Бахтиярхан француз тілін әкесімен бірге Францияда болған кезінде меңгерген. Ол жерде архитектура бағыты бойынша білім алған. Шетелде қалыптастырған тілдік дағдылары оған қызмет барысында азаматтармен тиімді байланыс орнатуға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін сапалы орындауға көмектесіп жүр.
Отбасының үлкені – Бахтиярхан 22 жаста. Ол артынан ерген інілері мен қарындасына үлгі болып келеді. Жауапкершілік, тәртіп пен өзін-өзі дамытуға деген ұмтылыс – оның өмірлік ұстанымы. Қарындасы да шет тілдеріне қызығып, 5 тілді меңгерген. Бұл отбасында әкенің «Тіл білген адам өмірде өз жолын табады» деген тәлімі нақты нәтижесін беріп отыр.
Қатардағы сарбаздың айтуынша, 1 тілді меңгеруге оған орта есеппен 2-3 ай уақыт қажет. Мерзімді әскери қызметін өтеп жүрсе де, ол оқуын тоқтатпайтынын айтады. Әскери бөлімнің командирлері де сарбаздың ізденісін қолдап, қажетті шетелдік әдебиеттерін алдыртып оқуға көмектеседі.
Бахтиярханның жетістіктері тек тіл білімімен шектелмейді. Ол ушу-саньдадан спорт шебері, ел чемпионатының қола жүлдегері. Спорт пен тіл үйрену – оның өмір салтының ажырамас бөлігі.
Бос уақытында Бахтиярхан қарулас достарына шағын тіл үйрену сабақтарын өткізіп, өз білімімен бөліседі. Бұл оған басқа тілде ауызекі сөйлеу деңгейін жетілдіруге мүмкіндік болса, енді біріне жаңа тілді меңгеруге жол ашады.