Құтқарушы • 24 Шілде, 2025

Жетісуда жедел жәрдем қызметкерлері жеті жанды өрттен құтқарған

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев Ескелді ауданындағы өрт шыққан үйден 7 адамды құтқарған жедел жәрдем қызметкерлерін қабылдап, облыс әкімінің Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтарын табыстады. Кездесуге облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асқар Садықов қатысты. Арнайы қабылдауға аталған ауданның №6/6 жедел жәрдем бригадасы құрамындағы фельдшерлер Ғабит Ерғаж, Дамира Рахимова және жүргізуші Мұрат Сатеков келді, деп жазады Egemen.kz.

Жетісуда жедел жәрдем қызметкерлері жеті жанды өрттен құтқарған

Фото: Облыс әкімінің баспасөз қызметі

«Жеті адамды өрт шыққан үйден алып шыққан батылдықтарыңыз қандай құрметке де лайық. Сіздер жедел әрекет ету арқылы үлкен апатты жағдайдың алдын алып, тұтас бір отбасының өмірін сақтап қалдыңыздар. Бұл ерлікке тең іс деп білеміз. Сіздерді мақтан тұтамыз», деді облыс әкімінің орынбасары М.Көлбаев. 

Фельдшер Ғабит Ерғаж оқиғаны баяндап берді.

«Шақыртумен Жетісу ауылына барып, енді жұмысқа қайту үшін Қарабұлаққа қарай бұрылмақшы едік, жолдың Текеліге баратын оң жақ бағытында түтін шығып жатқандай болды, оны әуелі көлік жүргізушісі байқады. Сосын бұрылып, көрейік дедік. Сол жердегі оқшау бір үйдегі қарияның созылмалы сырқаты бар еді де, шақыртумен жиі баратынбыз. Расында сол үйден өрт шығып жатыр екен. Ұйықтап жатқан үй иелерін оятып, құжаттарын жылдам жинастырып, 7 адамды түгендеп үйден алып шықтық», дейді Ғ.Ерғаж. 

Ғабит Ерғаждың Жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеп жүргеніне 8 жыл толыпты. Ал Дамира Рахимованың Талдықорған медициналық колледжін тәмамдап, «Жастар практикасы» бағдарламасымен Жедел жәрдем станциясында тәжірибеден өтіп жүргеніне небәрі үш күн болған екен. Ал Мұрат Сатековтың Жедел жәрдем көлігін жүргізгеніне 16 жыл толған. Кездесуге қатысқан облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем көрсету станциясының директоры Савелий Пактың айтуынша, Жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері алғашқы медициналық көмек көрсету тұрғысында арнайы сертификат алғандықтан, толыққанды көмек көрсете алады.