Бүгінге дейін тамаша дәстүрге айналған байқаудан талай талант тұсауын кесіп, өнер әлеміне қанат қақты. Сондықтан бұл фестивальдың орны бөлек.
Салтанатты іс-шараға Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов пен Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Биыл фестивальға 800-ден астам қатысушы келген. Олардың арасында әлемнің 9 елінен келген талантты жастар да бар. Қазақ ұлттық өнер университетінің ғылыми және шығармашылық жұмыстары жөніндегі проректоры Раушан Нұртаза бұл – байқау жас шығармашылық иелері үшін ең үлкен алаң екенін айтады.

Өнер бәйгесіне келген жастар 8 аталым бойынша бақ сынайды. Олар:академиялық ән айту, камералық музыка, фольклорлық музыка, бейнелеу өнері, поэзия және эстрадалық вокал. Қатысушылардың дені – хор, ансамбль және шығармашылық топ секілді ұжымдық құрамдар. Ал қазылар алқасы Қытай, Италия, Әзербайжан, Ресей және Өзбекстан елдерінен келген білікті маманнан құралған.
Мәдени іс-шараға сонау Қырғыз жерінен ат арытып келген қатысушының бірі – Урмат Сатыбалдиев. Ол әріптесімен бірге «Эстрадалық вокал» аталымында өнер көрсетеді. «Байқау туралы жақында естідім. Содан бірден жиналып, осында келдік. Бәрі де жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Көңілімнен шығып жатыр», деді ол.
Астананы әсем ән мен ғажап күйге бөлейтін өнер фестивалі бас шаһардағы бірнеше концерт алаңында өтеді. Байқаудың жабылу рәсімі мен гала-концерті 22 қарашада болады.
Азамат ҚҰСАЙЫН