Жемқорлық • Бүгін, 17:19

Шымкент жастар театрының директоры бюджет қаржысын жымқырған

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «Шымкент жастар театры» МКҚК директоры мен өзге де лауазымды тұлғаларға қатысты 136 млн теңгеден астам көлемдегі бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтағанын хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Шымкент жастар театрының директоры бюджет қаржысын жымқырған

О баста мемлекеттік бюджеттен концерт өткізуге арналған жабдықтарды, яғни колонка, сабвуфер, сахналық ферма, күшейткіш, микрофон секілді бұйымдарды сатып алуға 320 млн теңге бөлінген болатын. Алайда күдікке ілінген театр басшылығы тендер талаптарын бұза отырып, лоттарды қолдан бөлшектеген. Сөйтіп 20-дан астам атау бойынша сатып алуды электронды дүкен арқылы жүргізген. Сосын жалған жеке кәсіпкерлермен келісімшарттар жасасып, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған. Жалған кәсіпкерлер электронды сауда алаңы арқылы жабдықты нақты жеткізбеген.

Күдіктілердің бірі қылмыстық жолмен тапқан ақшаға автокөлік пен пәтер сатып алған. Оның жалпы құны 48 млн теңгені құрады. Артынша мүлікті жасыру мақсатында оларды сенімді адамдардың атына рәсімдеген.

Бүгінгі таңда соттың санкциясымен сыбайластық жолмен алынған барлық мүлікке тыйым салынып,күдіктілер қамауға алынды.

Осы мекемеге мемлекет қазынасынан жалпы сомасы 320 млн теңге бөлінсе, театрдың тізгінін ұстаған күдіктілер соның 136 млн теңгесін қолды еткен. Алайда Шымкент қаласының әкімдігі бұл қылмыстық іс жастар театры құрылмай тұрып, «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы кезінде орын алғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда осы концерттік ұйым «Шымкент жастар театры» деп аталады.

Шымкент