Қоғам • Бүгін, 18:50

Президент «штрафстан», «айыппұлстан» туралы айтқандарды қатаң сынға алды

2 мин
оқу үшін

Алатауды дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тағы да «Таза Қазақстан» тұжырымдамасына тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz

Президент «штрафстан», «айыппұлстан» туралы айтқандарды қатаң сынға алды

Оның айтуынша, қалалар мен ауылдарды абаттандыруға, аумақтарды көгалдандыруға әрдайым ерекше көңіл бөлу қажет.

Мемлекет басшысы сондай-ақ экологиялық мәдениетті арттыру мәселесі де басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

«Әсіресе туристік аймақтар мен табиғат аясындағы азаматтардың мінез-құлқына жіті назар аудару маңызды. Қоғамдық тәртіпті бұзатындар, яғни вандалдар заңға сәйкес жауапқа тартылуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, біз құқықтық нигилизмге бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Заң мен тәртіпті құрметтеу – жазадан қорқу емес, ең алдымен жауапкершілігі жоғары азаматтарға тән қасиет. Мұны дұрыс түсіну қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, әлемде әскери қақтығыстар көбейген қазіргі тұрақсыз кезеңде Қазақстан үшін бейбітшілік пен тұрақтылық аса маңызды.

«Онсыз қандай да бір реформалар мен оң өзгерістер болмайды. Сондықтан құқық қорғау органдары құқық бұзушылықтарға қатысты қатаң шаралар мен жазаларды қолдануы керек. Біздің елімізді ұнатпайтын әрі менсінбей қарайтын кейбір адамдар, өкінішке қарай олардың арасында Парламент депутаттары да бар, заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған әрекеттерімізді «штрафстан» немесе «Айыппұлстан» деп атайды. Мейлі, өз ойларының келтелігін көрсете берсін. Ал халықымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік керек», – деді Мемлекет басшысы.

Осы жолдан таймай, «Заң мен тәртіп» саясатын батыл түрде жалғасын табуы керек. Себебі бұл – халықымыздың талабы. Осы мәселеге бүкіл қоғам да, әкімдер де ерекше назар аудару керек деді президент.

Соңғы жаңалықтар