктің, әуезділіктің, дәлдіктің эталоны.
Лермонтовтағы «тау шыңдарын» «тауға» түсіріп, асқақтаған шыңы жоқ Шыңғыс тауына келтіріп, «аңғарды» жазық «далаға» ауыстырып, Қарауылдың айналасына айналдырып жіберген данышпандығының арқасында Гете картинасы қазақ жеріне көшкен де қойған.
Үш тілдегі нұсқаны қатар салыстырып қараған Медеубай Құрмановтың: «Даланы жым-жырт етіп қана қоймай, дел-сал ғып кететін түн қазақ сахарасының түні, қазақ түні болса керек» деп таңданатын, тамсанатын жөні бар. Абай нұсқасын Лермонтов туындатқан жырға жолма-жол қойып көрсеңіз де сурет тұрмақ, сөз сәйкестігіне қайран қаласыз. Сол мүлгіп тұрған тыныштықтың өзінде Абайда қимыл көбірек. Гетеде етістік үшеу екен, Лермонтовта да солай. Абайдағы етістік, толымдысы бар, толымсызы бар – сегіз: қалғып, балбырап, ұйқыға кетер, дел-сал ғып, түн басады, салбырап, шаң шығармас, сыбдырламас. Бар сөздің саны 25 болғанда, оның 8-і етістік болғанда бұл өлең бастан-аяқ қимыл-қозғалысқа толып кетпей ме? Кетпейді. Абайдың құдіретті қаламымен қаланған бұл етістіктер қайта табиғатты мүлгітіп, маужыратып, оның құшағындағы адамды балбыратып, албыратып барады.
Абайдың соңғы екі жолындағы «тыншығарсың», «сабыр қылсаң» деген екі сөзге таң-тамаша қалмау мүмкін емес. Гетеде де, Лермонтовта да сөз түйіні демалуда, тынығуда, дамылдауда. Өлеңді «Лермонтовтағы табиғат, түн, тыныштық суретіне Абай кеңістік-көлемдік, уақыттық-қозғалыстық перспектива қосады.Үнсіз уілдеген меңіреу сарынмен кеңістікті кернеп келе жатқан Тыныштық бірте-бірте байырқа тауып, өзінің ең шырқау нүктесіне – дыбыс, қозғалыс атаулы сан тынған толық тыншу күйіне жетті» деп тамаша талдаған Тұрсынжан Шапайдың: «Сонымен, «тыншығарсың»... – дейді Абай. Егіз қабат, қос астар арна сабырмен толқып, толқындары алмасып, ағысқа ағыс жалғай, тереңге тереңін төсей қозғалған мағыналық ағындар осы «тыншығарсыңда» тоғысып, тұңғиығы шұбырлаған түпсіз телегейге айналады» (98, 139) дегеніне толық қосыламыз. Ал «Табиғат пен адам ұлы байырқа, тұңғиық тынымда қайта табысты... Осы арада тоқтайсың... Бұл қай тыным? Күнделікті тәтті ұйқы ма, жоқ біржола тыншығу ма? Таң атқанша ма, мәңгілік пе?» деуіне толық қосылу шарт емес. Абай Гетеде де, Лермонтовта да жоқ «тыншығуды» шығарғанда, демалудың, тынығудың, дамылдаудың, тыныштық табудың орнын осы сөзбен алмастырғанда табиғат тылсымы адамды нирвана күйіне келтіретіндей құдіретке ие екендігін, ол үшін «азырақ сабыр қылу» керектігін айтатындай.
«Казахстанская правдадағы» «Торжество созвучности» атты мақаламызда (2020 жыл, 18 тамыз) осы «тыншығудың» мәнін оқырманға былай түсіндіруге тырысқан едік: «В статьях о переводческом мастерстве Абая, написанных на русском языке, обычно приводится обратный подстрочный перевод, в том числе последние две строки: «Возможно, отдохнешь и ты, Если немного потерпишь». Конечно, таким образом мы никогда не покажем величие Абая. Выше мы постарались доказать, что «тыншығу» далеко не «отдых» («демалыс»), а «сабыр қылу» не совсем означает просто «потерпеть». Синономический ряд слова «сабыр» включает такие понятия как «терпение», «выдержка», «прочность», «сдержанность».
Әдебиетте көп нәрсе интерпретацияға байланысты.
Тек сабыр ет, сәлден кейін
Сен де тыныс табарсың.
Қалай айтсаңыз да Гетедегі түйін осы.
Подожди немного,
Отдохнешь и ты.
Қалай айтсаңыз да Лермонтовтағы түйін осы.
Мұны әдебиеттанушылар былай түсіндіреді. «У Гете – картина постепенно засыпающей природы: последним так же мирно отходит ко сну человек. Лермонтов обещает вечный отдых от житейских невзгод». Дәл осыдан «вечный отдых» таба қою оңай емес. Ал Абай тапқан! Расында да, «тыншығудың» аясы кең. Оған дамыл табу да, жайбарақаттану да, көңіл жайлану да, саябырсу да, сабырға келу де, айығу да кіре береді. Абайдың өзі бұл сөзді басқа бір өлеңінде «Көз ұйқыда, ой тыншып, Дем алып жатсын көкірек» деп келтірген. «Қараңғы түнде тау қалғыпта» дәл осы «ойдың тыншуы» айтылып тұр емес пе? Біздіңше, солай. Ойың тыншымай, бойың тыншымайды. Аударма айшықтылығының бір дәлелі – осы «тыншығу». Орысшаға қайта қайырса «находить покой (успокоение)» ұғымына жақындайтын бұл сөздің мағынасы кеңірек, тереңірек. Ойына ой қосқан деген сол болады.
Тамаша тұстың тағы бірі – «Сілкіне алмас жапырақ». Лермонтовта ондай күй жоқ – «Не дрожат листы», яғни жапырақтар дірілдемейді, сілкінбейді. Ал Абайдың жапырақтары «сілкіне алмайды». Абайдың жапырақтары сілкінгісі келеді! Ауаның тымықтығы, желдің атымен жоқтығы сондай, жолдан шаң шығару тұрмақ, үп етсе дір ете қалғалы тұрған жапырақтың өзін қозғай алмайды... Ғажап емес пе?
«Лермонтов, түпнұсқадан «шыңдар» және «сен де демаларсың» деген екі тұсты ғана алып, Гетенің сезімін ғана жеткізді. Бірақ сезімнің адалдығы, шынайылығы сондай, орыс өлеңінің неміс өлеңіне қаны да, жаны да бір туыс болып шығуы үшін осының өзі де жетіп жатты» дейді атақты аудармашы В.Левик. Сонда Лермонтов Гетеден нені аударған өзі? «Лермонтов Гете өлеңінің сөздерін емес, стилін, интонациясын, музыкасын аударған» (Г.Бельгер). Ал Абай Лермонтовтан нені аударған? Бәрін аударған. Бәрін жеткізген. «Өзі өмірінде көрмеген неміс жеріндегі тау-тасты аударманың құдіреті арқылы қазақы кейіпке енгізген» (Бауыржан Омарұлы).
«Қараңғы түнде тау қалғып» – поэзия аударыла ма, аударылмай ма деген сауалға жауап. Өлең өмірді өзіндей өрнектей ала ма деген сауалға жауап та осы. Қазақтың тілі қандай тіл деген сауалға жауап та осы.
Қазақтың қолынан не келеді деген сауалға да жауап осы!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
филология ғылымдарының докторы