Үкімет • Бүгін, 14:49

Бірқатар әлеуметтік маңызы бар тауар бағасы өскен

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкіметте өткен жиында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биылғы қаңтар-мамыр айларында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрағанын баяндады. Азық-түлік өндірісі 10,5%-ға өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі Кешенді жоспары іске қосылып, 677 инвестициялық жоба, оның ішінде импортқа тәуелді тауарлар бойынша 289 жоба жүзеге асырылып жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Бірқатар әлеуметтік маңызы бар тауар бағасы өскен

Фото: primeminister.kz

Күнбағыс майы, сиыр еті, қой еті, картоп секілді әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаның өсуі байқалып отыр. Күнбағыс майы бойынша нақты шаралар қабылданып жатыр: 2024 жылы оның өндірісі 15%-ға ұлғайды, бұл – ішкі қажеттіліктен екі есе көп. Биылғы 6 айда өндіріс көлемі 388 мың тоннаны құраған, бұл – былтырғы сәйкес кезеңнен 21,3%-ға артық. Қаңтар-наурыз айларында 294 мың тонна май экспортталып, осылайша өткен жылмен салыстырғанда ол 41%-ға артқан. Қазір жалпы қуаттылығы 421 мың тонна болатын 5 ірі қайта өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр.

Жиын соңында Премьер-министр Олжас Бектенов инфляцияға қарсы саясат жүйелі әрі тиімді болуы тиіс екенін атап өтті. Қабылданған шаралар бойынша Үкімет пен Ұлттық банк келісе отырып іс-қимыл жасау керектігінің маңыздылығына баса назар аударылды.

«Инфляцияны төмендету міндеті өте маңызды және кешенді көзқарасты қажет етеді. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп қабылданған шараларды жүзеге асыруды жалғастыра бермек және мақсатты бағдарларға қол жеткізуге кезең-кезеңімен ұмтылатын болады», деп атап өтті Премьер-министр.