
Суретті түсірген – Мәди ҒҰБАЙДУЛЛИН
Жоспардың бірінші бағытында экологиялық ойлау, мінез-құлық, оның ішінде экологиялық жауапты мінез-құлықты ынталандыру, көтермелеу шаралары қамтылған. Экологиялық құқық бұзушылықты тіркеуге арналған камералар санын көбейту мақсатында 2025 жылы жергілікті бюджет есебінен 300 бейнебақылау камерасын сатып алуға 571 млн теңге қаржы бөлінген. Айта кетейік, былтыр 100 бейнебақылау камерасы сатып алынып, Орал қаласына орнатылған еді. Бейнебақылау жүйесі облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған.
Өңірде жасыл желек отырғызу, оларға күтім жасау жұмысы да басты назарда. 2025 жылы облыстың елді мекендерінде 238,2 мың түп ағаш егу жоспарланған еді. Осы көктемде 150,9 мың ағаш отырғызылды. Қалған 87,3 мың көшет алдағы күз айларында егіледі. 2024 жылы 116,9 мың дана ағаш егілген еді. Бұл көк желек былтырғыдан екі есе көп егіледі деген сөз.
Әрине, егілген көшеттің тамыр тартып, жерсініп кетуіне жүйелі күтім, жеткілікті су керек. Қазір өңірде су үнемдейтін технология жаппай енгізіліп жатыр. Соның нәтижесінде биыл су үнемдеу технологиялары арқылы суарылатын алқап көлемін 13 700 гектарға жеткізу жоспарланған.
Тазалық сақтаудың бір жолы, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың ең басты қағидасы – қалдықты өңдеу, қоқысты сұрыптау, қалдықсыз технологияға жету. Бұл еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін сақтауға тиіс, түсінуі қажет қағида. Қазір Орал қаласы аумағында, халық көп жиналатын орындарда қайталама шикізат қабылдауды ұйымдастыру жөніндегі 3 заманауи қабылдау пункті ашылды.
Экологиялық тазалық сақтау қалаға да, далаға да ортақ мәселе. Қоршаған ортаның тазалығы қолайлы жағдай қалыптастырады. Осы мақсатта ұйымдастырылған облыстық «Үлгілі ауыл» байқауында Тасқала ауданының Мерей ауылы жеңімпаз атанған еді. Бұл ауылдың үздік жетістіктері республикалық байқауға жолданды.
Жоспардың екінші бағыты – өскелең ұрпаққа экологиялық білім беру мәселесі. Бұл тәрбие балабақша мен мектептен басталуы керек. Қазір өңірде «Мекенім – жасыл елім», «Таза табиғат», «Біз экологияға жауаптымыз», «Менің аулам – менің бағым» атты байқаулар мен акциялар жүзеге асырылып жатыр. Бұл шараларға оқушылар белсене қатысады. 2022–2023 оқу жылынан бастап барлық мектепте «Жаһандық құзыреттер» курсы қолға алынған болатын. 5-11 сыныптар аралығындағы 10104 оқушы «Экологиялық мәдениет» сабағын оқып жүр. Биыл осындай экологиялық сағаттарға 52 мыңнан астам оқушы қатысты.
Экологиялық мәдениетті дамыту жоспарының үшінші бағыты – ағарту жұмыстарын барынша жүргізіп, атқарылған іс-шараларды жалпыға жариялап отыру. Өңірде өткен экологиялық акциялар туралы облыстық баспасөз бетінде 131 мақала, жергілікті телеарналарда 72 сюжет, әлеуметтік желілерде 6000-нан астам жазба, интернет ресурстарда 160 материал жарияланған екен. Экология тақырыбына 75 бейнеролик дайындалып, LED-экрандарда 24/7 режімінде көрсетіліп жатыр. Облыс көлемінде 35 билборд орнатылған.
Қай істің де көрігін қыздырып, жан бітіріп жіберетін – жастар. Облыс аумағында өтіп жатқан «Біз таза ел үшін», «Жасыл аймақ», «Таза өлке», «Киелі мекен», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» секілді экологиялық акцияларға осы кезге дейін 7500-ден астам белсенді жастар қатысты. Эколог күні аясында облыстың елді мекендерін абаттандыру бойынша өткізілген акцияға 4 мыңнан астам тұрғын қатысып, 120,6 тонна қоқыс жиналды. Мерекелік іс-шаралар, концерттер, эковолонтерлер мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік органдардың өкілдерін марапаттау ұйымдастырылды. Алдағы уақытта «Таза жағалау», «Таза орман» экологиялық акциялары жалғасады.
2024 жылы облыс орталығы мен аудандардағы абаттандыру жұмысына республикалық, жергілікті бюджеттен 3,8 млрд теңге бөлініп, 28 жоба іске асқан еді. Биыл осындай 37 жоба қолға алынып, оны жүзеге асыруға 2,6 млрд теңге қарастырылып отыр. Соның ішінде қалаға бірыңғай келбет беруге бағытталған көппәтерлі тұрғын үйлердің сыртқы қабырғаларын, шатырларын реконструкциялау, аулалар мен тынымбақтарды абаттандыру, арықтар салу, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған алаңдарды қоршау жұмыстары да бар.
Жалпы, акция аясында санитарлық тазалау, абаттандыру науқаны 29 наурыздан басталды. Оған өңірде 91 мыңнан астам тұрғын, 4 мыңнан астам мекеме-кәсіпорын қатысып, 134 мыңнан астам әртүрлі ағаш көшеті отырғызылды. Осы кезге дейін 26 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Батыс Қазақстан облысы