
Жүк тасымалы көлемінің артуы — стратегиялық өсім кепілі
2025 жылдың алғашқы айларында Қазақстан экономикасы 6%-ға өсті — бұл соңғы 12 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұл өсімге өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік-логистика салалары үлес қосты. Үкімет халықаралық сауда мен логистиканы ұзақмерзімді әрі тұрақты дамудың негізгі тірегі ретінде қарастырады.
2024 жылы Қазақстан аумағы арқылы транзиттік жүк тасымалы 7,1%-ға артып, 34,6 млн тоннаны құрады. Оның ішінде 27,5 млн тоннасы темір жол арқылы, 6,7 млн тоннасы автокөлікпен тасымалданған. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 100 млн тоннаға жетеді деп болжануда. Өсімге ықпал еткен негізгі фактор — Қытаймен жасалған келісім. Ол бойынша 2029 жылға дейін контейнерлік пойыздар саны жылына 600-ден 3000-ға дейін ұлғайтылады.
Қазақстан 13 халықаралық көлік дәлізінің түйіскен нүктесінде орналасқан, олар Қытайды, Еуропаны, Ресейді, Каспий аймағын, Парсы шығанағын және Оңтүстік Азияны байланыстырады. Негізгі бағыттарға TRACECA, «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі және Транскаспий халықаралық көлік бағыты (Орта дәліз) жатады. Бұл бағыт Азия мен Еуропа арасындағы балама әрі сенімді сауда жолына айналып келеді.
Инфрақұрылымды жаңғырту — басты назарда
2025 жылы Қазақстанда 13 000 шақырым автожол мен 6 100 шақырым темір жолды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта алты әуежайдың құрылысы мен жаңғырту жобалары жүзеге асырылып, екі ірі теңіз жобасы қолға алынған.
Темір жол саласында Қытай және Өзбекстанмен байланысты нығайтуға бағытталған, жалпы құны 2,3 трлн теңгені құрайтын бес ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. 2029 жылға қарай 11 000 шақырым темір жол жаңғыртылады деп жоспарланған. Бұл бастамалар Хоргос, Алматы және Астанадан Ақтау портына дейінгі транзиттік арақашықтықты қысқартуға, сондай-ақ «Солтүстік» және «Орта дәліз» бағыттарын дамытуға жол ашады.
Автожол саласында 9 000 шақырым жолды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Соның ішінде 1 083 шақырым жол қайта жөнделуде. Биыл 847 шақырым жолды толық аяқтау көзделіп отыр. Ерекше маңызға ие жобаның бірі — «Орталық – Батыс» автожолы. Ол Астана мен Ақтау арасындағы қашықтықты 889 шақырымға қысқартып, экспорттық логистика тиімділігін арттырады.
Азаматтық авиация және теңіз көлігі де серпін алуда
Қазақстан азаматтық авиация желісін де кеңейтіп келеді. Үш жаңа әуежайдың құрылысы жүріп, бірнеше қолданыстағы әуежайлар жаңартылуда. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, алты отандық әуе компаниясы 57 бағыт бойынша аптасына 669 рейс орындайды. Қазақстан 31 елмен 119 халықаралық әуе бағыты арқылы байланыс орнатқан. 2025 жылы жаңа бағыттар (Рим, Мюнхен, Будапешт, Шанхай, Гуанчжоу, Пусан), ал 2026 жылы АҚШ-қа тікелей рейстер ашылады.
2029 жылға қарай Қазақстан жыл сайын 65 миллион жолаушыға және 500 мың тонна әуе жүгіне қызмет көрсетуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар үш ұшақтан тұратын жаңа жеке жүк әуе компаниясы іске қосылды.
Теңіз көлігі саласында Ақтау портында тереңдету жұмыстары басталады. Сауда флоты 17 жаңа кемемен (оның ішінде 4 пароммен) толықтырылмақ. Жақында Құрық портында 1 млн тонна астықты өңдеуге қауқарлы терминал іске қосылды. Бұдан бөлек, жылдық қуаты 11 млн тоннаға дейін жететін Саржа көпфункционалды терминалының құрылысы басталды.
2025 жылдың маусым айында Ақтау портында контейнерлік хаб ашылып, оның өткізу мүмкіндігі 240 000 TEU деңгейіне жетті. Сонымен қатар Грузияның Поти портында жаңа қазақстандық терминал іске қосылды. Қазақстан Сиань мен Ляньюньган (Қытай), Селетино (Ресей), Ташкент, Алят (Әзербайжан) және Венгриядағы терминалдар желісін кеңейтіп, Шығыс – Батыс сауда бағыты бойында өз позициясын нығайтуда.
Аймақтық әріптестік пен жаһандық интеграция
Қазақстан Астана халықаралық қаржы орталығының (AIFC) платформасы арқылы трансшекаралық серіктестікті дамытып отыр. AIFC қолдауымен бірқатар стратегиялық бірлескен кәсіпорындар құрылды, олардың қатарында:
-
Middle Corridor Multimodal Ltd. (Қазақстан, Әзербайжан, Грузия),
-
Caspian Integrated Maritime Solutions (Қазақстан, БАӘ),
-
KPMC Ltd. (Қазақстан, Сингапур),
-
SK-AIH Investment Fund Ltd. (Қазақстан, Әзербайжан) бар.
Бұл серіктестіктер Орта дәліз бойында мультимодальды логистиканы, шетелдік инвестиция тартуды және өңірлік байланыстарды дамытуға бағытталған үйлесімді күш-жігерді көрсетеді.
Аймақтық көшбасшы – жаһандық мақсаттармен
Инвестициялар сауда ағындарын жеделдетіп, өңірдегі транзиттік әлеуетті арттыру арқылы жоғары қайтарым береді деп күтілуде. Жалпы ішкі өнімі 400 млрд АҚШ долларынан асатын, халқы 80 миллионнан көп Орталық Азия барған сайын ықпалды экономикалық блокқа айналуда. Қазақстанның көлік, цифрландыру және инфрақұрылым салаларындағы көшбасшылығы осы трансформацияның өзегіне айналып отыр.
2022 жылдан кейінгі жаһандық жеткізу тізбегінің қайта құрылуы нәтижесінде, Қазақстан Еуразиядағы негізгі көлік торабына айналды. Азия мен Еуропаның қиылысындағы стратегиялық орналасуы елдің инфрақұрылым, логистика және халықаралық байланыс салаларындағы өңірлік көшбасшы ретіндегі орнын айқындай түсуде.
Глобализация үдерісіне сай, Қазақстанның интеграцияланған көлік жүйесі — құрлық, теңіз және әуе маршруттарын қамтитын — болашақ логистика құрылымын айқындауға шешуші үлес қосып отыр.