Фото: istockphoto.com
Орталық мәліметінше, тестілеу пункттерінде қауіпсіздік пен бақылаудың бірнеше деңгейлі жүйесі енгізілген. Емтиханның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ету мақсатында кіреберістерде металл іздегіштер мен тұлғаны тану жүйесі қолданылады. Аудиторияларда емтихан барысы үздіксіз бейнебақылауға жазылады.
Тестілеу аяқталғаннан соң бейнебақылау жазбалары алты ай бойы жан-жақты қаралады.
«Талапкерлермен қатар орталық қызметкерлері де тексеріледі. Заңсыз көмек көрсеткен немесе ережені бұзған қызметкерлерге қатаң шара қолданылады. Қажет болған жағдайда материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі», деді орталықтың комплаенс офицері Ғалымжан Мұхамедияров.
Еске салайық, биыл ҰБТ-ға қатысу үшін шамамен 240 мың талапкер тіркеліп, екі мәрте тест тапсыру мүмкіндігімен 446 мыңнан астам өтініш берілген. Ал 10 мамырдан бері елімізде 139 мыңға жуық түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуін тапсырып, оның 115-і тәртіп бұзғаны үшін аудиториядан шығарылған.