
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қазына қаржысын игермеген аутсайдерлер тізімінде жолаушылар көлігі және автомобиль басқармасы, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы (1,9 млрд тг), энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасы (6,624 млрд тг) тұр. Экономика басқармасының талдауына қарағанда, қаржы игерілмеуінің негізгі себептері – республикалық бюджеттен аударылатын нысаналы трансферттердің кеш түсуі, мердігердің жұмысты мерзімінде аяқтамауы және атқарылған жұмыс актілерінің болмауы, тапсырыс беруші мен орындаушы арасында келісімшарт міндеттемелерінің уақтылы қабылданбауы, ағымдағы жұмыс төлемдерінің нақты көрсетілген қызмет түрлеріне ғана жүргізілуі.
2024 жылы жергілікті бюджетке 604,3 млрд теңге түсім түскен. Облыстық бюджеттің кірісі – 555,2 млрд теңге, шығысы – 616,8 млрд теңге. Былтыр бюджеттік бағдарламаларды іске асыруға 633,7 млрд теңге қаралса, соның ішінде облыстық бюджеттің 25%-ын құрайтын даму бюджеті 156,3 млрд теңгеге тең. Даму бюджеті аясында 94,8 млрд теңгеге 293 инвестициялық жоба іске асырылды. Осы көзден мектеп, балабақша, аурухана, жол, инженерлік-коммуникациялық желі, тұрғын үй құрылысы мен күрделі жөндеу, қоршаған ортаны қорғау іс-шаралары, спорт, мәдениет саласының іс-шаралары жоспарланады. Соған қарамастан, Даму бюджетіндегі 88 мақсатты индикатордың 15-і орындалмаған.
2024 жылы салық берешектері 2023 жылмен салыстырғанда 2,9 есе төмендеп, оң нәтиже көрсетті. Кірістердің ең жоғарғы үлесі – трансферттік түсімдер. Егер өткен жылы республикалық бюджеттен 388,8 млрд теңге (кірістің 72,1%-ы) трансферт түссе, биылға трансферт 318 млрд теңге деп жоспарланған.
Орындалмаған жобалардың көбі – уақытында салынбаған әлеуметтік нысандар, «сақалды құрылыстар». Әлеуметтік нысан құрылысы келесі жылдарға созылып кетсе, құрылыс материалдары ай сайын қымбаттап жатқан тұста, бұл да қосымша шығынға әкеледі. Бөлінген қаржы жетпеген соң қосымша қаржы көздерін іздеуге тура келеді. Сапасыз салынған үйлер, мезгілінде аяқталмаған нысандар үшін бас мердігермен бірге жобалаушылар мен сызбадағы идеяның орындалуын құрылыс алаңында тексеретін авторлық бақылаушылардан да қатаң сұраныс болуға тиіс. Алайда жобалаушылар нысанға бөлінген сомадан үлкен көлемде қаржы алып отырса да, жауапқа тартылмайды.
«Инвестициялық жобаларды жеткіліксіз қаржыландыру немесе бөлінген қаражатты кері қайтару деректері кездеседі. Мәселен, қаланың коммуналдық желілер құрылысы мен қайта жарақтандыруда осындай кемшілікке жол берілді. Негізі, мұндай жобаларды алдын ала жан-жақты талдау негізінде ғана қолға алу керек. Бізде талдау, алдын ала сараптау жағы кемшін», дейді депутат Боран Ізбасов.
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, бюджет қаржысын үнемдеу бойынша 30 млрд теңгеге жуық қаржы қысқартылса да, өңірдің стратегиялық дамуын айқындайтын – Даму бюджеті сол күйінде қалды.
«Әсіресе жолдарды жөндеуге қаржыны көбейттік. Соған қарамастан, кейбір бюджеттік бағдарламалар арасында тиімсіз жоспарлау жойылмай отыр. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында 8,653 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған. 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен бөлінген 3,5 млрд теңге жеңілдетілген несие қаражаты игерілмеген. 24 млрд теңгенің жобасы тиімсіз жоспарланып, 16 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған. Осы жағынан әр депутат бағдарламаларға бөлінетін қаржыны бекітер алдында терең талдау жүргізгені жөн. Мақсатсыз шығын болса қысқарту керек», дейді.
Аймақта қазына қаржысын игеруде осындай түйткілді мәселелер туындап жатыр. Жоғарғы аудиторлық палатаның қорытындысына сәйкес, Ақтөбе облысы бюджет қаржысын игеруге қатысты шектік 50 ұпайдың 46,5-ін алған.
Ақтөбе облысы