Жұмысшы мамандықтар жылы • Бүгін, 10:20

Ақжайықтың азаматтық секторы

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақында Орал қаласында үкіметтік емес ұйымдардың XII Азаматтық форумы өтті. Жиынға мемлекеттік мекеме өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысты.

Ақжайықтың азаматтық секторы

«Қоғам үні: еңбек адамы және аймақтық даму» атты жиында өңірдегі қоғамдық ұйымдардың жетістіктері қорытындыланып, алда тұрған өзекті мәселелерді шешу жолы талқыланған еді. Әсіресе азаматтық сектордың аймақ дамуындағы рөлі, мем­лекеттік құрылымдармен тиімді серіктестік орнату жолдары мен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру тәжірибесіне көңіл бөлінді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай­да сөйлеген сөзінде: «Азаматтық сектор реформаларды жүргізу және қоғамды дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың серіктестігі өзекті мәселелерді шешуге, жасампаз құндылықтарды дәріптеуге және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға ықпал етеді», деген еді. Осы бағыт форумда көтерілген мәселелермен толық үндесіп жатты.

Форумға Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева арнайы келіп, азаматтық қоғамды дамытудың тұжырымдамасын жасақтау және ҮЕҰ туралы заңнаманы жетілдіру туралы сөз сөйледі.

– Бұл жұмысты біз 3 жыл бұрын бастап едік. Жоба дайын­дап ұсындық. Биыл Ұлттық құрыл­тай мүшесі ретінде мен өзім осы мәселені көтердім. Өйт­кені бізге қазір үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жаңа­ша реттейтін заң ауадай қажет. Ерекше риза болғаным – Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл бастаманы қолдады, қазір үлкен жұмыс жүріп жатыр. Сон­дай-ақ мемлекеттік тапсырысты да реттейтін ереже керек. Өйткені бұл гранттар негізінен ҮЕҰ-ға арналған қаражат болатын, бірақ қазір әр жаққа кетіп жатыр. Бұл дұрыс емес, – дейді Бану Ғаниқызы.

Батыс Қазақстан облысында бүгінде 678 үкіметтік емес ұйым ресми тіркелген. Олардың шамамен 100 шақтысы белсенді қызмет етеді. Облыс аумағында сон­­дай-ақ 7 саяси партияның филиа­лы, 54 этномәдени бірлестік және 14 қоғамдық кеңес бар. Өңірдегі Азаматтық ресурстық орталық үкіметтік емес ұйымдарға қажетті кеңес беріп, әдістемелік көмек көрсетіп келеді. Кейінгі екі жылда орталықта 350-ден аса кеңес өткізілген екен. Биыл өңірлік ұйымдарға тәжірибе алмасу мақсатындағы «стади-турлар» ұйымдастыру жоспарланған. Кейінгі жылдары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі де айтарлықтай артыпты. Биыл мәселен әлеуметтік жобаларды іске асыруға 160 жоба енгізілген. Бұл бағытта 4 басқарма, Орал қаласы және 12 аудан әкімдігі белсенді қызмет істеп отыр.

Әрине, жиында осы саладағы кейбір олқылықтар да айтылды. Мәселен, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» атқарушы директоры Айболат Құрымбаевтың айтуынша, тарихи-өлкетану және туризм бағытында қызмет ететін қоғамдық ұйымдарды мемлекеттік қолдау өте төмен. Бұл саладағы ұйымдар әзірге тек өз күшіне сүйеніп күн кө­ріп жүр. Сондықтан болашақ­та заңнамалық құжаттарға өзгерістер енгізілсе, елдегі, өңірдегі туризм саласын дамытуға тың серпін келер еді дейді Айболат Шамұратұлы.

Осы жылдың атауына орай Азаматтық форумда жұмысшы мамандықтың мәртебесін көтеру жөнінде де біраз ұсыныс айтылды. Соның бірі – жұмысшыларды жоғары мемлекеттік наградаларға ұсыну, ынталандыру, оларды қоғамдық, азаматтық маңызы зор іс-шараларға оларды көптеп тарту. Және ең маңыздысы – жұмыс орнында оларға қолайлы жағдай жасау.

Осы тұста Батыс Қазақстан машина жасау компаниясының бөлісер жақсы тәжірибесі бар екен. Олар жұмысшыларды жатақханамен қамтамасыз етеді, сонымен қатар мекеме өз есебінен жұмысшыларды жас ерекшелігіне қарамай түрлі мамандыққа оқытып, жұмыспен де қамтиды. Ал «Орал таза сервис» мекемесінде кеңсе қызметкері қарамағындағы жұмысшыдан көп жалақы алмайды. Яғни табыс көзінің әділділігі сақталады.

– Форумда Оралдағы кол­ледж директорлары мемлекеттік грант арқылы білім алған маманды жолдама арқылы жұмысқа жіберіп, қызмет етуді міндеттеу қажет деген ұсыныс айтты. Өйткені мемлекет есебінен білім алған жас­тар ол мамандығын тастап, көп жағдайда басқа қызметке кетеді екен. Мектеп бітірушілер ара­сында да қабілетіне, сұранысқа мән берместен жоғары білімге ұмты­латындар көп. Кейін олар­дың көбі қызмет таба алмай қиналып қалады. Ал колледжде оқып, жақсы кәсіп игеріп, қомақ­ты табыс жасауға болатынын ескере бермейді. Жалпы, бұл форум өзім үшін өте пайдалы, жақсы кездесу болды. Өз тарапымнан заңға өзгеріс пен толықтырулар бойынша тиісті орындарға депутаттық сауал жолдаймын деп отырмын, – дейді кәсіпкер, Орал қалалық мәслихатының депутаты Нұргүл Ашықова.

 

Батыс Қазақстан облысы