Тағзым • Бүгін, 08:00

Қадыр Мырза Әлі және халық театрлары

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арнап Жымпиты ауылында халық театрлары арасындағы аймақтық фестиваль өтті.

Қадыр Мырза Әлі және халық театрлары

Фестивальға Батыс Қазақстан облысының аудандарынан бөлек, Маңғыстау мен Атырау облыстарынан да халық театры ұжымдары арнайы келді. Өнер сайы­сына қатысушы ұжымдарға тарихи топырақта ерекше құрмет көрсетілді. Қонақтар Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейін аралап, ел мен жердің тарихымен жақын таныс­ты. Әсіресе Қадыр ақынның бала күнгі мекені, өлеңге алғаш елеңдеген шағы тура­лы тың деректермен танысып, өмірі мен өнеріне қатысты мәліметке қанық­ты. Аудан ор­талығындағы Қадыр ескерт­кішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

– Бүгін Қадыр ағамыздың әні композицияға, сөзі қойылымға айналып, сахна төрінде сөйлейді. Қазақ бар жерде – Қадыр бар. Қадыр бар жерде – қазақтың рухы бар. Сіздердің жасап жатқан еңбектеріңіз – ұлт руханиятына қосқан шынайы үлес, – деді мей­мандарды қарсы алған Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов.

Өнер сайысына барлығы 11 ұжым – халық театрлары қатысты. Олар Жым­­­питы сахнасында өнер көрсетіп, халыққа рухани демалыс сыйлады. Өне­рін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» орденінің иегері Сер­деш Қажымұратов бастаған қазылар ал­қасы бағалап отырды.

Фестиваль нәтижесінде, Тасқала ауда­нының халық театры бас жүлдеге ие болды. І орынға – Сырым ауданы Бұлан ауылының халық театры, ІІ орынға – Теректі ауданының «Дат» халық театры, ІІІ орынға – Қазталов ауданы, Жал­пақтал ауылының М.Ғұмаров атындағы халық театры лайық деп танылды.

– Халық театры ұжымдары Қадыр ақынның шығармалары бойынша шағын сюжетті өздері құрастырып, композиция түрінде көрерменге ұсынды. Ақын өлеңдері, ақынның сөзіне шығарылған әндер барынша пайдаланылды. 20-25 минуттық қойылымға барынша дайын­далып, арнайы декорация құрып, жаңа форматтың мәнін түсініп келген ұжымдар да болды. Қазылар алқасына барлық ұжымның өнерін бір күн ішінде көріп, бағалап беру оңай болмады, – дейді Сердеш Қажымұратов.

 

Батыс Қазақстан облысы