Өндіріс • 01 Тамыз, 2025

КІА зауыты жылына 70 мың автокөлік шығарады

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанайдағы КІА зауытының құрылысы таяуда толық аяқталады. Қазірдің өзінде өндіріс құрылғыларының дені орнында, желілер жұмыс істеп тұр. Желіден жаңа шыққан жиырма шақты көлікті шетелдік мамандар зертханада жан-жақты тексеріп, сынақтан өткізеді. Бәрі ойдағыдай болып жатса, КІА қазан айында толық өндірісін бастайды.

КІА зауыты жылына 70 мың автокөлік шығарады

Әлемге әйгілі корпорация өз тарихында Оңтүстік Кореядан тыс елде кәсіпорын салу үшін алғаш рет ауқымды қаражат бөліп отыр. Жалпы құны 131,5 млрд теңге болатын инвестициялық жобаның 117 млрд теңгесі – КІА-ның өзінікі. Таяуда «KIA Corporation»-ның атқарушы вице-президенті, компанияның бүкіл әлемдегі өндірісіне жетекшілік ететін ресми өкілі Джонг Джунчхоль Қостанайға арнайы келіп, зауыт құрылысымен танысты.

«Біз Орталық Азиядағы қай елге инвестиция салуға болады деген мәселе төңірегінде ұзақ ойластық. Нәтижесінде, Еуразия кіндігінде орналасқан Қазақстанды таңдадық. Бұл – біз үшін аса ірі әрі маңызды жоба. Бәрін тексердік, ескердік, енді, көріп отырғанымыздай, қазан айында жаппай өндіріс­ке барлығы дайын болады. Сіздердің құрылысқа жан-жақты қолдау көрсетулеріңіздің арқасында жобаны мерзімі­нен кешіктірмей іске асырмақ­пыз. Сондай-ақ локализацияны дамытуды да жоспарлап отырмыз: компоненттерді осында, тұрғылықты жерде өндіруге мүмкіндік беру үшін автобөлшектерді жеткізушілер арасында іріктеу жүргіземіз», деді Джонг Джунчхоль.

Өңір басшысының айтуын­ша, КІА зауыты – Қостанай облысының даму тарихындағы ең ірі шетелдік өндіріс орны.

«Мемлекет басшысының тіке­­лей қолдауы мен тиісті құрылым­дар­дың тыңғылықты жұмысы­ның нәтижесінде, аталған құрылыс рекордтық мерзімде – 1,5 жылда аяқталғалы тұр», деді Құмар Ақсақалов.

Зауыт елдегі ең заманауи кәсіп­орынға айналып, жылына 70 мың автокөлік шығармақ. Желілер осы бастан «Sorento» және «Sportage» модельдерін шығаруға бейімделген. 2026 жылдың соңына қарай қатар­ға жаңар­тылған «Cerato» моде­лі қосылады. Келешекте кәсіп­орында КІА-ның 13 түрлі моделі құрастырылады. Өндіріс орнында дәнекерлеу, шанақ сырлау, пластик бөлшектерді бояу, жинақтау және қойма бөлімдері тәрізді 5 технологиялық учаске бар. Өндірістік цехтарда 67 робот жұмыс істейді. Логистика «үзіліссіз лек қағидатымен» жұмыс істеп, сапа 3D-сканермен бақыланады.

Ұжымда өңірдегі колледж­дер мен университеттерде, сондай-ақ оңтүстіккореялық «Dong-Eui» университетінде даярлықтан өткен жергілікті мамандар жұмыс істейді. Қазірдің өзінде кәсіпорында қостанайлық колледждердің 40 түлегі жұмыс істеп жатыр. Таяуда тағы 34 жас маман жұмысқа қабылданбақ. Тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік уни­верситетінің 12 түлегі Оңтүстік Кореяда оқып келді.

«Екі жыл ішінде өңірде 939 маман даярланды. Зауыттың кадр­лық стратегия­сы жергілікті мамандарға, олардың біліктілігін арттыруға бағдарланады. Жұмыс­шыларды жатын орынмен қам­тамасыз ету мәселесі де шешімін тапты», дейді облыс әкімі.

Бүгінде КІА зауытының іргесінде аумағы 30 мың шаршы метр болатын локализация орталығы салынып жатыр. Мұнда жылына көлік орындықтары, пайдаланылған газды шығару жүйесі, пластик панельдер сияқ­ты сан алуан автокомпонент өндірілмек. Кәсіпорын жылына 60 мың автобөлшек дайындайды.

Жол құрылысына, кірме жолдар мен инженерлік желілерге республикалық бюджеттен 11 млрд теңге бөлінген. Ұзындығы 5,2 шақырымдық теміржол тармағы жұмыс істеп тұр. Мамандар аталған 2 ірі өндіріс орны іске қосылған соң, өңірдің өңдеу өнеркәсібінің өсімі 46%-дан асып түседі дегенді айтады.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Кеше

Акция аясындағы ауқымды жұмыс

«Таза Қазақстан» • Кеше

Онлайн сайлау жүйесі

Ғалам ғажаптары • Кеше

Қан алатын робот

Ғалам ғажаптары • Кеше

Апаттан аман қалған балалар

Ғалам ғажаптары • Кеше

«Сарығыз» тазы көрмеге барады

Мәдениет • 01 Тамыз, 2025

Даңғыл көпір

Мереке • 01 Тамыз, 2025

Абай тойы басталды

Абай • 01 Тамыз, 2025