Қоғам • Бүгін, 08:58

Ән әлемінің Әбілахаты

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл көрнекті композитор Әбілахат Еспаевтың туғанына 100 жыл толды. Осыған орай елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада айтулы тұлғаның ғасырлық мерейтойына арналған музыкалық кеш өтті.

Ән әлемінің Әбілахаты

Әбілахат Еспаев – қазақ ән өнерін жаңа биікке көтерген санаулы композитордың бірі. Ол 200-ден астам му­зыканың түрлі жанрына шығарма жазған. Айталық, оның «Маржан қыз», «Шофер келді қырманға», «Ұс­тазым менің, ұстазым», «Ақ сәуле», «Сағыныш екен бала кез», «Жайық қызы», атты әндерін ел әлі күнге дейін сүйіп тың­дайды.

Кеш барысында бірегей өнерпаздың өмірі мен шығар­машылығы туралы жылы есте­ліктер айтылды. Мәселен, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жоламан Тұрсынбаев тұлғаның өмір­бая­нындағы көпшілікке беймәлім деректерді әңгімеледі.

ап

«Біз ол кісіні «Ахат аға» деу­ші едік. Бірге қызмет істедік. Туын­дылары ел арасына кең тара­ған ондай композитор сирек. Бірақ солай болса да кеңес өкіметі оның өнерін мойындады деп айта алмаймын. Себебі бар. Әбілахат аға – Қостанай өңірінде туған. Ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің аталас туысы. Аштық жылдары анасы төрт баласымен қайтыс болады. Жалғыз Әбілахат қана тірі қалған. Ал әкесі Алаш қайраткерлері­мен жақын араласқандықтан қуғындалып, Жамбыл облысына қоныс аударған. Міне, осындай тағдырдың тауқыметін тартса да Ахат аға мойыған емес. Ол кісінің барлық әні елге бірден танылды. Біз бала күнімізде махаббат құпиясын «Әлі есімде» атты әні арқылы білдік», деді ол.

Ал белгілі композитор, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­кері Серік Еркімбеков майдангер композитор әсем әуезді әндер ғана емес, бірқатар сахналық қо­йылымдардың музыкасын жаз­ғанын жеткізді.

«Анығында, бұл – күрделі жұмыс. Соған қарамастан Қазақ ұлт аспаптары оркестрі мен симфониялық оркестрге арнап, тамаша туындылар жазды. Оның нәзік сезімді қозғайтын романс­тары да ерекше еді. Ол кісінің өнері өз уақытында бағаланбады. Алайда уақыт барлығына төреші. Қазір Әбілахат ағаның әндері елдің аузынан түспейді», деді Серік Жексембекұлы.

Кешке композитордың қыз­дары Гүлмира мен Гүлсім онлайн қатысып, әкесі туралы есте­ліктерімен бөлісті. К.Байсейіто­ва атындағы Қазақ Ұлттық өнер ­уни­верситетінің аға оқытушысы, өнер­тану ғылымдарының ма­гистрі Диля Дүйесінова өнер иесі­нің шы­ғармашылығына жан-жақ­ты тал­дау жасады. Сазгер Даму Орал­ғазыұлы мен танымал актер Сырым Қашқабаев талантты тұл­ғаның жүрекке жылы, сырлы ән­дерін сөз етті. Іс-шара соңын­да қонақтар Ұлттық ака­демия­лық кітапхана ұйым­дастырған «Ән әлемінің Әбіл­ахаты» атты көрмені тамашалады.