
Ахыска түріктерінің тағдыры
Өзге өңірлердегідей Шымкент қаласында да көптеген ұлт өкілдері бір шаңырақ астында бір отбасының мүшелеріндей тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Биыл еліміз Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына отыз жыл толуын атап өтіп жатыр. Осы мереке аясында Шымкентте де қаншама игі іс-шаралар қолға алынып жатыр. Отыз жылдық мерейтойға орай ұлтаралық татулықты нығайтуға үлес қосқан Ассамблеяның белсенді мүшелері түрлі сыйлықтармен марапатталды. Солардың арасында Шымкент қаласы Еңбекші ауданындағы түрік этномәдени орталығының басшысы Мубарис Кураев те бар.
Оның айтуынша, әкесі Рахым 1933 жылы Грузияның Аспенза аймағы Шалушет деген ауылында туған. Кейін 1944 жылы сол төңіректегі түрік халқы Қазақстанға күштеп жер аударылған. М.Кураев бұрын ол жер Осман империясының шекарасындағы ең шеткі аймағы болғанын, ата-бабалары өмір бойы сол жерде тұрғанын айтады. Сол маңда Ахысқа деген қала болған. 1828–1829 жылдардағы Ресей-Осман соғысынан кейін ол аймақ Ресей империясының аумағына өтіп, сол жерді мекен еткен баяғы османдықтар өзге елде қалып қояды. Кейін 1921 жылы Ахысқа өлкесі КСРО құрамындағы Грузия КСР-нің құрамына ресми түрде өтті. Өз отанынан бөлініп қалған түріктер ол заманда Грузияның 4 аймағына қарайтын 160 ауылда тұрған. Сталиннің бұйрығымен қырқыншы жылдары 40 мыңнан астам адам өз атамекенінен күштеп қоныс аударылды. Соның жиырма мыңға жуығы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.
«Әкем қазақ жеріне көшірілгенде 11 жаста болған. Еркек кіндіктілердің бәрі жаппай соғыста. Осында қалғаны тек бала-шаға, қыз-келіншектер мен шал-кемпірлер. Ол кездегі жағдайдың өте ауыр болғанын әкем айтып отыратын. «Бауырмал қазақ халқы қарайласпағанда тағдырымыз қалай болары бір Жаратушыға мәлім еді. Қазақтар өздері аш отырса да бір нанды бөлісіп жедік, жарты құртты да жырып беретін. Сол үшін ағайын халықтың жақсылығын ешқашан ұмытуға болмайды», дейтін әкем жарықтық.
Әкемнің өсиетімен қолымнан келгенше қазақ еліне, туған жерім – Қазақстаныма жақсылық жасаумен келемін және онымды ешқашан міндет санамаймын. Өйткені ол – азаматтық борышым. Осы елде тудым ба, ауасын жұтып, суын іштім бе, оның көркейіп, дамуына өз үлесімді қосуым керек. Менің ойымша, әрбір саналы азамат осылай ойлауға тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, еліміздің мықтылығы – бірлігінде. Қазақстанда өмір сүріп жатқан әрбір ұлт өкілі «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» бірлікпен тірлік қылса, еліміз үшін алынбайтын қамал, аспайтын асу жоқ. Құдайға шүкір, бүгінгі таңда мемлекет әрбір диаспора өкілдеріне бар жағдайды жасап отыр. Олардың өз тілін, дәстүрін үйренуге ешкім кедергі келтіре алмайды. Бір жақсысы елімізде ұлтына қарай кемсітушілік атымен жоқ. Оның бір себебі қазақ халқы о бастан толерантты ұлт. Өзіне жетпесе де өзгенің қамын жеген қазақтай асыл ұлттан ешқашан жамандық шықпайды. Ендігі жерде әрбір диаспора өкілінің міндеті мемлекеттік тілді жақсы меңгеріп, елдің заңын, салтын сыйлау. Сонымен бірге дәл қазір елімізге керегі ішкі тұрақтылық пен бірлік, тағы да бірлік», дейді М.Кураев.
Этномәдени орталығы басшысының айтуынша, еліміздегі түріктерді Ахысқа түріктері деп атаған дұрыс. Бір кездері бауырлас халыққа теліген Месхеті түріктері деген атау қате екенін еске салды. Себебі Грузияда Месхеті деген аудан бар, сол жерде тұратын жергілікті грузин халқы ислам дінін қабылдап, месхетілік болып аталып кеткен. Ал тілі мен салты бөлек түріктер Грузияның Ахысқа жерін мекендеген. Сондықтан оларды Ахысқа түріктері деп атаған жөн. Грузиядан көшірілгеннен кейін жұрт шатасып месхетілік түріктер деп атай салса керек.
М.Кураевтің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда Шымкент қаласында жиырма мыңдай Ахысқа түріктері өмір сүріп жатыр. Олардың бәрі хал-қадерінше өз тілін, салт-дәстүрін сақтауға тырысады. Өздерінің тарихи Отанымен де мәдени байланыс жасап тұрады. Бірақ түбегейлі Түркияға көшіп, сол жақта қалып қоятындары өте сирек. Оның қасында ТМД елдерінің көптеген азаматы Түркиядан үй, басқа да жылжымайтын мүлік сатып алып, сол жаққа қоныс аударып жатыр. Тілге келсек, баяғы Осман империясынан қалған ескі әдеби тіл осы Ахысқа түріктерінде сақталыпты. Керісінше Түркияның Ыстанбұл, Измир, Анкара секілді ірі қалаларында тұратын жергілікті түріктердің тілінде еуропалық сөздер мен батыстық сарын басымдау екен. Мұндай қызықты деректі этномәдени бірлестік төрағасынан естідік.
Мәдени де іскерлік байланыс
Шымкенттің Ахысқа түріктері бауырлас Түркия елімен тек мәдени емес, іскерлік қарым-қатынасты да жандандырып келеді. Мәселен, Шымкенттегі консулдықты басқаратын Латифша Асанов дейтін азаматтың ұйытқы болуымен Түркиядан Шымкентке қаншама инвестиция тартылып, бірлескен қазақ-түрік жобалары қолға алынып жатыр. Ол деген сөз еліміз экономикасының жандануы, қосымша жұмыс орындары пайда болып, әлеуметтік мәселенің түбегейлі шешілуі, дейді М.Кураев.
Расымен де осы күнде Түркияның инвестициясымен Шымкентте жүзеге асып жатқан жоба көп. Мәселен, солардың бірі – биыл құрылысы басталған алып жылыжай кешені. Ол аумағы жөнінен Орталық Азиядағы ең үлкен жылыжайдың бірі. Шымкент қала болғандықтан ашық егіс даласы өте аз. Сондықтан жергілікті әкімдік ауыл шаруашылығын қайта өңдеу саласына, жылыжай шаруашылығына үміт артып отыр.
Бұл жобаларды іске асыруға бауырлас Түрік елінің инвесторлары көмектерін аяп жатқан жоқ. Құрылысы жүріп жатқан жылыжай кешенінің аумағы ондаған гектар жерді алады. Онда көкөністің түр-түрі өсіріліп, келешекте одан алынған өнімдер еліміздің ішкі нарығын толықтай жабуға жұмсалады. Сондай-ақ көкөністің өзімізде молынан өндірілуінің бір пайдасы қыста, ерте көктемде ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс туындаған сәтте нарықты керекті тауармен қамтамасыз етіп, бағаның өсіп кетуіне жол берілмейді. Сонымен бірге түркиялық инвестицияға шаһарда осы күнде әлемдік брендке айналып кеткен танымал сусынды өндіретін ірі зауыт ашылды. Ол жерде де жүздеген адамға жаңа жұмыс орны табылды. Жаңа кәсіпорын қаланың өндірістік әлеуетін одан сайын арттыра түсті. Өндірілген сусындар шаһардың ішкі сұранысын жауып, көршілес өңірлерге де жөнелтіліп жатыр.
Әлемнің жеңіл өнеркәсіп нарығында өз орнын тапқан Түркия Қазақстанға да осы саланы дамытуға көмегін беріп келеді. Түркиялық бірлескен жобалардың нәтижесінде мегаполисте тоқыма өнеркәсібі жаңа сатыға көтеріліп жатыр. Бүгінде көптеген жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша өнім шығарып жатқан кәсіпорындар технология мен керекті шикізатты Түркиядан әкеледі. М.Кураев сол жаққа барып, тоқыма өнеркәсібін үйреніп келіп жатқан шымкенттік мамандар да көп екенін айтады.
«Өз салтымызды жоғалтпау үшін ұлттық мереке, той-томалақтарда лажы болса барынша ұлттық киім киюге тырысамыз. Сондай-ақ тілімізді сақтап қалу үшін үйде бір-бірімізбен ана тілінде сөйлесеміз. Бірақ Ахысқа түріктері мемлекеттік тілмен қатар, орыс тілінде де еркін сөйлейді. Ол қоғамнан шет қалып кетпеу үшін керек. Қоғамға барынша кірігу үшін бірнеше тілді білген маңызды. Соның ішінде әлбетте бірінші орында қазақ тілі тұрады. Түбі мемлекеттік тіл үстем құратын болғандықтан түрік отбасылары балаларын осы бастан қазақ мектептеріне беріп жатыр. Бірақ өз тілін ұмытпау үшін отбасында ана тілінде сөйлеседі. Салтымызды сақтау мақсатында да ұлттық тағам түрлерін әзірлейміз. Әсіресе мереке кезінде дастарқан үстінде міндетті түрде ұлттық тағамдар тұрады. Сондай-ақ қазақ халқының да ұлттық тағамдарын ұмытпаймыз. Өйткені олардың дәмі ерекше. Көпұлтты елде өмір сүретіндіктен ешқандай тағамды алалап, бөліп-жармаймыз. Көңілімізге не жағады сол тағамды әзірлеп жегенді ұнатамыз», деді этномәдени орталығының басшысы сөзін түйіндей келе.