Спорт • Бүгін, 16:20

Тағылымға толы турнир

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында Алаш ардақтысы Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған дәстүрлі XIV бильярд турнирін өткізді.Ұйымдастырылған іс-шараның деңгейі мен ауқымы артып келді.Биыл 14-ші мәрте өткен турнирге қырықтан аса БАҚ өкілдері мен зиялы қауым қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Тағылымға толы турнир

Ақпарат саласының майталмандары жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсетіп, мерекені әсерлі атап өтті. Елге есімі елеулі ел ағалары – көрнекті жазушылар Қойшығара Салғараұлы мен Төлен Әбдік, Aқселеу ағаның рухани інілері- министр Ғани Бейсембаев пен Сенатор Нұртөре Жүсіп бастаған зиялы қауым өкілдері тұғырлы тұлға туралы естеліктерімен бөлісті.

   «Бүгін мен дәл осы жерге министр ретінде емес, Ақселеу Сланұлы Сейдімбектің шәкірті әрі рухани інісі ретінде келіп отырмын.Осыдан бес жыл бұрын осы жарысқа келгенде көрнекті ақынымыз Несіпбек Айтұлы қолына кий ұстап, тастаяқ ойнап жүр еді. Көрген бойда құшағына алып, «Ғани, айналайын, аман бол.Көргеніме қуаныштымын!» дегені әлі күнге есімде. Ол кісі де өмірден өтіп кетті, қазір Ақселеу ұстазыммен бірге сол ағамызды да еске алып отырмын.

Біз жақсыларымызды осылай еске алып, іздеп жүретін болсақ, ол да ата-бабалардан қалған ұлттың үлкен бір құндылығы деп білемін.Сондықтан өмірден өткен ағаларымызды іздеп жүргенге не жетсін?! Мен де бүгін Ақселеу ағамды іздеп келіп отырмын, өзі өмірден өтсе де осындай шараның жалғасын тауып жатқаны қуантады.Ағамен алғаш танысқанда мен 27-28 жаста болатынмын.Басымды сипап, көкіректен қақпады, қайта ағаларымыздың керемет қасиеті ешқандай атағы жоқ, биікке жетпеген жастарды қасына ертіп алып жүре беретін. Сол рухтандыру осындай дәрежеге жетуіме үлес қосқан шығар деп ойлаймын.Мен де сол ағалар сияқты жастардың маңдайынан сүйіп, арқасынан қаққым келіп тұрады.Бұл ағадан көрген тәлім мен тағылым дер едім.

Сондай-ақ күні кеше ғана Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлымен ақылдасып, оқу-ағарту министрлігімен бірлесе отырып, осы биыл Ақаңның артында қалдырған мұраларын зерттеп-зерделеуге байланысты жұмыстарды бастап кеттік. Ақаңның әндері мен шығармалары, журналистикадағы еңбектеріне ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, республикалық байқау-конкурстар өткізуді жоспарлап отырмыз.Рухы шат болсын, ағамыздың»,-деп түйді сөзін министр.

Нұртөре Жүсіп ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген қазақта мақал бар, соны айғақтайтын турнирге айналды. Бұл журналистердің ой-пікір алаңына, бас қосып, елдің ертеңіне қатысты, бүгініне қатысты мәселелерді талқылауға, ойнай жүріп ойласуға арналған жақсы бір турнир деп айтуға болады.

Қайрат Сақ, ЕҰУ Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры:

- Биылғы ерекшелік жастар мен ақсақалдарымыз бірігіп, бір столдың басында әңгімелерін айтып жүріп ойнасын деп, бөлмей-жармай бір топқа біріктіріп өткіздік турнирді. Тек қана ақсақалдарымызда реніш болмауы үшін ол кісілерге жеңілдік жасадық. 40 жасқа дейінгілер 40-60 жастағыларға бір шар, ал 60 жастан асқандарға 2 шар жеңілдік береді деп шештік.

Бұл дәстүрлі турнир журналистер арасында кең танылған. Турнирдің әңгімесі, өнегесі жыл бойы айтылып, кең тараларына еш күмәніміз жоқ.

Сонымен, журналистика жолбасшылары, қаламгерлер, медиа-менеджерлер мен жас журналистер жарыс көрігін қыздырды. Турнир қорытындысында белгілі айтыскер ақын, АЛЖИР мұражайының директоры Дәулеткерей Кәпұлы І орынды, журналист, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің аппарат басшысы Нұрділда Ораз ІІ орынды, ал ІІІ орынды ақын Ұларбек Нұрғалымұлы иеленді.

Турнир ұйымдастырушылар биыл белгілі қаламгерлер атындағы жүлделер тағайындады. Оралхан Бөкей атындағы жүлде Сәдібек Түгелге; Кәрібай Ахметбеков атындағы жүлде Кәрімбек Құрманалиевке; Ақселеу Сейдімбек атындағы жүлде Нұртөре Жүсіпке; Серік Әбдірайымұлы атындағы жүлде Дархан Мыңбайға; Қуанышбай Құрманғалиев атындағы жүлде Қойшыбай Есентаевқа берілді.

Одан бөлек «Ең сыйлы бильярдшы» жүлдесін Қойшығара Салғараұлы, «Ең мәдениетті бильярдшы» жүлдесін Төлен Әбдік, «Ең шебер бильярдшы» жүлдесін Алтынбек Нұқұлы, «Ең мерген бильярдшы» жүлдесін Әлімжан Сабыржанұлы, «Ең шапшаң бильярдшы» жүлдесін Шархан Қазығұлов, «Техникасы мықты тастаяқшы» жүлдесін Марат Манасбаев, «Ешкімнің көңілін жықпаған бильярдшы» жүлдесін Қайрат Мұсақұлов алды.

Жалпы, іс-шараға қатысушылар тек шар қуалап қана қоймай, ойлы сөздер тарқатылған, ұлттық құндылықтар ұлықталған, тағылымға толы турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырған Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовқа, Журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантаев пен алаштанушы ғалым, ЕҰУ Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры Қайрат Саққа және қаржылай қолдау көрсеткен ЕҰУ Кәсіподақ комитетінің төрағасы Бәкежан Сейдешеке, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Әбдірайымға, Ақселеу ағаның інісі Асылхан мен ұлы Ернарға алғыстарын айтып тарқасты.