Фото:
Қаралы жиын марқұмның Қосшыдағы үйінің ауласында өтті. Туыстары, әріптестері, көршілері мен достары жиналып, адамдарға көмектемей қоймайтын, әр кез мейірімін аямайтын сабырлы әрі жанашыр жанды соңғы сапарға ақтық құрметпен шығарып салды. Қаралы шеру алдында оның портретін қызметтік формадағы әріптестері көтеріп жүрсе, артынан азалы марш ойнаған оркестр ерді.
Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Ұлдананың қысқа ғұмыры жақсылық пен адамдарға деген жанашырлыққа толы болды. 2002 жылы Оңтүстік Қазақстанда туған ол медицина жолын ерте таңдаған. 2021 жылы «Даналық» медициналық колледжін үздік аяқтап, алдымен №5 қалалық емханада педиатрия бөлімінде жұмыс істеген. Кейін жедел жәрдем қызметіне ауысқан.
2025 жылдың 30 қыркүйегінде Ұлдана реабилитолог-дәрігер Әділет Зейнелге тұрмысқа шыққан. Жарының жүректі тебіренткен қоштасу сөздері әлеуметтік желіде көпшіліктің жанын тербетті.
«Шаңырағыма сән, тіршілігіме мән болдың... Маңдайыма сыймадың ба, періштем, сен менің мәңгі жүрегімдесің. Ешқандай медаль да, ешқандай сөз де менің жүрегімнің иесін маған қайтара алмайды. Үйіме нұр, құт және береке әкелген, Алла қосқан адал жарымның тілеуін тілеген бүкіл қазақ еліне алғысым шексіз. Осы уақытқа дейін Алладан жүрегімді аман алып қалуын сұрап, қасында болып, дұға еттім. Сабыр сақтап, бәрін сабырға салдым. Ендігі тілегім соттың әділ өтуі, тергеудің таза жүргізілуі. Құдай қосқан қосағымның жаны тыныш болуы үшін бұл істі соңына дейін жеткізуім керек. Жауаптылар жазасын алуы тиіс!», деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 8 қараша күні Астанада Тәуелсіздік даңғылы 24Б мекенжайындағы тоғыз қабатты үйдің қасбетінің кірпіштері құлап, бірнеше адам жараланған. Ұлдана бірінші болып жараланған бала мен оның туыстарына жүгірген сәтте үстіне құлаған кірпіш пен кондиционер бекітпесі жас маманды басып қалды.
Барлығы бес адам зардап шекті. Ауыр жарақат алған фельдшер 18 қарашада ауруханада көз жұмды. Оқиға бойынша тергеу жұмыстары басталды.
Сол күні, 18 қарашада, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды ерлігі мен өз ісіне адалдығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен наградтады. Астана әкімдігі оның отбасына жан-жақты көмек көрсетілетінін, материалдық қолдау мен барлық рәсім шығындары өтелетінін мәлімдеді.