ҚМДБ Төрағасы баяндамасында мұсылмандардың күнделікті қаржылық істерінде өсімқорлықтан, әділетсіз келісімдерден және күмәнді табыстан сақтануға тырысатынын, сондай-ақ қоғамда адал табысқа деген сұраныстың күшейгенін айта келіп, Ислам қаржысы қағидаларына негізделген өнімдер мен қызметтерге деген қажеттілік артқанын тілге тиек етті.
«Қоғамдағы бұл сұраныс қаржы жүйесінің құрылымдық өзгеруіне түрткі болып жатыр. Дәстүрлі банк қызметтерімен қоса исламдық қаржыландыру, серіктестікке негізделген келісімдер, лизинг, сақтандырудың исламдық түрі сияқты бағыттарға сұраныс артып келеді. Бұл қаржы жүйесінің әділеттілік пен әлеуметтік жауапкершілікке негізделуіне жол ашады. Бұл ретте халықтың Исламға бет бұруы шариғи қаржы саласында пәтуалардың рөлін арттырып отырғанын айта кеткен жөн. Қаржыға қатысты діни сұрақтардың көбеюін және қоғамда осы салаға байланысты сұраныстың артуын ескеріп, ҚМДБ Ислам қаржысы секторын ашу туралы шешім қабылдадым. Аталған сектор қаржылық өнімдерге шариғи сараптама жасап, қоғамға сенімді әрі бірізді пәтуа ұсынатын болады», деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік, жаңа сектор лизинг, сақтандыру, инвестиция, облигация, цифрлық активтер мен электронды төлем жүйелері секілді жаңа қаржылық құралдарға шариғат тұрғысынан баға береді.
ҚМДБ: желідегі оқырман санын бот арқылы көбейтуге тыйым салынады
Сонымен қатар жиында 2026 жыл діни сала аясында «Ислам және адал қоғам» жылы деп жарияланып, негізгі 4 бағыттағы жұмыстарға, атап айтқанда, ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, дәстүр және отбасы, жат діни ағымдардан сақтандыру іс-шараларына басымдық берілетіні айтылды.