Әлем • Кеше

Қытай азаматтары үшін Үндістанның есігі қайта ашылды

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2025 жылдың 24 шілдесінен бастап Үндістан Қытай азаматтарына туристік визалар беруді қайта бастайды, деп хабарлайды Egemen.kz NDTV-ге сілтеме жасап.

Қытай азаматтары үшін Үндістанның есігі қайта ашылды

Фото: Ашық дереккөз

Естеріңізге сала кетейік, Үндістан 2020 жылы COVID-19 пандемиясына байланысты барлық туристік визалардың берілуін уақытша тоқтатқан болатын.

Үндістанның Бейжіңдегі елшілігі сәрсенбі күні хабарлағандай, Қытай азаматтары туристік виза алу үшін онлайн өтінім толтырып, қабылдауға жазылып және паспорттары мен қажетті құжаттарын Үндістанның Бейжің, Шанхай және Гуанчжоу қалаларындағы визалық орталықтарға жеке тапсыруы тиіс.

Соңғы жылдары Үндістан мен Қытай арасындағы саяхат шектеулі болды. Бұған алдымен коронавирус пандемиясы, кейін 2020 жылы Галван өзені маңында болған қақтығыстардан кейінгі дипломатиялық шиеленіс себеп болған.

Бірақ Бейжің Үндістан азаматтарына бизнес пен білім алу мақсатында визалар беруді біртіндеп қалпына келтіргенімен, туризм бағытындағы сапарлар әлі де шектеліп келген еді.

Өткен жылдың қазан айында Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қазан қаласында келіссөздер жүргізіп, екіжақты қатынасты жақсарту бойынша бірқатар шешімдер қабылдаған.