Үкімет • Бүгін, 12:53

Үкімет Президент тапсырмаларына қатысты жария есеп берді

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президенттің тапсырмаларын орындау аясында Үкімет елдің транзиттік әлеуетін нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл – Қазақстанның Шығыс пен Батыс, сондай-ақ Орталық Азия мен Оңтүстік Азия арасындағы негізгі логистикалық хаб ретіндегі мәртебесін бекемдеуге бағытталған стратегиялық маңызды қадам, деп жазады Egemen.kz.

Үкімет Президент тапсырмаларына қатысты жария есеп берді

Фото: Үкімет, телеграм

Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан теміржолдарының өткізу қабілеті шегіне жеткен. Соңғы 5 жыл ішінде транзит көлемі жалпы алғанда 50%-ға артқан, ал Транскаспий бағыты бойынша 6 есе көбейген. Тек өткен жылдың өзінде Қытайдан Еуропаға жеткізу көлемі 62%-ға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жетті. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қытаймен шекарадағы өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Биыл Достық-Мойынты теміржол желісінің екінші жолдарын, Алматы айналма жолын пайдалануға береміз. Келесі жылы Дарбаза-Мақтарал бағытын дамытамыз. Мойынты-Қызылжар, Бақты-Аягөз – осы жобалардың барлығы алдағы уақытта еліміздің өткізу қабілетін 10 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – үлкен инвестицияны қажет ететін ауқымды жұмыс, бірақ біз бұған барамыз. Себебі, бізде бар бәсекелік артықшылықты жоғалтып алмауымыз керек», деді Премьер-министр.

Сондай-ақ, көлік процестерін цифрландыруға ерекше назар аударылып отыр. TEZ Customs платформасы негізінде Цифрлық сауда дәлізін енгізу транзиттік декларацияларды автоматты түрде тіркеу және рәсімдеу уақытын 3 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартады. Бұл транзиттік ағындардың жеделдігі мен тиімділігіне оң әсерін тигізіп отыр.